Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

«Біз қазақ деген… елміз!»

     Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан білім беру саласының Құрметті қызметкері, А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» төсбелгісінің иегері, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2012» атақтары бар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-мәдени ғылыми-зерттеу институтының директоры Зарқын Тайшыбаймен арнайы тілдесіп, бабамыздың 350 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше сұрақ қойған едік.

Зақа, қаламыңызға бас білдірген Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газеті еді. Одан кейін құлашыңызды кең сермеген осы «Орталық Қазақстан» болатын. Өткен ғасырдың сонау 70-80 жылдары арбаның алдыңғы доңғалағы Сіз, біз – бірталай жастар соңғы доңғалақ едік. Жастықпен лепіріп жүрдік, жапырып жаздық. Артық-кемімізді түзеп отыр­дыңыз. «Орталықта» «шайқас» жиі болатын. Мәселеміз Мәскеуге КПСС Орталық Комитетіне дейін жетіп жүрді. Таймадыңыз, жеңілетініңізді біле тұра табандап тұрып айқастыңыз. Сапиолла Аңсаров ағамыз­дың Сіз жұмыссыз қалғанда «Қап, үпір-шүпір сегіз баласын енді қалай асырайды? Отқа салып обал жасадым-ау», деп бармағын шайнағанын көрген едім. Сонда Қаздауысты Қазыбек бабамызға сиынған боларсыз. Сізді Қаздауысты Қазыбектің ұрпағы дейміз. Шежірешілер бабаға қатысыңыз жоқ дейді…

Атағы жақсыға жармасатын көп қазақтың біріміз. Біз үшін Қаздауысты Қазыбек бабамыз – сыйынатын піріміз. Асылы, ойдан образ жасап алып, атын атап, түсін түстемей, көзді жұмып табынғаннан гөрі, кім екенін, қайдан, қашан пайда болғанын білетін, өзің жыға танитын Әулиеге табынған дұрыс-ау. Міне, сондай аса қасиетті әрі қалың қазаққа үш ғасырдан бері танымал есім иесі Қазыбек бабамыз. Қазақта би де, батыр да аз емес, соның ішінде Бабамның еңсесі биік екеніне тарих куә. Жә, енді Қазыбек бабамыздың ата жөнінен бірер мағлұмат берсем артық болмас.

Арғын атаның Мейрамсопы деген ұлынан Қаракесек, оның азан шақырып қойған аты Болатқожа еді. Одан Ақша мен Түйте болып келсе керек. Ақшасынан – Бошан. Бошаннан бесеу: Байбөрі, Таз, Машай, Жанту және Манат. Осындағы Таздан: Наманай мен Бұлбұл. Біздің аталарымыз осы Бұлбұлдан өрбиді.

Бұлбұлдың бәйбішесі Қаракемпір. Әйгілі ақын, Бұлбұлдың тоқалы Құбакемпірден бес ұл: Алдияр, Күшік, Шаншар, Үсен, Құдайберлі дедік. Осылардың Үсенінен мына мен – Зарқын Тайшыбай, Құдайберліден. тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әу­бәкіров… Осымен тоқтайын да, Шаншар атамызды жеке таратып, Қаздауысты Қазыбек бабамызға қарай жетелейін.

Алдымен, Шаншардың өзі кім? Орта жүздің Шаншар абызы Еңсегей бойлы ер Есім аталған (Есмұхаммет Шығайұлы) ханның ақылшы биі, бас уәзірі болса керек. Тарихтан мәлім, 1627 жылы Ташкенттегі «Қатағанның хан Тұрсыны» аталған Тұрсын хан мен оның жақын туысы Түркістанның Есім ханы арасында қырғын соғыс болып, Тұрсын қаза болады, жасақтарының беті қайтады. Бұл – тарихи дәлелі бар, жазба дерекпен бекітілген ғылыми түсінік.

