Биылғы «Алтын сұңқар» иегерін әріптестер таңдайды
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай сала мамандарына берілетін облыс әкімінің «Алтын сұңқар» жүлдесіне үміткерлерге дауыс беру басталды. Биыл аталған байқаудың ережесі өзгерген. Енді үміткерлерге журналистика саласында жүрген мамандар ғана дауыс беретін болды.
Үміткерлерге altynsunkar.akimat09.kz/vote сайты арқылы дауыс бере аласыз. Бірақ, таңдауды тек журналистика саласының қызметкерлері ғана жасайды. Яғни, әр журналистке жеке-жеке логин және құпия сөз беріледі. Сайтқа кіріп, берілген логин және парольді енгізесіз. Әрі жеке бас куәлікті де суретке түсіріп, көрсетілген жерге фотосын жүктеу қажет. Осы процесс толық орындалған соң үміткерлердің тізімі шығады. Әр номинация бойынша үміткерлермен танысып, таңдаған кандидатыңызға «Дауыс беру» батырмасы арқылы таңдау жасайсыз. Айта кетейік, бір журналист 10 аталым бойынша 10 үміткерге ғана дауыс бере алады.
Дауыс беру 16 маусым сағат 23:59 дейін жалғасады. Берілген логин мен құпия сөз арқылы тек бір мәрте дауыс бере аласыз. Қосымша сұрақтарыңыз болса «Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесіне хабарласуға болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz