Биыл облысқа 200 мыңнан астам турист келді
Қарағанды облысында туризм саласы соңғы жылдары айтарлықтай серпін алды. Биылдың алғашқы жартыжылдығында аймаққа 200 мыңнан астам турист келген. Саланы дамытуға тартылған инвестиция көлемі 19 миллиард теңгеге жетіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 23 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Бүгінде аймақта туризм саласы өңірдің қызмет көрсету саласындағы басты қозғаушы күштердің біріне айналған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Бұқар жырау және Балқаш бағыттарында жаңа туристік нысандардың құрылысы қарқын алған. Балқашта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қолдауымен инвесторларға шипажай мен қонақүй салуға арналған екі жер телімі бөлінді. Сондай-ақ, қала аумағында туристік индустриялық аймақ құру жұмыстары басталды. Бұл аймақта инвестициялық жобаларды орналастыруға арналған жер телімдері анықталып, тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта көлік жолдары салынып, электр және су желілері тартылған.
Қарағанды – Балқаш автожолының қайта жаңартылуы қаланың қолжетімділігін арттырып, жаңа индустриялық аймақты инвесторлар үшін одан әрі тартымды етті. Ал жақын арада Балқаш әуежайының жаңғырту жұмыстары аяқталады. Нысанның өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға дейін кеңейіп, әуе қатынасы бағыттарының саны көбеймек.
Туризмнің тағы бір маңызды орталығы – Қарқаралы ауданы. Мұнда «Бұғылы» демалыс аймағында 75 гектар аумақта заманауи туристік кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қазір инженерлік желілер тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қарағанды қаласында VISIT QARAGANDA туристік ақпарат орталығы ашылды. Бұл орталықтың басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Қарағандыны ішкі және халықаралық нарықтарда кеңінен таныту болып табылады.
– Биыл туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 19 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артты. Қонақүй және демалыс орындарының саны 13,1%-ға көбейіп, 277 нысанға жетті. Туристер легі де 29,2%-ға өсті – жарты жылда облысқа 200 мыңнан астам адам келді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