Ал, аңызы не дейді: Соғыс сауғасыз болмайды, таңдау жеңген тараптікі. Сол жолы Есім ханның бас уәзірі деседі, әлде беделді билерінің бірі – Шаншар бабамыз Тұрсын ханның Айбике, Нұрбике, Қызданбике деген қыздарын олжаласа керек. Ертедегі әңгіме ғой, қасында болмаған соң, артық-кемі болса, естіген құлақта жазық жоқ. Шаншар абыз Айбике мен Нұрбикені иемденіп, отау көтереді. Осы екі анамыздан тараған ұрпаққа береке қонып, осы күнге дейін екі рулы ел өсіп-өнді, орыс билігі заманында да ортан қолдай екі болыс – Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар атанып, Орталық Қазақстандағы Қар­қаралы-Қу өңірінде жалғасып келеді. Және, бәрімізді «шаншарлар» деп атайды, «Шаншардың қулары» дегенді көзіқарақты барша қазақ біледі.

Қазыбек бабамыз Шаншар абыздың Келдібек деген ұлынан туады. Қазыбектен Бекболат би, одан Тіленші би, одан Алшынбай би, одан Жүсіп мырза…Бәпи де осы қатарда. Жүсіптің қызы Ділдә апамыз алты Алаштың Абайының бәйбішесі, Бәпиден атақты Мәди («Cұрасаң руымды Қаракесек!») батыр. Міне, жедел шолып, келте қайырсақ, Қазыбек бидің асыл тегі мен ұрпақтары осындай.

Абайдың нағашылары, оның ішінде күйші Тәттімбет Қазанғапұлы десеңіз, көпке мәлім, осы Нұрбике-Шаншарлар…әйгілі тіл өнерінің туын ұстаушылар, тауып айтқыштар. Бұл тарапты Қантай-Тонтайдан бастап Мұхтар Әуезов әдемі әңгімелейді, заманында әйгілі сауықкеш Қалибек Қуанышбаевтың кейіпкерлері, әзіл-сықақтың ордасы.

Осыдан бес жыл бұрын, әлі есімде, ауызекі бір әңгімеде: «Абай мен Қазыбекті, Қазыбек пен Абайды қиыстыру әрі оңай, әрі қиын. Оңайы – Абайдың арғы нағашысы әрі қайын жұрты Қазыбек. Қиыны – Абай жазып қалдырған мұраларда Қазыбек есімі аталмайды» дедіңіз. Жер тар, уақыт қысқа болды да, таратып сұрай алмай қалдым. Шынында, Абай на­ға­шысы Қазыбек би жайлы неге қалам тартпады екен?

Қазақтың тарихы мен әдебиетінде тап-тұйнақтай болмаған, бас-аяғы бүтінделмеген шаруамыз көп қой. Ал, Абай шығармашылығына келетін болсақ, ақын ретінде таңдаған тақырыбы, алдына қойған мақсаты – ерекше. Абай, алдымен, реалист. Ауыз әдебиетін, ата тарихын жатсынды дей алмаймыз. Тіпті, бірді-екілі дастандарының өзі нақты деректерге құрылған, тәрбиелік мазмұнда, шәкірттеріне қазақ тарихынан та­қырып беріп, дастан жаздырған. Біздің қолымызға түспегендері қаншама. Қара сөздерінде «бұрынғының адамдары намысшыл келеді екен, досымен достаса, жауымен жауласа біледі екен, сөзге, сертке берік болады екен…» деп келеді де, қысқа қайырып отырады. Соған қарап, Қазыбек би сияқты асыл тұлғаны білмеді деуге де келмейді. Абайдың тұңғышы және ақын шәкірті Ақылбай айтқан «Нағашым – Ер Қазыбек әулие өткен…» деп басталатын шумақтардың өзі-ақ көңілге медет қой.

Ғалым ретінде бабамыздың мұрағаттағы деректерін ашып, Абылай заманын зерттедіңіз. Бабамыздың есімі мен ісіне қатысты тың дерек бар ма? Қандай шындықтың беті ашылды?

