Биыл елімізде 15,1 млн гектар астық алынған
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы жоспардан жоғары қарқынмен дамып келеді. Өнімнің жалпы көлемі 4,4 пайызға өсіп, жоспарланған 2,3 пайыздық межеден асып түсті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Оң нәтиже егін шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 5,2 пайызға, ал, мал шаруашылығындағы өсімнің 3,4 пайызға артуының нәтижесінде қамтамасыз етілген.
– Биыл шаруаларға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп, агротехнологиялармен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда саладағы өндірістің өсуін қамтамасыз етті, – деді вице-министр Үкімет отырысында.
Мәселен, өсімдік шаруашылығы саласында егін жинау жұмыстары аяқталып келеді. Барлығы 15,1 млн гектар астық алынған. Орташа өнімділік 16,3 центнер гектарды құрап, 24,6 млн тонна астық жиналды. Сондай-ақ, шамамен 2,2 млн тонна майлы дақылдар, 2,7 млн тонна картоп, 3,2 млн тонна көкөніс дақылдары және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
– Өнім жинау жұмыстарына бөлінген 422 мың тонна жеңілдетілген дизель отынының 315 мың тоннасы немесе жоспардың 75 пайызы жөнелтілді. Жиналған астық дақылдары және майлы дақылдар егістік алаңының ұлғайтылуы өсімдік шаруашылығындағы жоспарланған көрсеткіштерді орындауға мүмкіндік береді, – деді Азат Сұлтанов.
Осылайша, ауыл шаруашылығы саласы жыл басынан бері тұрақты өсім қарқынын сақтап, негізгі көрсеткіштер бойынша межеден биік нәтижеге қол жеткізген. Егін мен мал шаруашылығындағы оң динамика еліміздің азықтүлік қауіпсіздігін нығайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамту әлеуетін арттыруда. Мемлекеттік қолдаудың уақытылы көрсетілуі, агротехнологиялық жаңалықтардың енгізілуі мен шаруалардың еңбегі ауыл экономикасының өркендеуіне серпін берді. Алдағы кезеңде де саланың дамуы тұрақтылық пен тиімділікті басты бағыт етіп ұстанатыны назарға алынды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»