Биылғы жылдың басынан бері аймақта 19 көлік өртенген
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше ауа райының қолайсыздығына байланысты аймақта көлік өрті жиі орын алуда. Кей жағдайларда қысқа тұйықталу себеп болып жатса, кейде көлік иелері ашық от көзін пайдаланып автокөлікті жылытудан болып жатады. Осындай жағдайлардың бірі кеше Ермеков көшесінде орын алды.
– Сағат 16:15-те «Газель» автокөлігінің қозғалтқыш бөлігі өртенді. Өрт сағат 16:42-де сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды, – деп түсіндірді ТЖД баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың басынан бері аймақта 19 көлік өртенген. Ал, 2023 жылдың қараша айының бірінші аязынан бүгінгі күнге дейін 48 жағдай тіркелген. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті автокөлік иелеріне көлік құралдарын уақтылы техникалық қызмет көрсетуден өткізуді,электр сымдарына үнемі назар аударып отыруды, аязда қатқан бөліктерді жылыту үшін ашық отты қолданбауды ұсынады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