Бас тақырып

Бірліктің берекелі мерекесі

Қарағандыда Қазақстан халқының бірлігі күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай кең ауқымды мәдени және спорттық іс-шаралар өтті. Қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты дәріптейтін бұл мерекелік бағдарламалар түрлі этностарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға бағытталды. «Бірлік жүгірісі – 2025» республикалық марафонынан бастап, этномәдени концерттік кешке дейінгі барлық іс-шара – халқымыздың ауызбіршілігін, көпұлтты қоғамдағы өзара құрмет пен түсіністікті паш етті. Бұл күн – әрбір азаматқа ортақ Отанымыздың біртұтас болмысын сезінуге, бейбіт өмірдің қадірін ұғынуға шақырған шынайы рухани мерекеге айналды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Марафон Қарағанды қаласы­ның Сарыарқа даңғылы бойын­дағы «Алаш» скверінде, Ту тұ­ғы­рының жанында ұйымдастырылды.

Оған облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, белгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, спортты жанына серік еткен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар 2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей марафонға қатысушыларды құттықтады.

– Біз – тұтас елдің ажырамас бөлшегіміз. Бүгінгі марафон – бірлікті, ортақ қуатты және жігерімізді сезінудің тамаша мүмкіндігі. Бүгін біз жасаған әрбір қадам – татулығы мен үйлесімі жарасқан қоғамға қарай жасалған сенімді қадам. Біз 30 жылдан астам уақыттан бері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-бірімізді толықтырып келеміз, – деді ол.

Марафонға спорт ардагерлері де белсене қатысты. Мюнхендегі Олимпиада ойындарының қатысушысы, велоспорттан әлем чемпионатының жүлдегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Анатолий Степаненко бұл шараның маңыздылығына тоқталды:

– Бұл жүгірістің ұйымдастырушысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Биыл ол өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұйым қазіргі көпұлтты Қазақстанның қалыптасуында зор рөл атқарды. Баршаңызды 1 мамыр – Бірлік күнімен және алда келе жатқан Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтаймын, – деді ол.

«Вайнах» шечен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасы Увайс Джанаев та жүгіріске белсене қатысып, бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

– Ассамблея – біздің ортақ күшіміз. Мұндай іс-шаралар адам­дарды біріктіріп қана қоймай, шабыт сыйлайды, – деді ол.

Марафонға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сә­пиев те қатысты. Ол баршаға арнаған сөзінде ел ішіндегі татулық пен бірлік құндылығына ерекше тоқталды.

– Қазақ халқы – біртұтас халық. Біз ұлттарға, ұлыстарға, діндерге бөлінбейміз. Біз бір елде өмір сүріп, бір мемлекетті бірге дамытып жатырмыз. Баршаңызға бейбіт өмір, амандық пен өсіп-өркендеуді тілеймін, – деді Серік Сәпиев.

Марафонға анасымен бірге 16 жастағы Дамир Нұрмағанбетов те қатысты. Ол – паралимпиадалық бочча спорт түрімен айналысатын жас спортшы. Дамир ел астанасында өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Мәре сызығын кесіп өткен әр қатысушыға естелік медальдар мен марафонның белгісі ретінде брендтік сөмкелер табысталды.

Әуезді ән мен жігерлі ұрандар көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл бастама еліміздің рухани құндылықтарын ұлықтаумен қатар, әр азаматты ортақ Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінуге шақырды.

Марафон денсаулық кепілі ғана емес, ол қоғамдағы ауызбіршілік пен сенімнің белгісі. «Бірлік жүгірісі – 2025» марафоны соның айқын дәлелі болды.

* * *
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қарағандыда ән мен би, достық пен татулыққа толы жарқын концертпен аталып өтті. Мәдени көптүрлілік пен ұлттар арасындағы ынтымақты арқау еткен кешке қала тұрғындары мен облыс қонақтары көптеп жиналды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бұл күннің ел үшін ерекше маңызын атап өтті.

