Биыл Приозерск қаласына 25 мыңнан астам турист келген
Приозерск қаласында соңғы жылдары туризм саласы серпінді дамып, аймақтың тынысына жаңа леп әкеле бастады. Биыл қалаға 25 мыңнан астам туристің келуі – өңірдің тартымдылығы артып, инфрақұрылымның да жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады. Балқаш көлінің жағасындағы тарихы бай Приозерск бүгінде саяхатшылар назарын өзіне көбірек аударуда.

Қалада қазіргі таңда 9 қонақ үй тұрақты жұмыс істейді. 157 нөмір, 423 төсек орын – келген қонақтарға қолайлы жағдай қарастырылған. Сонымен қатар, қаланың әр аумағында хостелдер, шағын қонақ үйлер, жалға берілетін жүзге жуық пәтер қонақтарды қарсы алуға әзір. Туризмге деген сұраныс жыл санап артып келе жатқандықтан, қонақ үй санын көбейту жүзеге асырылуда. Бұл туралы Приозерск қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Алтаев мәлімдеді.
– 2025 жылы бекітілетін Бас жоспарға сәйкес, туризмді дамытуға арнайы 30,7 гектар жер бөлуі көзделіп отыр. Бұл – қала болашағына ұзақ мерзімді инвестиция. 2024 жылы инвесторларға арналған аукционда төрт жер телімі сатылды. Қалаға келушілер саны артқан сайын бизнестің де тынысы ашылды. Инвесторлармен нақты жобалар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Туризм – Приозерск үшін жаңа экономикалық мүмкіндік, – дейді Айдын Алтаев.
Бөлім басшысының айтуынша, жеке сектордың белсенділігі де байқалады. Қаланың көркін келтіріп, қонақтардың көңілін көтеретін «Айсұлу» мейрамханасы, «Қоржын» ұлттық тағамдар мейрамханасы, «у Адины» кофеханасы – сервистің сапасын жаңа деңгейге көтеріп, туристік қызметтің аясын кеңейтіп отыр. Сонымен қатар, жаңа нысандардың да құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олардың қатарында жеке кәсіпкер «Сагатовтың» шағын қонақ үй кешені, жеке кәсіпкер «Душмановтың» тойханасы, «Ж. Григорьеваның» қонақ үйі, «Қайсар» ЖШС-нің трасса бойындағы жол сервис орталығы туристік бағытта құрылыс жұмысын жандандыруда.

Қалада арнайы мобильдік топ құрылып, туристік нысандарды аралау, олардың жағдайын бағалау, сервис сапасын көтеруге ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл топтың көмегімен қаладағы әр нысанның әлсіз тұстары анықталып, туристер үшін жайлы орта қалыптастыруға нақты қадамдар жасалуда.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі бастамаларында бұл саланың экономиканың драйверіне айнала алатынын, жаңа жұмыс орындарын құрып, халықаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы туризмнің цифрлық жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды жаңарту, сервисті халықаралық стандарттарға сай ету қажеттігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Табиғи байлықты сақтай отырып, туристік әлеуетті арттыру – бүгінгі күннің басты талабы екенін де Президент бірнеше рет баса айтты. Бұл ойлар Приозерск сияқты аймақтар үшін бағдаршам іспетті. Әлемдік тәжірибе де назардан тыс емес. Испания, Швейцария, Түркия, Дубай сынды жетекші туристік орталықтардың жұмыс жүйесі зерттеліп, олардың цифрлық платформалары, туристік ағынды ұйымдастыру механикасы, табиғатты сақтай отырып, табыс табу үлгілері қарастырылуда, – дейді Айдын Алтаев.
Мамандардың мәлімдеуінше, Приозерск бүгінгі таңда туризмнің әр саласын өз табиғатына сай үйлестіріп, қаланы біртұтас туристік кеңістікке айналдыруға ұмтылып отыр. Шағын шаһардың туристік әлеуеті жыл сайын өсіп келеді. Негізгі бағыт бойынша алда атқарылар жұмыстар ауқымды көрінеді. Жаңа қонақ үйлер, сапалы инфрақұрылым, заманауи ғимараттар салу көзделген. Сонымен қоса, туристік қызметтің әр түрін өз табиғатына бейімдеп, үйлесімді дамыту жоспарланып отыр. Бір кәсіпкер қонақ үй ашса, екіншісі ұлттық тағамдарын ұсынып, үшіншісі шеберлік сабақтары мен мәдени шаралар ұйымдастырады. Жаңа нысандар, сапалы инфрақұрылым, цифрлық сервистер мен табиғатты аялау мәдениеті бір арнаға тоғысқанда ғана Приозерск шынайы туристік брендке айналады дейді мамандар.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК



