Биыл елімізде 6 әлемдік университеттің филиалы ашылады
Биыл елімізде тағы бірнеше әлемдік университеттің филиалы ашылады. Осылайша алдағы 3-5 жылдың ішінде отандық жоғары білім беру саласы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде әлемдік деңгейдегі университетттердің филиалы ашылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Былтыр елімізде шетелдік 4 жоғары оқу орнының филиалы ашылды, биыл 6 филиал ашылады. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің филиалы ашылмақ. 18-19 мамырда Мемлекет басшысының Қытай еліне сапары жоспарланып отыр. Соның аясында Қытайдың ұлттық Тяньцзинь және Сиань технологиялық университетімен филиал ашу туралы келісімге қол қойылмақ, – деді Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан Азия университеттері альянсының форумы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, алдағы 3-5 жылдың ішінде жоғары білімнің мазмұны мен келбеті айтарлықтай өзгереді. Жоғары білім беру саласында бәсеке артады.
– Біздің жастар әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің филиалында білім алу мүмкіндігі бар. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа елдердің ЖОО бар, – дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 2029 жылға қарай елімізде әлемдік 9 университеттің филиалы ашылатыны туралы айтқан еді.
Айта кетейік, Астанада Азия университеттері альянсының форумы өтіп жатыр.