Қазақтың ХVIII ғасырындағы тарихта бабамыз туралы жазба деректер баршылық. Ана бір жылы тарихшы Мәмбет Қойгелді Қазыбек бидің орыс әкімшілігіне жазған екі хатын тапты. Жамбыл Артықбаев деген оқымысты «Қаздауысты Қазыбек» деген кітап жазып, бастырды. Онда құнды деректер аз емес. Болатбек Нәсенов деген зерттеуші талпынып, мұрағаттан бабамызға байланысты деректер жинауда. Қазір Мәжілістің депутаты, оқымысты бауырымыз Нұр­­лан Орынбасарұлы Дулатбек ав­­торлардың басын қосып, өз қаража­тына арнайы энциклопедия шығарды. Осындай ғылыми ізденіс­тер ба­бамыздың халық жадында алған орнын нақтылап, ғылым жүзінде бекіте түседі. Яғни, ол аңыз-әңгіме кейіпкері ғана емес, ғұлама көсем, өз заманының ірі қайраткері екендігіне көз жеткізеді.

Бір ғажабы, сол Кеңес заманының өзінде Қазыбек бидің атағы мен абыройына қылау түскен жоқ. Айтыпты дегендері жиналып, кітапқа шығып, өнегелі аталы сөздің асыл мәйегі ретінде халық жадында сақталды. Ғылым академиясының өкілі Балтабай Адамбаев деген зерттеуші Қу бауырындағы біздің ауылға келіңкіреп, ұрпақтарынан көп әңгіме жазып әкететін. Елде Баймағамбеттің Жәкеші деген ғұлама болды. Ақпа шешен, жады қуаты ерекше күшті қария еді. Бабамыз айтыпты деген сөздерді тақта-тақтасымен төгіп отыратын. Бабаңның тікелей ұрпағы, осы заманғы дүния ғылымына жетік, кемеңгер ұстаз Зейнел Боранбайұлы, тарихшы профессор Қаби Есімов, ауыл мұғалімі Ахмедия Ығыбасұлы деген зерттеушілер жинады. Оған да шүкір.

Менің білетінім – Қазыбек бабамыз қиын-қыстау кезеңдерден аман қалған қазақтың қазақ болып, ел қатарлы ұлт болып ұйысуына, қажет десеңіз, қазір тәубе қылып отырған Тәуелсіздігімізге аса бағалы еңбек сіңірген зор қайраткер.

Жаңалық, жазба дерек дегенге келсек, мен өз тарапымнан байқаған бір шаруаны айтайын. Елдігімізге сын деңіз, таптық көзқарас тұрғысындағы қоғамдық қатынастарға құрылған мемлекеттік саясат деңіз, тіпті, ең өкініштісі кейінгі ширек ғасырлық Тәу­елсіз жағдайымызда да, Қаздауысты Қазыбекті арнайы зерттеген адам жоқ-ау. Солардың бірі – мына мен. Тіпті, анау Жамбыл, немесе оған жетеғабыл тарихшылар Келдібекұлы Қазыбек туралы айтса, жазса – бәрі жол-жөнекей, кездейсоқ кездесіп қалған деректер дер едім. Осынша күйзелуімнің мәнісі неде? Зерттеу, ғылыми жұмыстар деген нәрселер тегін жасалмайды. Оған арнайы бағдарламамен көп уақыт, күш жұмсау қажеттігін мен айтпасам да білесіз. Қазыбек бабамызды нақты зерттеу үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. Бабамыз туралы тебірене толғау бір басқа, қаражат бөліп, іздену басты шаруа. Міне, осы жағы болған жоқ. Сондықтан, осынау 350 жылдық мереке, оны жан сала қолдап, ерекше маңыз беріп отырған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошанов мырзаның бастамасы Қазыбектанудың басы деп ойлаймын.

Өзіңіз Абылай ханды зерттедіңіз, Қазыбек тақырыбы да одан алыс емес-ау.

Дұрыс айтасыз, «Қазақстанды тұрақты дамытудың негізі ретінде ұлттық идеяны қалыптастыру аясында абылайтанудың тарихнамалық және тарихи проблемалары» деп ұсынған тақырыбым Ұлттық ғылыми-техникалық Кеңесте қолдау тауып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2007 және 2011 жылдары қатарынан екі рет арнайы мемлекеттік грант ретінде қаржы бөлінді. Абылай хан тақырыбына байланысты архив қорынан Сіз сұрап отырған мәселеге қарсы деректер кездесті.

