Бірліктің тұғыры биік
Көктем табиғаттың жаңаруымен ғана емес, халықтардың жүрегіндегі үміттің жаңғыруымен де ерекше. Әр ұлттың салты, әр ұрпақтың арманы бір-ақ арнаға тоғысқанда, бейбіт өмірдің көгершіні көкке қанат қағады. Еліміздегі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – сол арнада тамырын тереңге жайған мәңгілік құндылықтың жарқын көрінісі. Бұл күні елімізде өмір сүріп жатқан 130-ға жуық түрлі этнос өкілдері бір ағаштың жапырағындай жайқалып, ортақ мүдде, ортақ мақсат үшін біте қайнасқанын паш етеді.

Бірлік пен бейбітшілік – ұран ғана емес, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпақа, әкеден – балаға аманатталған ұлы мұрат, ұлт болмысының өміршеңдігінің кілті. Яғни, бірлік күні бізге түрлі этнос өкілдерінің өрнегімен тоқылған қазақы кең дастархан болып елестейді. Баяу соққан самалдай, аспан астын әнге бөлеген көктемнің бұл күнінде табиғаттың өзі үнсіз тіл қатып: «Тату болсаң – тірі боласың, тату болсаң – тұғырлы боласың» деп сыбырлайтындай.
Қазақ даласының кең пейілі мен көгершіннің аппақ қанатындай бейбіт ниеті сан этностың басын қосып, бір шаңырақ астында тағдырын тоғыстырды. Бала күлкісіне ұласқан ана тілдер, әке даналығындай ұйысқан баба дәстүрлер осы айтулы мерекенің астарында жатыр.
Бұл күні аспан көгінде шаңырақ бейнесі іспеттес ақ бұлттар қалықтайды. Әрбір этнос бір уық, әрбір жүрек бір кереге секілді еліміздің ұлы шаңырағын көтеріп тұр. Бейбіт өмірдің нышаны көгершіндер көкке самғап, жүректер бір әуенге, ынтымақ пен татулықтың сазына тербеледі. Ымыра-бірлік пен бейбітшілікті жер бетіндегі ең асыл гүл десек, артық айтқандық емес. Оны аялау керек. Аспан мен жер арасын жалғаған көне аңыздарда ерте заманда адам баласы бір тілде сөйлеп, бір жүрек болып соғып, тату ғұмыр кешіпті деседі.
Ал, 1950 жылдары бүкіл КСРО-дан қоныс аударушылардың тағы бір толқыны тың игеру үшін қазақ еліне табан тіреді. КСРО ыдыраған жылдары, одан кейін де Қазақстаннан көшіп кеткен ұлт пен ұлыстар саны көп болса да, олардың кейбірі қазақ жерін «Отаным!» деп қабылдап, күні бүгінге дейін тұрақтап қалды. Міне, осы ұлт пен ұлыстардың бірлігі мен олардың мызғымас ынтымағын айғақтайтын бірден-бір мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні болып отыр.
1995 жылдың 18 қазанында елде ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған бастама ретінде қолға алынып, 1996 жылы Президент Жарлығымен «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жарияланды.
Бұл күн бұрынғы кеңестік дәуірден қалған «Көктем және Еңбек мерекесі» орнына жаңа тарихи мазмұнмен толықты. Этносаралық келісім мен бірлік басты құндылық ретінде дәріптелді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл күнге жаңа мән берілді. Енді, еңбекшілердің ынтымағы ғана емес, тұтас халықтың ынтымағы мен бірлігі мадақталады. Бұл қадам – түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруі үшін өте маңызды саяси әрі мәдени шешім еді.
Қазақ халқының тағдыры да, тарихы да татулық пен келісімге сүйеніп қалыптасты. Бүгінде көпэтносты, көпмәдениетті мемлекетіміз бейбіт өмірдің ғажап үлгісін көрсетіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бейбітшілік пен тұрақтылық – тәуелсіздігіміздің берік тірегі. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы – осы құндылықтарды сақтау және нығайту», – деп атап өткен болатын.
Қарағанды – этностар татулығының үлгісі
Қарағанды облысы – еліміздегі ең көпэтносты аймақтың бірі. Мұнда 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Облыста 61 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, олардың 3-уі республикалық мәртебеге ие. Бұл ұйымдар аймақтың қоғамдық өмірінде белсенді рөл атқарып, әр ұлттың мәдениетін, тілін дамытуға атсалысуда.
Шынында, өңірдің түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақ пен татулық Қарағандының дамуына, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына ықпал етіп келеді.
