Биыл облыстық маңызы бар 60 шақырым жол орташа жөндеуден өтті
Аймақта биылғы жол-құрылыс маусымы мәресіне жетіп келеді. Облыс әкімдігінде өткен жиында биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен әлі де жалғасып жатқан жобалардың барысы талқыланды. Жалпы, есеппен алғанда, өңірде 637 шақырым автожол жаңартылды. Яғни, республикалық маңыздағы трассалардан бастап, қалалар мен ауыл көшелеріне дейінгі бағыттар қамтылған деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ірі жобалар аяқталды
Биыл облыстық маңызы бар автожолдарда бірнеше жылға созылған үш ірі реконструкция жобасы толық аяқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 20 шақырым болатын «Нұра-Осакаров» бағытының Осакаров кентінен Қоянды ауылына қарай бұрылысқа дейінгі аралық учаскесі, «Жартас-Долинка» жолының 21 шақырымы және «Үштөбе-Құрылыс» бағытындағы 9 шақырым жол қайта жаңғыртылды.
Бұл учаскелерде жол жабыны толық ауыстырылып, үш қабатты асфальт төселді. Сонымен қатар, заманауи жарықтандыру жүйесі, жол белгілері және жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылды. Қазір «Саран-Шахтинск» автожолының 19 шақырымында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ, «Теміртау-Ғабиден Мұстафин кенті» тасжолындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірдің реконструкциясы аяқталды. Ал, «Саран-Шахтинск» бағытындағы Шерубай-Нұра өзенінің үстінен өтетін көпірде және «Осакаров-Есіл» трассасындағы Есіл өзені көпірінде жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл облыстық маңызы бар 60 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Олардың қатарында «Керней-Семізбұғы», «Қарағанды-Доскей», «Осакаров-Молодёжный» және «Нұра-Шахтерское» бағыттары бар. Алғаш рет мұндай орташа жөндеу кезінде екі қабатты асфальт төсеу технологиясы қолданылды. Бұл әдіс жолдың қызмет ету мерзімін едәуір ұзартады. Сонымен қатар ұзындығы 5 шақырым болатын «Шахан-Жаңаталап» жолының реконструкциясы басталды. Қазандықтан Шахан кентіне дейінгі бөлігі толық жөнделді. Жобаны 2026 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Жаңа жолдар һәм магистральдар
Облыс орталығында биыл 52 көше жөндеуден өтті. Қалалық жолдың 85 пайызы жақсы жағдайда. Жөндеу барысында төзімділікті арттыру үшін заманауи технологиялар мен арнайы полимер қоспалар пайдаланылуда. Қазір Космонавттар көшесінде жұмыстар соңғы сатыда. Сонымен қатар, К.Дүйсембеков пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасындағы аулаішілік жолдар да жаңартылып жатыр.
Пичугин және Четская көшелеріндегі күрделі жөндеу толық аяқталды. Ал, Бөкетов көшесінде ұзындығы 2,2 шақырым жаңа жол құрылысы жүріп жатыр. Ол Мұқанов көшесінен Үштөбе бағытына шығатын автожолға дейін жалғасады. Бұл нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі. Қарағандылықтардың қатынасына қолайлы болу үшін ұзындығы шамамен 6 шақырым жаңа магистраль салынып жатыр. Ол Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарын байланыстырады Жол Мұқанов көшесінен, яғни, Тәттімбет көшесінің тұсынан басталып, Шығыс айналма трассасына дейін созылады. Қазір екі қабатты асфальтбетон жамылғысының 800 метрі төселді. Сонымен бірге тротуарлар, веложолдар мен инженерлік желілер жүргізілуде. Сарыарқа көшесінде де жаңа жол құрылысы басталды. Ұзындығы 1,4 шақырым учаскеде инженерлік коммуникациялар ауыстырылып, жолдың негізі қалануда. Тағы бір маңызды жоба – Университет көшесін Гапеев көшесіне дейін жалғастыру. Мұнда нөсер кәріз жүйесі мен инженерлік инфрақұрылым орнатылуда. Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада жаңа жол айрықтары мен бұрылыстар салынуда. Олар Республика даңғылы мен Әшімов көшесінде. Лобода көшесінде қозғалыс бөлігі кеңейтіліп, Потанин атындағы мектептің маңында автотұрақтар салынды. Ұқсас тұрақтар Н.Нұрмақов атындағы мектеп пен Шәкәрім гимназиясының жанында да пайда болды.
Теміртау мен Балқашта да ілгерілеу бар
Теміртау қаласында биыл жалпы ұзындығы 18,5 шақырым болатын 18 көше жөнделді. Жөндеу жұмыстары Құрылысшылар, Республика және Бейбітшілік даңғылдарында, сондай-ақ, Абай, Батыс, Солтүстік және Ж.Тәшенов көшелерінде жүргізілді. Қазір Металлургтер даңғылындағы күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Балқаш қаласында биыл шамамен 16 шақырым жол жаңартылуда. Жұмыстар Желтоқсан, Спицын, Уәлиханов, Қадыржанов және өзге көшелерде жүргізілуде. Мұнда екі қабатты асфальт төселіп, тротуарлар мен жарық шамдары орнатылған. Бұл өз кезегінде жақсы жағдайда тұрған жолдардың үлесін 18 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Балқаш әуежайының реконструкциясы да жалғасуда. Нысан ғимаратындағы негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір аумақты абаттандыру – асфальттың алғашқы қабатын төсеу, шамдар мен автотұрақтар орнату жүріп жатыр.
Жоба толық аяқталған соң әуежай халықаралық стандарттарға сай болмақ. Оның өткізу қабілеті 30 пайызға артып, сағатына 80 жолаушыны қабылдауға мүмкіндік туады.
Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»