Мысалы…

Осы уақытқа дейін көпке мәлім емес-ау деймін. Шартты түрде айтқанда: «Қазыбек би Орта жүз бен Кіші жүздің басын қосып, Әбілқайырды ұлы хан сайлап, сол арқылы Ұлы жүзді де шаңырақ астына шақырып, Тәуке хан заманындағыдай біріктіруге күш салғаны» туралы нақты дерек бар. Бұл құжаттар менің «Қазақтың ханы – Абылай» деген атпен Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан шыққан қос томдық зерттеулерімнен орын алды.

Енді осыған тоқталсаңыз.

Тәуке хан бақилық болғаннан кейін, сыртқы жаулардың басқыншылық соғыстарынан берекесі кетіп, іштей бөлшектенген Қазақ хандығының жағдайы да асқынды. Әр жүз, тіпті әрбір тайпа өзіне хан сайлап, ыдырай бастады. Қару алып, қарсы тұра алмаған Ұлы жүзді жоңғарлар басып алып, баса көктеді. Осы жағдайда, барша қазақты бір шаңырақтың астына жиып, тізгінді бір ғана ханға ұстату керектігі табиғат заңындай бұлжымас қажеттілік еді. Бұл арада тарихшылар «Күлтөбенің басындағы күнде жиынды», «Аңырақай шайқасын» айтады.

Кіші жүз Ресей империясымен мәмілеге келіп, Орта жүздің Сәмеке ханы қайтыс болған кезде, қазақ тарихында бір жарым жылдай «өліара» уақыт болды. Қазақтар мен башқұрттар, Жайық казактары, Еділ қалмақтары арасы мүлде шиеленісіп кетті. Ресей бодандығын қабылдаған Сәмеке хан да, сертінен тайып, башқұрттарды орыстарымен қоса шауып алды. Енді Ресей жағы қазақтарға сенбеуге айналды. Көрші империядан ашық қысым көруге айналған Кіші жүз қазақтары Әбілқайыр ханға бағынбай, бүлік шығарып, ата-мекенді тастап, Кубандағы қандас-діндестермен байланыс жасай бастады, тіпті, Орта жүздің сұлтаны Әбілмәмбеттің де «…патша ағзамға жақпасақ, …Ресей шебінен қиыр шетке, (мысалы, Кубанға.-З.Т.) көшіп кетеміз» (1-135-139) деген сияқты пиғылдарды орыс барлаушылары қағазға түсірген. Осындай тарихи жағдайлар қазақтарды бір тудың астына жинауға мәжбүр еткендігіне көзім жетеді.Ол үшін аңыз-ертегі емес, қазақ-орыс, қазақ-жоңғар, қазақ-башқұрт… қатынастарын жақсы білу керек.

Қазыбек би осы мәселені ақылдасып, шешу үшін Әбілқайыр ханға Хан кеңесін шақыру жөнінде келіскен болса керек, 1737 жыл туа, Қазыбек би өзі Әбілқайыр ханның ордасына таяп, Ор және Елек өзендеріне, жайлауға көшіп келеді. Мамыр айынан бастап, Хан кеңесіне дайындық жасалды. Шығыстағы наймандарға, Барақ сұлтан мен Қабанбай батырға, Түркістандағы Әбілмәмбет сұлтан мен Нияз батырға, солтүстіктегі Құлсары батырға, Ұлы жүздегі Төле биге хабаршылар жіберілді. Қазақтардың бұл әрекетінен құлақтанып отырған Ресей әкімшілігі жиынға дайындықтың мән-жайын, қазақ арасындағы пікірлерді біліп келуге Қазақстанның аймақтарына барлаушылар жіберді, олар өз шаруаларын тындырып, өздері де Хан кеңесіне қатысты. Кеңес­те айтылған сөздерді тыңдап, арнайы есеп дайындады. Мына құжат сол есептің көшірмесі.

