Биыл Қарағандыдағы NIS-тің 61 түлегі шетелдік және Назарбаев Университетіне грант ұтып алды
Биыл Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебің 125 түлек тәмамдады. Солардың 18-і Шетелдік жоғарғы оқу орындарына грант жеңіп алса, 43-і Назарбаев Университетіне оқуға түсті.
Солардың қатарындағы 18 жастағы Қаныш Берлібеков бірден үш жоғары оқу орынына шақырту алған. Атап айтсақ, Назарбаев Университеті, Қытайдағы Шанхай Нью-Йорк университеті және Оңтүстік Кореядағы Ульсан Ұлттық Ғылым және техника институтына. Десе де Қаныш Кореяға оқуға түсуге шешім қабылдаған.
«Кореяда білім алып, туған елге, Отанымның дамуына үлес қосқым келеді» дейді жас түлек.
– Ульсан университетіндегі бизнес мектебін таңдадым. Қаржы, инженерия және жаңа технологияларды зерттей отырып, қос диплом бағдарламасын меңгеруді жөн деп шештім. Бұл университетті көптеген Дүниежүзілік ұйымдар мойындайды. Әрі бұл жерде зерттеу жұмыстарына үлкен мүмкіндік бар. Одан бөлек, маған Корея мәдениеті де қызықты. Болашақ түлектерге оқуға түсуге дайындықты ертерек бастауға кеңес беремін. Шетелде оқу үшін тек білім ғана емес, мектептің, қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысып, түрлі байқаулардағы жетістігің де маңызды, – деді Қаныш Берлібеков.
Ал, Назерке Төлегенова болса IELTS және SAT бойынша жоғарғы ұпайларын жинап, АҚШ-тағы Berea колледжіне оқуға түскен. Жас түлектің АҚШ-ты таңдауының да өзіндік себебі бар. Бұған дейін ол американдық университеттің Babson College кәсіпкерлік жазғы мектебін бітірген. Енді ол оқудың негізгі бағытын таңдаған техникалық менеджментте шоғырланған инженерлік технологиялар сондай-ақ, бизнес, қаржы және информатика пәні бойынша оқығысы келеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz