АймақБас тақырыпҚарағанды

Биыл аймақта егіс алқаптары 105 мың гектарға ұлғаяды

Қарағанды облысында көктемгі егіс науқанына дайындық белсенді жүргізіліп жатыр. Биылғы дала жұмыстары мамыр айында басталады деп жоспарланып отыр. Әртараптандыру бағдарламасы аясында егіс алқаптарының құрылымында бірқатар өзгерістер енгізіліп, майлы және жемшөп дақылдарына көбірек көңіл бөлінуде.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов дайындық барысы туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, 2025 жылғы егіс алқаптарының болжамды көлемі 1,2 миллион гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 105 мың гектарға артық.

– Астық алқаптары – 956,9 мың гектар, картоп – 12,3 мың гектар, көкөніс – 1,02 мың гектар болады деп күтілуде. Бидай егістігін қысқартып, майлы және жемшөптік дақылдарға басымдық беріледі, – деді Сырым Бошпанов.

Науқанға дайындық аясында техникалар да сақадай сай. Дала жұмыстарына 10,5 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мың сепкіш және 9,7 мың басқа да ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Сонымен қатар, арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруаларға нақты қолдау көрсетілді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында фермерлер минералдық тыңайтқыштарды алдын ала сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл топырақтың құнарлылығын арттырып, егіннің өнімділігін жоғарылатуға сеп болады. Сондай-ақ, тұқым сапасына да ерекше назар аударылуда. Биылғы дайындалған тұқымның 92,2%-ы жоғары репродукциялы әрі өнімділігі жоғары.

Аграрлық салада суармалы жерлердің көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл да өнім көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Шаруаларға «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары арқылы Аграрлық несие корпорациясы тарапынан жеңілдікті несиелер берілді. Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 113 шаруашылық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қаржыландырылды.

Мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығына, пестицидтер мен тыңайтқыштарды сатып алуға, су жеткізуге субсидия түрінде қолдау көрсетіледі.

Айта кетейік, 2024 жылы Қарағанды облысында 1 миллион 300 мың тонна астық жиналды. Бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Аталған табысқа мемлекеттік қолдаудың, жоғары сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштардың, сондай-ақ агротехнологиялық талаптардың дұрыс сақталуының арқасында қол жеткізілді.

Қарағанды өңірінің аграршылары биыл да сол нәтижені қайталауға немесе одан асып түсуге ниетті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button