Бас тақырыпБасты тақырып

Биыл Қарағандыда 95 пошташы қайта жұмысқа қабылданды

Еліміздегі жалғыз ұлттық оператор «Қазпошта» АҚ – адамзат өркениетінің ең көне байланыс құралдарының бірі. Ақпарат алмасу мен хат-хабар жеткізу ісі қоғам дамуының барлық кезеңінде маңызды рөл атқарып келді. Адамдар арасындағы сенім көпірі ретінде өз мүддесінен таймаған аймақтағы пошта филиалы да заман ағымына сай дамып, цифрлану үстінде.

Сурет автордан

Қызмет сапасы артып келеді

«Қазпошта» АҚ-ның Қарағанды филиалы соңғы уақытта кадрлық әлеуетін күшейтіп, пошта қызметінің сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасап келеді.
Биылдың өзінде Қарағанды қаласында 95 пошташы қайта жұмысқа қабылданып, оқу орындарының жас түлектері қызметке тартылған. Қызметкерлерді әлеуметтік кепілдіктермен қамту арқылы, әрі тұрақтылық пен ынталандыру жүйесінің арқасында пошта жеткізу сапасы күн сайын жақсаруда. Филиалдың сегіз айдағы жұмыс нәтижесі бұл сөздің айғағы іспеттес. Осы кезеңде 171 мыңнан астам сәлемдеме, 25 мың EMS-жөнелтілім, 337 мың хат және 285 мыңға жуық газет-журнал жазылымдары қабылданып, өңделген. Сондай-ақ, төрт мыңнан астам ірі жөнелтілім тасымалданған. Бұл –аймақ тұрғындары мен бизнес өкілдерінің «Қазпоштаға» деген сенімі мен сұранысының жоғары екенін көрсетеді.

Заманауи шешімдер – уақыт талабы

«Қазпошта» бүгінде тек хат пен сәлемдеме жеткізумен ғана шектелмейді. Оның қызмет түрлері кеңейіп, заманауи нарық талаптарына сай бейімделген. Хаттар, бандерольдер, сәлемдемелерді қабылдау және жеткізу, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу, коммуналдық төлемдерді қабылдау, ақша аударымдары, интернет-дүкендермен жұмыс, экспресс-жеткізу жүйесі, халықаралық пошта алмасуы, электрондық сауда платформалары, цифрлық және мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, филиалы пошталық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында заманауи цифрлық технологияларды енгізуде. Мерзімді басылымдар мен жөнелтімдерді автоматтандырылған сұрыптау жүйесі арқылы өңдеу – соның айқын дәлелі. Бұл жаңашылдық поштаның жеткізілуін жылдамдатып, қызмет сапасын арттырды. Филиалдың тағы бір маңызды жобасы – қалааралық автобустарды пошта тасымалына пайдалану. Бұл бастама шалғайдағы ауылдарға хат-хабар мен сәлемдемелерді жылдам жеткізуге жол ашты. Болашаққа жоспар да айқын. Қарағанды филиалы халықаралық әуежай маңындағы еркін экономикалық аймақта логистикалық хаб ашуды көздеп отыр. Бұл жаңа орталық ішкі және халықаралық жөнелтімдерді сұрыптап, таратудың негізгі торабына айналмақ. Сонымен қатар, жоба аясында 150-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ.

Сенім мен еңбектің мерекесі

– Пошта – адамдар арасындағы сенім көпірі. Біз осы сенімді сақтап, әр хат пен әр сәлемдеменің артында тұрған жауапкершілікті сезінеміз, – дейді филиал өкілдері. Бүгінгі таңда «Қазпошта» Қарағанды облыстық филиалы өңірдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Олар – жаңашылдықты серік етіп, уақытпен бірге жаңарып келе жатқан кәсіби ұжым.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button