Биыл облыста 15 мың оқушы бірінші сыныпқа барады
Биыл өңірде 175 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастайды. Олардың ішінде 15 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Қазір облыста 402 мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында тағы үш білім ошағы ашылады: Талды ауылында 200 орындық жаңа ғимарат және Қарағанды мен Балқаш қалаларында «Келешек мектеп» бағдарламасы аясында екі жаңа мектеп. Сонымен бірге Бұқар жырау, Шет аудандарында және Қарағанды қаласында алты мектептің құрылысы жалғасуда.
Білім беру нысандарының 265-інде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 33 нысанға күрделі жөндеу, ал 232 ауыл мектебіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Биыл республикалық реновация бағдарламасы аясында 29 мектеп жаңғыртылып, тағы 35-і тізімге енгізілді. Мектептер заманауи физика, химия, биология, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталады.
Тамыз айынан бастап «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Биыл 12 мың көпбалалы және аз қамтылған отбасы әлеуметтік көмек алады. Барлық бастауыш сынып оқушылары (шамамен 67 мың бала) тегін ыстық тамақпен қамтылады. Мектептер бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған, аумақтардағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.
– Балаларды жаңа оқу жылында қауіпсіз әрі жайлы жағдайда қарсы алу – басты міндетіміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz