Біртуар ғалым, бірегей тұлға
Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен, Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Ғибратты тұлға» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Өлке тұлғалары» кітапханалық тележоба аясында ұйымдастырылған шара біртуар ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Жамбыл Ақылбаевтың туғанына 85 жыл толуына арналды.
Өндірісті өлкеміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан атақты ғалым Жамбыл Сәулебекұлының өмір жолын жас буынға үлгі етіп, кеңінен насихаттауды көздеген кеш тартымды өтті. Емін-еркін пікір алмасып, кештің көрігін қыздырды жастар. Өздерін мазалаған сұрағына жауап алды. Ғылымға деген ынтасы да оянғандай.
Кештің тағылымға толы болуына Арқаның ғалымдары үлес қосты. Атап айтсақ, жиынға техника ғылымдарының докторы, профессор Сәбит Қонтаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Салауат Кентбек, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов, филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахимов, Жамбыл Ақылбаевтың туған қарындасы Ақмарал Ақылбаева, ақын, жыршы-термеші Дидар Қамиев, Шет ауданы Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия директоры Гүлбаршын Мықышева және басқа да оқырман қауым қатысып, түрлі тұшымды әңгіме өрбітті.
Кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханқызы академик туралы тың деректер мен шығармашылығына қатысты ақпараттарды ортаға салды.
– Жамбыл Сәулебекұлы – елiмiздiң түпкiр-түпкiрiне сан қырлы мамандық иелерiн даярлап, тәрбиелеуде өзiндiк сара жолын, жан-жақты педагогиканың мықты үрдiсiн лайықты жалғастырған біртуар педагог, бірегей ғалым, білікті басшы. Оның шәкірттері түрлі салада еліне адал қызмет етіп жүр, – дейді Салауат Қамшыбайұлы.
Басқа қонақтар да Жамбыл Сәулебекұлының өнегелі жолы, ғалым атындағы облыстық олимпиада байқауы жайында мағлұмат берді. Бойындағы асыл қасиеттері мен ұжымды ұйыстыра білетін іскерлігі де тілге тиек етілді.
Айтыскер ақын Дидар Қамиев біртуар ректордың аруағына арнап, арнау айтты. Ғалымның азаматтық болмысын, патриоттығын өлеңмен суреттеді.
Бұдан бөлек, өмірі мен қызметі, шығармашылығы жөнінде деректі фильм және ол туралы кітаптар мен басылымдар қойылған кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz