Биыл 50 шақырымға жуық жол жөнделеді
Бұқар жырау ауданында аудандық және кентішілік маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл 50 шақырымға жуық жол жабынын ретке келтіру жоспарланған.

– Биыл ауданда 48,6 шақырым автожолды жаңартып жатырмыз. Бұл – кентішілік учаскелер мен ауылдарға кіреберіс жолдар. Қалған жолдар кезең-кезеңмен жөнделеді, – деді Бұқар жырау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бақтияр Жаңбырбаев.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша ағымдағы жылы сегіз елді мекенде 40,7 км елді мекен ішіндегі жолдар орташа жөнделіп жатыр. Көкпекті, Атамекен, Ақбел, Ақтөбе, Петровка, Жаңаталап, Центральный және Новоузенка ауылдарында жұмыстар басталды.
Сондай-ақ, аудандық жолдарды жөндеу жоспарланған.
Жаңарту Төрткөл, Ақжар ауылдарына және Үштөбе ауылындағы өнеркәсіптік аймаққа кіреберіс учаскелерін қамтиды. Төрткөл мен Үштөбеге баратын жолдардағы жұмыстар аяқталу сатысында. Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдағы жайлы мектепке кіреберіс жолдың жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жабынының сапасына зертханалық сынақтар жүргізіледі. Ол үшін мамандар асфальт үлгілерін алып, стандарттарға сәйкестігін тексереді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА