Бас тақырып

Биыл елімізде 11 мың шақырым жол жөнделеді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде елімізде өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған автожол инфрақұрылымын жүйелі дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспарлар туралы ҚР көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндады. 

Сурет Көлік министрлігінен

2026 жылы бұл жұмыс жол-құрылыс жұмыстарының барлық түрлерін қамти отырып, шамамен 11 мың шақырым автомобиль жолында жүзеге асырылатын болады.

Жалпы көлемнің 2,3 мың шақырымы құрылыс және реконструкциялау жұмыстарына, 5 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеуге, ал тағы 4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жол желісін дамыту жобаларына бағытталады.

2026 жылы құрылыс пен реконструкциялау бойынша негізгі жобалардың қатарында Ұлытау облысы аумағындағы ұзындығы 208 шақырым болатын Қызылорда – Жезқазған автожолындағы жұмыстарды жалғастыру, жалпы ұзындығы 896 шақырымды құрайтын «Орталық – Батыс» жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ 232 шақырымды құрайтын Ақтөбе – Ұлғайсын, 572 шақырымдық Қарағанды – Жезқазған және өзге де бағыттар бойынша жобалар бар.

— 2026 жылы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұл біздің транзиттік-көліктік әлеуетімізді дамытуға қатысты. Үлкен жобалардың қатарында: Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Бейнеу – Сексеуіл және өте маңызды басты жоба – “Орталық-Батыс”. 

Бүгінгі күні барлық жоспарланған іс-шаралар мен қажетті техникалық-экономикалық негіздемелер алынды, жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде, қажетті қаржы көзделген, — деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.

Ірі елді мекендерді айналып өтетін жолдарды салу мен реконструкциялауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл және Рудный қалаларының айналма жолдары бойынша жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Рахман қайнарларына апаратын жолды, сондай-ақ Петропавл – Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы учаскесін қоса алғанда, туристік және шекаралық бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасады.

Күрделі және орташа жөндеу жобаларын жүзеге асыру шеңберінде 2026 жылы Жезқазған – Петропавл, Атырау – Орал, Жаңаөзен – Кендірлі, Мұқыр – Құлсары, Макинск – Ақсу – Торғай және тағыда басқа бағыттарда жол жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Жергілікті жол желісі бойынша Ақтау – Форт-Шевченко, Түркістан – Шәуілдір, Чапай – Сайқын жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ Семей қаласында автогужевтік көпір құрылысын жалғастыру көзделуде.

 Сонымен қатар автожол саласында заманауи цифрлық және технологиялық шешімдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта автомобиль жолдарында 71 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған, оның ішінде 38-і республикалық маңызы бар жолдарда, 33-і жергілікті жол желісінде орналасқан. 

Алдағы кезеңде олардың санын 220 бірлікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және пайдалану бойынша бірыңғай техникалық талаптар бекітіліп, олар «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» (ӘӨБТ) процессингтік орталығымен интеграцияланды. Соның нәтижесінде автоматтандырылған стансалар тіркеген салмақ параметрлерінің бұзылуына қатысты нұсқамалар автоматты режимде қалыптастырылады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Back to top button