«1737 жылғы 24 маусым күні қазақтардың үлкен жиыны болды (Хан кеңесі туралы сөз болып отыр. – З.Т.), деп жазады сол оқиғалардың куәсі. Кеңеске Әбілқайыр ханнан басқа Әбілмәмбет сұлтан, Барақ сұлтан, Керей сұлтан, Батыр сұлтан, Барақтың ұлы Әділ сұлтан, Нұралы сұлтан, Абылай-батыр сұлтан, «алты алаштың үлкенді-кішілі билері мен батырлары», орыс, башқұрт өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне, кемінде мына мәселелер қойылды және сол мә­селелер түгел шешімін тауып, жи­налғандар мәмілеге келді:

1) Қазақ хандығының келешегі – жүзге бөлінбейді, бір орталықтан, бір ханға бағынады; 2) Ол хан – Әбілқайыр; 3) Орыстармен қарым-қатынастың келешегі – 1731 жылы Әбілқайыр берген антқа сәйкес, Ресеймен тату-көршілік дәстүрі сақталады; 4) Қорғаныс, көр­ші елдермен арадағы жағдайлар – дау-шарлар келіссөзбен ғана шешіледі, қандай да бір тайпа немесе ру өз бетімен соғыс ашпайды, бұл тек ортадан сайланған Әбілқайыр ханның құзырына беріледі; 5) Қазақ-башқұрт қатынастары – қазақтар орыс-башқұрт дауларына араласпайды; 6) Қазақтар мен Еділ қалмақтарының қатынастары реттеледі.

Сақталған құжаттарды мұ­қият зерттеп, ой қорытсақ: ол кеңесте Әбілқайыр хан жүзге бөлінбейтін тұтас қазақтың ханы болып сайланғаны хақ. Лауазымына қарай, оған елді толық билеу құқы мен тиісті өкілеттіліктер берілді. Жиын соңында қалың қауым алдына шыққан Әбілқайыр хан Кеңестің нәтижесін жария етті: «Сұлтандар, билер мен батырлар, барлық қазақтар ақылдаса келіп, мені өздеріне хан сайлады (жүз деген сөз жоқ! – З.Т.), иіліп тағзым етті. Дұға оқып, қол жайды», деді.

Осылайша, Орта жүз бен Кіші жүз қосылып, лайықты тұлға ретінде халыққа ежелден-ақ жақсы таныс, ержүрек батыр, білікті қолбасы Әбілқайыр аға хан болып сайланды. Әрине, Орда ішінде, Хан кеңесінің мүшелері арасында басқа біреуді хан сайлау жөнінде қандай пікір айтылғанын, талқылау үдерісін біз білмейміз, сақталған және әзірше табылған жазба деректердің кемдігінен, бәлкім, ешқашан да біле алмаспыз. Әлбетте, бұған өкінудің де жөні жоқ. Ең маңыздысы – Қазақ хандығын тұтастыру мәселесі күн тәртібіне қойылды және сол сағаттарда шешімін тауып, көпшілік дауыспен заңдастырылды. Осынау тарихи құбылыстың бастамашысы да, дем берушісі әрі ұйымдастырушысы Қаздауысты Қазыбек екені ақ қағазға қара сиямен, орыс әріптерімен таңба түрінде түскен. Мұның тағы бір дәлелі – екі жүздің жаңадан сайланған ханы Әбіл­қайырдың аузымен айтылған: «Бұдан былай ханның әмірі болмаса, ешкім ешкіммен соғыспайды. Ресей патшасына менің берген антымды сақтап, адал қызмет етеміз», деген кесімді мәлімдеме.

Башқұрт мәселесіне келгенде, олардың жиынға қатысқан өкілі жеке хандық құрғысы келетінін мәлімдеп, қазақтардан Барақ, Әбілмәмбет, Абы­­лай сұлтандардың біреуін беруді сұрады. Әбілқайыр хан: «Мен баш­құрт­тарды билеуге сұлтан беремін», деді. Бұл мәселе кейін ше­ші­летін бол­ды.

Содан соң, Әбілқайыр хан болған жоқ қой…

Дұрыс айтасыз. Әбілқайыр хан болған жоқ. Қазақ даласындағы тарихи оқиғалар нақты басқаша өрбіді. Оның себептерін біз әзір білмейміз, бәлкім білмей өтерміз. Бірақ, үмітімізді үзбейік, зерттей түсейік. Тек долбар жүзіндегі пікірлеріміз мынау: Біріншіден, ХVIII ғасырдағы дүние жүзін бөлісу саясатының екпінімен отарлау тізгінін қолынан шығармайтын Ресей үшін Қазақ хандығының тұтасқаны керек емес, бөлшектеніп, жүздердің, рулардың бірімен-бірі қаржасып жатқаны керек. Демек, қазақтардың бұл кесіміне Ресей араласып, басқа бағытқа бұрып жіберуі де мүмкін. Екіншіден, Сәмеке ханның тағынан бұрын дәмелі болып, төре әулетіне жатпайтын Нияз батырдан билікті қалай аламын деп жүрген Сейіт сұлтан, Әбілмәмбет сұлтан мен Барақ сұлтан т.б. Хан кеңесі үстінде өңшең азулы билер мен батырлардың шешіміне көнсе де, былай шыға өз ойын күйттеп кетпесіне кім кепіл. Мәселе, тек осы сұлтандарда ғана емес те шығар…