– Бұл мереке – халқымыздың терең рухани және жасампаздық құндылықтарын бойына сіңірген қасиетті күн. Қарағанды облысы түрлі этностардың тату тіршілігі мен өзара құрметінің жарқын үлгісі. Біз – әртүрліміз, бірақ теңбіз. Біз бір-біріміздің дәстүріміз бен мәдениетімізді құрметтей отырып, ортақ болашақты бірге құрып келеміз, – деді өңір басшысы.

Мерекелік сахнада этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдардың үздік өнер туындылары – ұлттық билер мен музыкалық қойылымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Саран қаласынан келген «Би алқабы» ансамблінің құрамында Қарағанды сахнасына алғаш қадам басқан студент Варвара Паллас үшін бұл күн ерекше әсерлі болды. Ол – Германиядан шыққан әйгілі биолог ғалым Петр Симон Палластың ұрпағы. Қазақстанда туып-өскен бойжеткен еліміздің көпұлтты болмысы мен бейбіт тіршілігін мақтанышпен атап өтті.

– Біздің еліміз – түрлі этностардың бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан керемет мекені. Осындай үлкен шарада өнер көрсету – зор құрмет. Мұнда бейбіт аспан астында барлығымыз бір мақсатпен жиналдық. Өзге ұжымдардағы достарымыздың ұлттық киімдерін, өнерлерін қызыға тамашаладық, – дейді Варвара.

Мерекелік кешке қатысқан этноұжымдардың қатарында «Вайнах» ансамблінің нәзік құрамын бастап келген Суриана Джанаева да бар. Ол – ансамбльдің хореографы ғана емес, сондай-ақ, Қарағандыдағы чечен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаевтың қызы.

– Бұл жолы сахнаға бірнеше ай бойы дайындалған арнайы концерттік нөмірлерімізді алып келдік. Олардың қатарында «Девичий танец у родника», ерлер тобымен бірігіп орындаған «Свобода» композициясы және балаларға арналған би қойылымы бар, – дейді Суриана.

Көпшілік ықыласына бөленген бұл өнер туындылары – тек мәдени көрініс емес, ұлттық рух пен татулықтың жарасым тапқан көрінісі болды.

Мерекелік сахнада өнер көрсеткен «Ертегі ел» атты үлгілі хореографиялық ансамбль көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жаннұр Хамзин жетекшілік ететін бұл ұжымда бүгінде төрт жүзге жуық өнерпаз тәрбиеленуде. Соның ішінде жүзден астам жас биші бірлік мерекесіне орай ұйымдастырылған концертке арнайы келді. Ансамбль құрамында түрлі ұлт өкілдері өнер көрсетеді.

– Біз бір сахнада қазақ, орыс, украин және өзге де ұлттың балалары өнер көрсететін ұжымбыз. Сондықтан, «достық» пен «бірлік» деген сөздің шынайы мағынасын жақсы түсінеміз, – дейді ұжым жетекшісі Жаннұр Хамзин.

Олар бұл жолы «Әлем халықтарының достығы» атты би қойылымын ұсынып, татар, армян және болгар билерін де сахна төріне алып шықты. Ал, кішкентай қатысушылар халықтық би ұйымдастырып, кештің сәнін келтірді.

Сахнадағы әрбір қимыл, әр әуен – татулық пен түсіністіктің үніндей. Мерекелік шараға келгендер отбасымен келіп, түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін бірге тамашалады. Айта кетерлігі, көрермендердің арасында интернационалды отбасылар да көп болды – бұл бірліктің бүгінгі өмірмен біте қайнасқан айқын дәлелі іспетті.

Мерекелік алаңда көпшіліктің назарын аударған отбасылардың бірі – Сыздықовтар отбасы. Отағасы Ерболат – қазақ, ал жары Марина – кәріс ұлтынан. Олар бұл кешке отбасымен келген.

– Біздің отбасымызда әр ұлттың салт-дәстүрі қатар өмір сүреді. Біз оларды құрметтейміз, ұрпағымызға үйретеміз. Бір-бірімен үйлесіп, жарасым тапқаны біз үшін маңызды, – дейді Марина Сыздықова.

Кеш бойы жалғасқан концерт пен көңілді серуен көпшіліктің есінде қалары анық. Бұл күн – Қазақстан халқының басты байлығы – бірліктің бейнесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button