Жаңалықтар

Бірыңғай мектеп формасы – қоғам талабы

Бүгінде мектеп формасының мәні қандай? Онымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті шешуге бола ма? Жаңа мектеп формасына ата-ана, ұстаз бен оқушының көзқарасы қалай? Осы мәселелер жөнінде тарқатып көрсек…

Мектеп формасы зайырлы қоғамның талабы десек те, оның жалпыға бірдей қолжетімділігін де ескерген жөн. Кеңес заманында бәріне бірдей мектеп формасы болды. Оқушы мен мұғалімді ажырата алу оңай еді. Әрі әлеуметтік теңсіздік те байқалмады. 90-шы жылдардағы тоқырау мектеп формасына да әсер етпей қоймады. Ел алаң-елең жағдайда жүрген оқушылардың формасына мән де бермеді. Осы кезден басталған олқылықты бүгінгі таңда түзеу түбегейлі қолға алынды. Әр мектептің арнайы өз формасы болды. Ондай болмаған жағдайдың өзінде жалпыға ортақ ақ жиде мен қара белдемше кию міндеттелді. Оны ескергендерден гөрі елемегендердің қарасы басым еді.

Биылғы жаңа оқу жылынан бастап, бірыңғай мектеп формасын кию міндеттелуде. Бұл білім берудің зайырлы сипатын іске асыру қажеттілігінен туындап отыр десе де болады. Мектеп формасы өскелең ұрпақтың жүріс-тұрысына, денсаулығына, жалпы дамуына зор ықпалын тигізеді.

«Баланы мектепке дайындауда ата-ананы толғандыратын мәселенің бірі – мектеп формасы. Көптеген ата-ана киімді сапалы әрі қолжетімді бағамен сатып алғысы келеді. Бүгінгі таңда міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіліп, бұйрық жобасы дайындалды. Атаана өзі қалаған форманы еркін таңдай алады. Барлық өңірлердегі білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын таңдауда бірыңғай түсті ұсынады» – дейді жауапты министрліктегі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Жалпы бірыңғай мектеп формасы әлеуметтік алшақтықты бір жүйеге келтіруден бөлек, оқу орынындағы ішкі мәдени тәртіпті қалыптастырады, түрлі фанатизмнен сақтандырады әрі қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Мәселен, түрлі түсті қысқа белдемше, кең кеудеше, олпы-солпы жейде мен спорттық аяқ киім мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектің сықпытын кетіргендігі жасырын емес. Осындай кем-кетіктің алдын алу бүгінгі қоғамның талабы болмақ. – Менің оқушы кезімде арнайы мектеп формасы болатын. Бәріміз бір үйдің баласындаймыз. Қандай жақсы еді. Қазір қыздарым мектеп жасында. Туфли дегенді алмаймыз. Тек спорттық аяқ киім киеді. Көзге ерсі көрінеді. Өздерінің еліктейтіндері бар, соларға еліктеп кең киім киіп мектепке бара береді. Бұл кез келген ата-анаға ұнай қоймасы анық. Сондықтан, мен бірыңғай мектеп формасын қолдаймын. Тек қана бағасы қымбат, арнайы өздері бекіткен дүкендерден емес, сапалы дүние сататын базарлардан алуға немесе ательеде тіктіруге мүмкіндік берсе болғаны, – дейді ата-ана Меруерт Серғалиева.

Қарағанды қаласындағы мектеп әкімшілігі ата-аналардың ватсап чатына таратып жатқан қара көк түсті мектеп формалары көңілге қонымды. Пиджак, сәйкесінше шалбар немесе белдемше ұзындығы 5 см. тізеден төмен болуы керек, трикотаждан тігілген жейде, классикалық және салтанатты жейде, тенниска, ақ түсті футболка кию ұсынылды. Шаш пен тырнақ өсіруге, бояуға, оверсайз жейде киюге, пирсинг тағуға тыйым салынады.

Мектеп формасында қара көк түсті таңдаудың да өзіндік мәні бар.

«Бұл түстің астында бозарып атқан таңғы аспан жатыр. Қара көк, жалпы көк түс біздің ғана емес көптеген халықтардың сенімінде зеңгір көк пен мәңгіліктің, тазалықтың символы. Тұрақтылық пен адалдық та осы түспен байланыстырылады. Эстетикалық жағынан да ұнамды, әдемі. Қара көк түс баланың зейінін жинақтауға оң әсерін тигізеді» – дейді психолог мамандар.

Сайып келгенде, мектеп формасы оқушыларды тәртіпке, адамгершілікке, өзін басқалармен тең сезінуіне, тазалық пен ұқыптылыққа, жауапкершілік пен сымбаттылыққа баулиды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button