Қаздауысты Қазыбек жүргізген Хан кеңесі саяси құжат та қабылдаған жоқ па екен…

Бұл сұрағыңыздың да жауабы дайын. 1737 жылғы 28 шілде күні Әбілқайыр ханның елшісі Байбек батыр Хан кеңесінің мына шешімін Орынбор әкімшілігіне жеткізді. Мә­тінін орысшадан қазақшалап оқиық: Түпнұсқасы Ресей мемлекеттік көне құжаттар мұрағатында жатыр.

«Қазақтың ханы Әбілқайыр және мына аты аталған сұлтандар, билер мен батырлар: Әбілмәмбет сұлтан, Барақ сұлтан, Керей сұлтан, Батыр сұлтан, Барақтың ұлы Әділ сұлтан, Нұралы сұлтан, Абылай-батыр сұлтан, Алты Алаштың үлкенді-кішілі билері мен батырлары Ұлы мәртебелі патша ағзамға қызмет ететінімізді мәлімдейміз.

Біз Қарақалпақ хандығын, Хиуа мен түркімендерді талқандадық. Патша ағзамның мейірі түссе, осы жазда, Орынборда, генералмен және полковник Тевкелевпен жүздесіп, патша ағзамға ант бермеген сұлтандар, билер мен батырлар, Ұлығ мәртебелі патшаға ант берсек [1] , деп едік.

Әбілқайыр ханға қыстау есе­бінде Орынбордан үй-жай, мешіт пен мектеп салып, қазақтарға сауда орнын ашуды сұраймыз. Патша ағзамның сауда керуендерін өзіміз қорғап-сақтаймыз.

Бізге жіберген Иван Михайлович Шишков арқылы жиырма екі адам орыстарды тұтқыннан босатып отырмыз.

Әбілқайыр хан генерал мен мырзаға жүздессе, солардың айтқаны болатынына сендіреміз.

Аударған Жайық бекінісінің казагы Сайын молла Азиков».

Ресей империясының көне құжаттар мұрағаты. 248-қор, 1164-тігінді, 751-пар.[1] мәртебелі патшаға ант берсек… – Хан кеңесінің бұл ұйғарымы белгіленген мерзімде орындалмады, Ресейге ант беру рәсімі 1740 жылғы күзде ғана өтті және, атап айту керек, бұл рәсімге 1737 жылы жалпы қазаққа хан болып сайланған Әбілқайыр келген жоқ, ұлдары Нұралы мен Ералы сұлтандарды жіберді. Орта жүздің игі жақсыларын Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан, Нияз батыр бастап барды. Яғни, бұрын келіскендегідей емес, Кіші жүз бен Орта жүз жеке-жеке ант қабылдады, қазақтардың басы, бұрынғысынша, бірікпегенін көрсетті.

Қазақ тарихында бұл мәселе бұрын сөз болмаған сияқты. Мынадай оқиғаның зерттеушілер назарына ілікпеуі…

Таң қаларлық жағдай екенін дұрыс байқап отырсыз. Қазақ тарихында беті ашылмаған, аяғы жерге тимеген шаруалар әлі көп. Аңыз деңгейінде шырмалып, қолында билігі бар тарихшы бауырларымыз, кейде атаққа, кейде беделге басып, көрмегенсіп, қолдап, көмектесіп тереңірек қазудың орнына ертегіні малданып жүре береміз.

Сонда Сіздің мынадай жаңалықтарыңызға жол бермей жүрген кім? Көзі көріп, қолына ұстап тұрса да, кім жоққа шығара алады?

