Бірліктің бірегей институты
Еліміздегі тұрақтылықты нығайтуда, бейбітшілік пен келісімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады. Яғни, мемлекет құрушы қазақ халқының айналасына Қазақстандағы сан алуан этностарды топтастырып, рухани жаңғыру мен бірлікті нығайтуға ықпал ететін игілікті институтқа айналды.

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы – өңірдегі азаматтық қоғамның алдыңғы шебіндегі ұйым. Аталған институт әрбір этномәдени бірлестік өкілінің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық және дінаралық келісімді бекемдеуге зор үлес қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауында тұрған ұлттық-мәдени орталықтар қатарында «Видергебурт» неміс қоғамы, Қазақстан кәрістері қауымдастығының Қарағанды ұйымы, еврей мәдени орталығы, «Ихлас» татар-башқұрт орталығы, «Авги» грек қоғамы секілді бірлестіктер бар. Негізі 1989-1992 жылдары қаланып, осы кезеңде Қазақстанда демократияландыру үдерістері қарқынды дами бастады. Алайда, ұлттық-мәдени орталықтар мен этностық қауымдастықтардың қызметіне ерекше серпін берген басты оқиға – Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. Осы жолда Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуында қазақ халқының парасаты мен түсіністігі үлкен рөл атқарды.
Жоғарыда аталған алғашқы этномәдени орталықтардың жұмыс тәжірибесі ұлттық фольклорлық шараларды өткізуден, дестелі дәстүрлерді қайта жаңғыртуға алғашқы қадам жасаудан, ана тілін оқып-үйренуден қалыптасты. Сол кезеңде алғашқы жексенбілік мектептер ашылып, онда балалар халық қолөнерінің қарапайым әдістерін меңгеріп, ұлттық әдет-ғұрыптар мен ойындарды үйреніп, ана тілінде сөйлеуге машықтанды. Кейін бұл тәжірибе ерекше сұранысқа ие болды. Өйткені, Қарағанды қаласында ғана емес, облыс аумағында да жаңа этномәдени бірлестіктер пайда бола бастады. 2008 жылға дейін «Ұлттық-мәдени орталықтар» деп аталған этностық қоғамдық бірлестіктердің жұмысын үйлестіру мақсатында Ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілерінің кеңесі құрылды. Ол орталықтардың өзара іс-қимылын реттеп, олардың қоғамдық-саяси маңызы зор іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етті. Осылайша, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірдің қоғамдық өмірінде маңызды орын ала бастады. Уақыт өте келе, оның дауысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай үнінде айқын естіле түсіп, қоғамның ынтымағы мен бірлігін нығайту ісінде өзіндік рөл атқарды.
Ұлттық-мәдени орталықтарды ортақ «Этномәдени бірлестіктер» атауымен біріктіру ұсынылды, бұл олардың қызметінің мәні мен мақсаттарын дәлірек айқындады. 2007 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясы жаңа атауға ие болып, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» (ҚХА) деп аталды.
Қарағанды облысында ғылыми-сараптамалық топ 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол өңірдегі этносаралық қатынастар саласындағы ғылыми зерттеулерді анықтап, үйлестіреді, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің тәжірибесін зерделейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық датасын атап өтіп, біз оның негізін қалаған, аса гуманистік дәстүрді қалыптастырған тұлғаларды еске алмауымыз әсте болмас. Олардың қатарында Беларусь этномәдени қоғамының негізін қалаған Анатолий Васильевич Майсюк, Қарағандыдағы алғашқы еврей қауымдастығының төрағасы Михаил Яковлевич Фаликович, «Полония» этномәдени орталығының негізін қалаушы Александр Казимирович Сваричевский, «Намус» әзірбайжан бірлестігінің жетекшісі Агиф Галим-оглы Мамедов, «Рідне слово» украин тілі қоғамының төрағасы Мирослав Николаевич Зеленяк, Қазақстанның бұрынғы сенаторы, «Видергебурт» орталығының негізін қалаушы Виктор Эдуардович Кист сынды есімдері елге белгілі азаматтар бар.
Біз облыс басшыларын, мемлекеттік басқармалар мен қызметтердің жетекшілерін, этномәдени бірлестіктер мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қолдау білдіріп қана қоймай, өз жан жүрегімен, бар күш-жігері мен білімін осы игі іске арнаған азаматтарды зор құрметпен еске аламыз. Олар достық, өзара сыйластық, бейбітшілік пен келісім қағидаттарын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етті. Облыстағы этномәдени бірлестіктерге ерекше қамқорлық танытқан К.Мұхамеджановтың жанашырлығын, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерімен шыдамдылықпен және даналықпен жұмыс істеген С.Нұрмағанбетованың еңбегін, ұлттық мәдени фестивальдердің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болған Р.Омарбекованың сүбелі үлесін біз әрдайым ілтипатпен еске аламыз. Сонымен қатар, әрбір ҚХА мүшесінің мәселелеріне жанашырлықпен қараған М.Әлеева мен Е.Құсайынның еңбегі айрықша. Бүгінде осы дәстүрді асқан ұқыптылықпен сақтап, Ассамблеямен жүйелі әрі мақсатты түрде жұмыс жүргізіп отырған Г.Рымбекованың қызметі де ерекше құрметке лайық.
ҚХА-ның бұл бағыттағы жұмысы әртүрлі буын өкілдерімен мақсатты түрде өзара әрекеттесуді және жастармен көпқырлы бағытты қамтиды. Біз облыстық ҚХА мүшелерінің есімі тек аймақта ғана емес, республика көлемінде кеңінен танылғанын мақтанышпен айта аламыз. Мәселен, «Литуаника» бірлестігінің жетекшісі Виталий Ионо Тварионас – Литваның Қазақстандағы Құрметті консулы, республикалық деңгейдегі қоғам қайраткері ретінде танылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Облыстық «Полония» қоғамының жетекшісі Виталий Хмелевский Қазақстан поляктары одағын басқарды. Ал, Қарағанды өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымының көшбасшысы, ҚХА тәрбиесін көрген, румын этномәдени бірлестігі «Дакияның» жетекшілерінің бірі Александр Урмашов өз еріктілік қызметі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын иеленді.
Облыстық ҚХА мүшелері тек ауқымды іс-шаралармен ғана емес, сонымен қатар, ұқыпты әрі мақсатты жеке жұмыстармен де айналысады. Этномәдени бірлестіктер белсенділерінің жүйелі әрі нақты ақпараттық-түсіндіру қызметі ҚХА сессиялары аяқталған немесе Ақордадан жаңа бағдарламалық құжаттар жарияланған сәттен бастап бірден іске қосылады.
Этномәдени бірлестіктер үшін табиғи апаттардан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, бұл бағытта армян этномәдени бірлестігі «Эребуни», дағыстандық, шешен-ингуш және грузин бірлестіктері үлкен үлес қосуда. Сондай-ақ, ҚХА құрылымындағы «Жомарт жан» орталығының жетекшісі А.Осиннің мұқтаж жандарға көрсеткен нақты материалдық көмегін ерекше атап өткен жөн.
Жаңа тарихи кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі арта беретіні сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы әрдайым Тәуелсіз, Әділетті Қазақстанды, біздің «Мәңгілік елді» құруға атсалысатындардың қатарында болады!
Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ,
Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының
ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі,
Қарағанды қаласының Құрметті азаматы,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор