Ресми

Бірлікті нығайтудың тиімді құралы

«Достық үйіндегі» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел қуаты – бірлікте» атты кеңейтілген отырысына қатысқан этномәдени бірлестіктер табысты мемлекеттің алғышарттарын атады. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын Ассамблея жұмысына ерекше тоқталды.

– Мемлекет басшысы Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында «Мемлекеттігіміздің іргетасын бекітіп тұрған басты институт – Ассамблея бірлікті нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым» деген болатын. Ассамблея қазіргі таңда жалпыұлттық маңызы бар жарқын жобаларды жүзеге асыруда. Игі жобалар күннен-күнге қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, қайырымдылық шараларына ұйытқы болуда. Отансүйгіштік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеуде «Тарихтан – тағылым, өткенге тағзым» жобасы, «Елтану» экспедициясы», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін «Мәміле» клубы бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Ассамблея жұмысының қарқын алуына қосқан әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз мол, орындарыңыз бөлек, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.

Жиындағылар барша азаматты ортақ мемлекеттік идея төңірегіне топтастыратын, ұлт бірлігін нығайтудың тиімді құралы – Ассамблея өзінің әдеттегі шекарасынан шығып, партиялар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарымен және мемлекеттік органдармен берік қарым-қатынас орнатуы керектігін баса айтты. Президент әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан «Ассамблея – түрлі этностардың мүддесін қорғайтын орган емес, барша азаматтарды ортақ мемлекеттік идея төңірегіне топтастыратын ұлт бірлігін нығайтудың тиімді құралы» деп атады.

– Қарағанды шаһары – көпұлтты аймақ. Мұнда 100-ден астам этнос өкілі тұрады, 60-тан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жолында еңбек етеміз. Әрине, ұлттық бірегейлік дәріптелуі тиіс. Осы мақсатта облыстың ҚХА және этномәдени бірлестіктерінің өкілдері облыстың қоғамдық өміріне белсене араласады. «Жастар ассамблеясының» өңірді көркейту мақсатындағы қайырымдылық шараларға шын жүректен атсалысып жүргенін көріп жүрміз. Аналар кеңесі де пайдалы шаралар өткізуге белсенді. Қалалардағы түрлі құрылымдармен өзара байланыс орната біледі. Аналар кеңесі аға буынға, жастарға қамқорлықпен қарайды. Бұл кездесуде аймақтық медиа­торлардың жұмысын атап өту керек. Олар медиацияны танымал ету үшін аян­бай жұмыс істейді, – деді Ғалымжан Жайықбайұлы.

Жиынға қатысқан «Тәжіктердің рес­публикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақбаржон Исмаилов этномәдени білестіктер қызметіне, жетістіктеріне тоқталып, ұсыныстармен бөлісті. ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Ләззат Таймырқызы отбасылық құндылықтарды нығайту және насихаттау мақсатындағы Аналар кеңесінің жасаған бірқатар жұмыстарымен таныстырып, үйде бала тәрбиесімен отырған аналарға кәсібін дөңгелетуге мүмкіндіктер беру жайлы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, жиында көпұлтты елдегі ұлтаралық қаты­нас мәдениетін қалыптастыру, ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатындағы қа­дамдар айтылып, өзекті мәселелер талқыланды. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, жалпы, барлық жерде дәріптеліп, әр азаматтың күнделікті ұстанымында болуы тиіс деген пікірге келді.

Халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан ерен еңбегі үшін Қарағандыдағы №3 көпсалалы аурухана директорының орынбасары, ҚХА мүшесі Сергей Шерс­тов «Шапағат» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, жиынға қатысқандар Теміртаудағы Аналар кеңесінің «Ісмер» клубы ұйымдастырған ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысты. «Мәміле» тілдесу клубының жетекшісі Ольга Тим мемлекеттік тілге қатысты ашық сабақ өткізді.

Аяулым СОВЕТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button