Қазыбек бабамыздың басшылығымен 1737 жылы Әбілқайыр ортасында өткен хан кеңесі туралы жазба деректерді Мәскеудегі «Ресей империясының көне құжаттар мұрағаты» (РГАДА) деп аталған архивтен 2009 жылы жазда тапқан мен Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай мен екінші зерттеуші әрі жұбайым Гүлнәр Балтабекқызы Ахметжанова екеуміз. Бұл деректер Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жариялаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақтың ханы – Абылай» (1-2-томдар, 1280 бет) деген атпен 2011 жылы Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан 2 мың дана болып шығып, Республиканың мемлекеттік кітапханаларына таратылды.

Бабамыз туралы бұдан басқа архив деректері жоқ па?

Заты архив деректері дегенде, мынаны ескеріп отыру керек. ХVIII ғасырдағы қазақ тарихы туралы жазба деректер дегенде, біз ең алдымен, Ресей мемлекетінің құжат қоймаларын айтамыз. Себебі, ежелгі көрші, барыс-келісіміз ерте, мысалы Тоқтамыс пен Едіге кезінен, тіпті, одан да бұрын басталған екі елдің елеулі деген оқиғалары қағазға түсіп қалса, оған таңдануға болмайды. Бұл енді ерте заман туралы айтқанда. Ал, ХVII-ХVIII ғасырларда, Тәуке хан тұсында қазақ-орыс араласы жүйелі түрде жүзеге асқан деуге болады. Одан беріде, сол 1730 жылдардан бастап, Ресейде де мемлекеттік қызмет жүйесі дамып, кеңсе мәдениеті, іс қағаздарын жүргізу жолға қойылған кезде орыс архивінің құны арта түскен. Қазақ даласына қызығып, келешектің маңызды мүддесіне айналған қазақтар туралы Ресейдің орталық билігі, түрлі жолдармен, мысалы тыңшы-барлаушылар арқылы көп мағлұмат жинаған. Әлгі, саяхатшылар, этнографтар, саудагерлер, хатшылар, татар молдалары т.б. деп жүргендеріңіз, негізінен, барлаушылар. Мұның өзі жатқан бір тақырып.

Ресей барлаушылары, тиісті талап бойынша, нақты мәселелермен жұмыс істейді. Яғни, қазақ атаулының бәрін қағазға тіркей бермейді. Ел ішінде беделі бар-ау деген, кейін қолға түсірсе орыстың кәдесіне жарайды-ау, деген көрнекті тұлғаларды іздейді. Бабамыз туралы деректер де сондай мақсатпен қағазға түскен. Соның өзінде Қазыбек бабамыздың қазақ қоғамындағы саяси тұлға ретіндегі бейнесі, ақылман, ел қамқоры сипатындағы болмысы анадайдан көрінеді. Әйтпесе, «сондай бір данышпан бар екен» деп материал жинамайды. Демек, Ресей архивтерінің сенімділік дәрежесі мықты дей аламын. Олар, бір барлаушының әкелген дерегін, оның сыртынан қайта тексертіп отырған.

Аса маңызды демей-ақ қояйын, Абылай хан мен бабамыздың ара қатынасын қалай бағалайсыз? Бекболат бабамыз бен Абылай арасы деген сияқты…

Көкейіңізге сұрақ келіп қалған екен, жұтпаңыз. Сұраңыз. Білгенімізше жауап берейік. Алдымен, Абылай хан туралы. Рас, Абылай хан туралы біраз зерттедім. Түгел тауысып тастадым демеймін. Сонда байқағаным, Абылай ханның адам, азамат ретіндегі ерекше жаратылысы. Тіпті, хан, көсем, қолбасшы ретінде айтпай-ақ қояйын. Абылайдың пенде ретіндегі тұлғасы да, де мінезі өте терең. Бет-бейнесінен, сөзінің мазмұнынан, екпін-ырғағынан оның не ойлап отырғаны, сіздің айтқаныңызды ұната ма, қолдай ма, әлде, керісінше, жаратпай отыр ма, осыларды білу қиын болған. Айтатын сөзіне де, іс-әрекетіне де, жақын-жуығы мен жанашырларына да өте сақ қарайды. Мысалы, ол атығай Байжігіт батырмен ғана сырласады, деген сияқты.Тіпті, сырт көзге, қарапайым, жуас, ақжарқын көрінсе де, ішкі жан дүниесі басқаша болған деп ойлаймын. Пендемін ғой, бірақ, Абылайдың хаттарын, оның әңгімелескен адамдарының пікірлерін, сөз саптасын бағалап отырып, осындай қорытынды жасай аламын.

