Бірыңғай уақыт белдеуінің зияны жоқ
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы есебін тыңдады. Фракцияның ұсынысымен жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, бірыңғай уақыт белдеуінің халықтың денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері қарастырылды.
Жалпы, «AMANAT» фракциясының ұсынымын іске асыру шеңберінде өзгерген уақыт белдеуінің халықтың физикалық және психикалық денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері туралы зерттеу 6 бағыт бойынша жүргізілген. Оған беделді ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми институттар тартылды. Ал, зерттеу барысында географиялық параметрлері ұқсас әр түрлі мемлекеттің тәжірибесі назарға алынды.
Депутаттар алдында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйледі.
– Салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елдерде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Аталған мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып келеді. Адами капиталды дамыту бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді қолдай отырып, оны толық негізделген деп санайды, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.
Мәселен, зерттеу нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елдегі білім беру процесінің нәтижелеріне теріс әсер етпегенін көрсеткен. Одан бөлек, жол-көлік оқиғалары мен көшедегі қылмыс жағдайына айтарлықтай әсерін тигізбеген.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу денсаулық сақтау саласына да тиімді екенін көрсеткен. Яғни, аурулар санының төмендегені анықталды. Мәселен, жедел жәрдем шақырту саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендегені байқалған. Яғни, уақытты ұтымды бөлу – қоғамдық денсаулыққа оң әсерін тигізуде.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев «Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қадамы денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып» келгенін айтып отыр.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне түзету енгізіліп, ол жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау тапқан.
Депутаттар Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Үкіметтің өзге де өкілдерінің жауаптарын тыңдады.
Арман Шаққалиев алдын ала деректер халық өмірінің негізгі көрсеткішіне және экономиканың негізгі салаларының жұмыс істеуіне өзгерген уақыт белдеуінің тигізген теріс әсері анықталмағанын айтады.
– Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін ауыстырудың азаматтардың тұрмысына және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуі тиіс екенін атап өтті. Бүгін Үкімет «AMANAT» фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын таныстырды. Ол ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен өткізіліп, Қазақстанда бірыңғай уақытты енгізу туралы шешімнің ғылыми негізділігін көрсетті, – деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Талқылау жұмысын қорытындылай келе, депутаттар Үкіметтің ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдап, зерттеу қорытындысын қалың бұқараға жеткізудің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, депутаттар Үкіметке жергілікті билік органдарымен, мәслихаттармен бірлесіп, еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуінің маңызы мен ғылыми негізі туралы арнайы түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынды. Бұл жұмысқа ғалымдарды, сарапшылар тобының өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын белсенді тарту керек. БАҚ пен әлеуметтік желілерде тиісті ақпараттық жұмыс ұйымдастыру қажет.
Сонымен қатар, халық сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет «AMANAT» партиясының ресми сайтынан