Ресми

Бірлікті ту еткен эстафета

Қарағанды – талай өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, ынтымақ-бірлікте өсіп-өркендеу жолында келе жатқан шаһардың бірі. Осы шаһарда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қуанышыңа ортақтасып, қиындығыңды бөліскен бір туған ағайындай. Олай деуіміздің себебі, өткенде су тасқыны кезінде этномәдени орталықтың қызметкерлері гуманитарлық көмек көрсеткен еді. Осыдан-ақ пейілінің, ниетінің ақтығын аңғаруға болады. Бұл жолы Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен Қарағандыда «Бірлік жүгірісі» эстафетасы өтті. Шараға дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Аталған шара тек Қарағандыда емес, республиканың түпкір-түпкірінде өтті. Биылғы эстафетаға 150-ден астам қарағандылық қатысқан. Қатысушылар Қарағанды ​​қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағына жиналды.

– Бұл мейрам – елде ауқымды түрде өткізілетін мерекелердің қатарында. Мейрамды тойлау мақсатында жыл сайын эстафета ұйымдастырылады. Күллі этнос өкілдерінің басын қосып, татулықты насихаттауды көздейді. Осындай шара арқылы қазақ халқына деген құрметімізді, бірлікте екенімізді көрсеткіміз келеді. Әрі бір жағынан спортпен шұғылдану денсаулыққа да пайдалы, – дейді ұйымдастырушылар.

Эстафетаға ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Одан қала берді қала тұрғындары мен қонақтары, жастар да төбе көрсетті. Жарыс соңында қатысушыларға медаль мен грамоталар және естелік сыйлықтар табысталды.

– Ел бірлігін, тұтастығын сақтау – міндет. Біз – көп ұлтты мемлекетпіз. Сондықтан, бізге ауызбіршілік аса қажет. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – деді облыстық жауынгерлік самбо федерациясының Президенті Ержан Халил.

Эстафетаға қатысушылардың бірі – Владислав Сыроватский. Бұл эстафетаға алғаш рет қатысуы екен. Десе де, жас та болса, эстафета жалауын көтеріп, алдыңғы сапта жүрді.

– Эстафета – өмірімдегі үлкен тәжірибе болды. Мұндай шараға қызығатындардың қатары көп екен. Үлкенді-кішілінің бәрі жиналғанда таң қалдым.

Біз өз мақсатымызға ұмтылған жандармыз. Эстафета да сол секілді. Шаршайсың, ентігесің. Бірақ, осы жолда бар күш-жігеріңді сарп етіп, жүлделі болуға асығасың. Сол сияқты біздің өмір де үлкен эстафета секілді. Бірақ, біз үшін осы бәсекеде жетістікке жету басты мақсат емес. Керісінше, мұнда рухы мықтылар жиналған, – деді Владислав Андреевич.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button