Қарағандыдағы Достық үйінде Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жас ғалымдар клубы, Медиаторлар орталығы және түрлі этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Бұл құрылымдар ұлтаралық достықты дамытуға, мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға ерекше үлес қосып отыр.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында этностар арасында 2000-нан астам адам ана тілін үйрену үйірмелеріне қатысып жүр. Олардың арасында корей, неміс, поляк, татар, ингуш тілдері бар. Бұл – ұлт мәдениетінің сақталуына жасалып отырған үлкен мүмкіндік.
Тарихтың таңбасын таныған ел
Бірлік жайлы айтқанда өткен тарихтан да сабақ алу керек. Қазақты ұлт ретінде сақтап қалған да – бірлік. Керей мен Жәнібек хандардың көк Туы астына жүздеген рулар бірікті. Екінші дүниежүзілік соғыста да тілі мен діні бөлек жандар бірге жауға тойтарыс берді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай тағылымды тарихтың заңды жалғасы болып отыр. Бейбіт аспан астында бір атаның баласындай тіршілік ету – ұрпаққа үлгі, болашаққа аманат. Өйткені, бірлігі бар елдің туы ешқашан жығылмайды.
Қазақтың тарихы – сабыр мен төзімнің, бірлік пен үміттің тарихы.
Кезінде ел басына күн туғанда, найзаның ұшымен, білектің күшімен жерін қорғады. Қылышынан қан тамған заманда да татулықтан таймады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бірлік пен тұрақтылық – дамудың ең сенімді кепілі. Ассамблеяның әрбір мүшесі елге қызмет етудің, ортақ іске үлес қосудың үлгісін көрсетуде. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының татулығы мен келісімін сақтау ең басты құндылыққа айналды.
Иә, бірлік болмаса, бақ тұрмайды. Бейбітшіліктің қадірін ғасырлар бойы тағдырдың талай теперішін көрген қазақтай қарға тамырлы ел ғана түсінеді. Расында да, елдің ырысы – ынтымақта. Ұлттың ұлы күші – оның бірлігінде. Бірлік күні өзге мәдениеттерге құрметпен қарай отырып, баршамыз біртұтас Қазақстанның перзенті екенімізді сезінеміз. Өйткені «Ынтымақ түбі – береке» деген ұлы сөз ешқашан маңызын жоғалтқан емес.
Бейбітшіліктің мәңгілік символдары
Адамзат тарихында бейбітшілік пен бірлік – мәңгілік аңсар, асыл мұрат. Әр халық өз ұлы мұратын ардақтау үшін ғасырлар бойы бейбіт өмірді, ынтымақ пен татулықты паш ететін ерекше символдар жасап шыққан.
Көгершін – бейбітшіліктің әмбебап белгісі. Бүкіл әлемде ақ көгершін бейбіт өмірдің, сенім мен үміттің символы ретінде қабылданады.
Шаңырақ – қазақтың ұлттық бірлік нышаны. Туымыздағы шаңырақ бейнесі – көктегі Күнді де, жердегі елді де біріктіретін қасиетті белгі. Шаңырақ – әр қазақ үшін бірліктің, отбасының, тұтастықтың киелі рәмізі. Ол бір атаның ұрпағы бір шаңырақ астында тату өмір сүргенін білдіреді. Елтаңбадағы шаңырақтың төңірегіне шоғырланған уықтар – әр өңірдің, әр ұлттың Қазақстан атты ұлы ордада ынтымақпен өмір сүріп жатқанын меңзейді.
Зәйтүн бұтағы – келісім мен бейбітшіліктің тағы бір ежелгі символы. Көне Грекия мен Рим дәуірінен бері келе жатқан зәйтүн бұтағы бейбіт келісімнің белгісі саналады. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының туында да әлемді құшағына алған жер шарының екі жағында зәйтүн бұтақтары бейнеленген.
Бейбітшілік қоңырауы – әлем халықтарының татулығын насихаттайтын символ. Түп-төркіні Жапониядан басталған бұл рәміз бүгінгі күні БҰҰ-ның штаб-пәтерінде орнатылған. Ол ядролық қырғынға қарсы үн қатқан алғашқы белгі ретінде күллі адамзатқа бейбіт өмірдің маңызын еске салады.
Әр ұлттың бірлік пен бейбітшілікті дәріптейтін өз символдары болғанымен, олардың ортақ мағынасы – адамдардың бір-біріне деген құрметі, татулығы мен сенімі екенін ұғындырады. Қазақстан – осы құндылықтарды өз елінің басты ұранына айналдырған мекен.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»