Менің түсінігімде, ол өте ұстамды, ерік күші темірдей берік, тілі ақылына (айласына демей-ақ қояйын) бағынған, не айтса да, өз позициясына сенімді және өз сөзін өткізе алатын болған. 1752 жылғы Ұлытаудағы хан кеңесінде жоңғар нояндары Әмірсана мен Дауашыны орысқа да, қытайға да, жоңғарға да бермеу туралы Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Малайсары, Тұрсынбай т.б. батырлардың алдында өз айтқанын өткізген. Мысал көп. Абылайдың психологиясын түсіну үшін, әлі де көп жұмыс атқару керек. Оның мінез-құлық қоймасының кілтін ашуға орыстар көп жұмыс жасаған. Түрлі-түрлі шпиондар жіберген, тікелей, жанама зерттеген. Сонда да, олар алданып қалатын болған және оны өздері мойындайды. Абылай айтыпты, немесе жазыпты деген: сол кездегі қазақ хандары, сұлтандары, өз төңірегіндегі батырлар туралы теріс пікірлер кездеспейді. Рас, өмірінің соңына қарай, Ресейден бір мың, ең болмаса 500 адам әскер сұрайды. «Өз ішімдегі тентектерді» жазалауға деп. Ресей бермеген соң, Қытайдан сұрайды. Олар да бермейді. Осы тұста, тағы да пенделікпен жорамал жасап, «Абылайдың «бес Мейраммен» келіспей қалатыны, «Абылай аспас арқаның сары белі» оқиғасына байланысты емес пе екен? деген түйткіл де ойыма келгені рас. Бірақ, Бекболат пен Абылай соғысыпты деген дәлелім жоқ. Естігеніміз, Мәшһүр Жүсіп атамыз жазып кеткен деген, «Ботақан оқиғасы» деген аңыз ғана. Жас жағынан келгенде, Абылай Бекболаттан бірер жас болса да, кіші.

Ал, Абылайдың сұлтан кезінде де, хан кезінде де Қазыбек бабамыз туралы қандай да айтқан немесе жазған теріс пікірі кездескен жоқ. Бірақ, бір нәрсе ақиқат: Абылай сұлтан жоңғар тұтқынынан келгеннен кейін, бұл 1743 жылдың жазы, өзі көріп, жете танысып келген Жоңғар хандығының үлгісімен жедел әрекетке негізделген әскери тәртіп енгізіп, жаугершілік заманға икемсіздеу билер институтын тежеп, қолбасшы батырлар билігін күшейткені рас. Кейде, «Абылай заманында не қылған көп батыр» дейтіндер бар. Шынында, солай, төменнен жоғарыға қарай бүкіл билік жүйесі батырлар түрінде, ал қарауындағы еркек кіндіктілер олардың саптағы дайын әскері сияқты жүйе енгізілген. Тіпті, архив қағаздарында, белгілі бір ауылдың ел ағасы «пәленше батыр, түгенше батыр» деп аталады…

Қаздауысты Қазыбек бабамыздың «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деген даналық лебізін тұмар етіп таққан «Орталық Қазақ­станның» барша оқырманын, осы шараның басы-қасында жүрген бауырларымды Сіз арқылы осынау ұла­ғаты мен өнегесі қымбат, атаулы тоймен шын жүректен құттықтауыма мүмкіндік бергеніңізге рахмет.

Мағауия Сембай,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері.

Суретте: Зарқын Тайшыбай

(оң жақта).

ЕСКЕРТУ:

Ә.Бөкейханов өз қолы­мен жазып қалдырған шежірені то­лық беруге газет беті көтермейді. Ба­бамызды ғана таратып, беру себебі содан.

(Әлихан. Бөкейхан. «Шығармалары. Сочинение». 2016 жыл. «Сарыарқа» баспасы ІY-том.

620-621 беттер).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button