Бас тақырыпБасты тақырып

Биылдан өңірдегі барлық арнайы мектеп-интернаттарына ресурс орталығы мәртебесі берілді

Қарағанды облысында білім беру саласын дамытуға баса көңіл бөлінеді. Жыл сайын балалардың сапалы білім алып, саналы тәрбиеленуіне облыс әкімдігі өңір бюджетінің жартысына жуығын, яғни, бюджеттің 48%-ын жұмсайды. Ал, білім беру саласының даму қарқыны қалай? Қандай жобалар жүзеге асуда? Нендей өзгерістер бар? Бұл туралы Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстың білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев егжей-тегжейлі баяндады.

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінен

Білім саласының негізгі бағыттары бойынша даму көрсеткіштері қалыпты. Брифингте биылғы оқу жылындағы жаңа өзгерістер жайлы сөз қозғалып, өңірдің білім беру саласындағы негізгі жетістіктері мен өзекті мәселелері айтылды. Мәселен, балаларды балабақшалармен қамту және оны көбейту мәселесі өзекті. Өңірде жыл басынан бері 5 балабақша ашылып, 967 орынға көбейген. Жыл соңына дейін тағы 1025 жаңа орын ашу көзделген. Биыл облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында ваучерлік қаржыландыру енгізілді. 120 балабақша ваучерлік қаржыландыруға көшіп, 17 мыңнан астам баланы қамтыды. Балабақшаға бармаған балалардың дамуы үшін «SabiDamu» ақпараттық платформасы енгізілген болатын. Қазіргі таңда платформаға 207 пайдаланушы тіркелген.

Облыста 171 мыңнан аса оқушы білім алуда. Олардың сапалы білім алуы үшін мектеп кабинеттері жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығаюда және жаңа білім ошақтары ашылуда, Мәселен, биылғы оқу жылында 3 мектеп бой көтерді, оның екеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында Қарағанды және Балқаш қалаларында, сондай-ақ Қарқаралы ауданының Талды ауылында апатты мектеп орнына 200 орындық мектеп ашылды. Сонымен қатар, Шет ауданының Жарық ауылында 300 орындық мектеп ашу жоспарлануда. «Келешек мектептері» жобасы аясында 5 мектептің құрылысы жалғасып жатыр.

Әлеуметтік осал топтағы балаларға қолдау көрсету жүйелі жолға қойылған. Басқарма басшысы Дулат Жекебаевтың айтуынша, балаларға ыстық тамақ беру, мектепке жеткізу қызметтері және мектеп формасы мен құрал-жабдықтармен қамту қызметтері Жалпы білім қоры есебінен жүзеге асуда. Биыл 66 мың бастауыш сынып оқушыларына, 5-11 сыныптардағы бес мыңға жуық оқушы әлеуметтік осал санаттағы балаларға арналған қаражат есебінен ыстық тамақ беріледі.

Мамандық таңдау жұмысы жаңа мазмұнмен жүзеге асуда. Қазіргі таңда мектептерде медицина, педагогика, экология, IT және құқықтық «Жас сақшы» жобасы бойынша 200-ден астам профильдік сынып жұмыс істейді. Жаңа оқу жылынан бастап, тағы 126 сынып ашу жоспарланған. Сонымен қоса, мектеп оқушыларына мамандық таңдауға көмек беретін «Профи-вэй» цифрлық платформасы іске қосылады.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі 20 мыңнан аса бала бар. Қазіргі уақытта ерекше балалардың 85%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау және ерте түзету қызметтерімен қамтылған. Осы бағытта арнайы білім беру ұйымдарын көптеп ашу жұмысы жолға қойылды. Мысалы, жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданында жаңа психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарда бар.

Ақыл-ой кемістігі бар балалар жыл санап артып барады. Биыл 2884 балаға жетті. Осыған байланысты, Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатында жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 2 арнайы сынып және №1 арнайы мектеп-интернатында 3 сынып ашылды.

Биылдан бастап, өңірдегі барлық арнайы мектеп-интернаттарына ресурс орталығы мәртебесі берілді. Қазіргі таңда 12 инклюзияны қолдау ресурс орталықтары жұмыс істейді.

Өңірдегі балалардың қосымша білім алуында мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуындағы ашық пен әділдікті талап ететін пилоттық жоба енгізілді. Ол «Бір ваучер – бір бала» қағидаты негізінде жүзеге асады. Сонымен қоса, балалардың интеллектуалдық, шығармашылық және физикалық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар өз жалғасын табуда. Алғашқыда 5 мектепті қамтыған «Шахмат білім беру» жобасы қазір 69 мектепке дейін жетті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл мектеп» жобасы №12, №33 мектептер және Абай атындағы гимназияға енгізілген.

Балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне келсек, бүгінде 64 маман 317 мың балаға қолдау көрсетуде.

– 2025 жылдан бастап, жаңа ережеге сай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кәсіби қамқоршылық отбасыларға жіберіледі. Облыста тағы 3 кәсіби қамқоршылық отбасын ашу жоспарлануда, – деді Дулат Жекебаев.

Өңірде қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерге 9 300 студент қабылданған. Биыл да техникалық мамандықтарға басымдық берілді. Ал, дуальды оқыту жүйесінде 38 колледж бен 300 кәсіпорын тығыз қарым-қатынаста. 18 колледж 1,5 мың студентті қамтитын мақсатты даярлау жүйесіне қатысады. Кәсіпорындар маман даярлау үшін оқу орындарына тікелей тапсырыс береді. Негізгі серіктестер қатарында «Qaz Techna», «Qarmet» және «Қазақстан Теміржолы» (ҚТЖ) бар.

– Кәсіби білім беру орталықтарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде 5 колледж халықаралық аккредитация алды. Олар Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі, Шахтинск технологиялық колледжі және Қарағанды банктік колледжі, – деді Дулат Жекебаев.

Сонымен қатар, өңірлік колледждер Қытай, Германия, Түркия, Финляндия және басқа елдердің білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасуда.

Өңірде мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасалуда және ұстаз мәртебесін көтеру, біліктілігін жүйелі түрде жетілдіру басты назарда. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына соңғы екі жылда 10 педагог іріктеуден өтіп, басшылық лауазымдарға тағайындалды. Биыл 12 үміткер кәсіби аттестациядан өтуде.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, директорлардың кадр резервін қалыптастыруға бағытталған «Болашақ басшы» жобасы қолға алынды. Жобада білім берудің барлық деңгейіне арналған «Аймақтық білімдегі көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект» модульдік оқу бағдарламасы әзірленген.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button