Бірлікке бастайтын күш
Кейде ел аузынан, әлеуметтік желіден «Ауданның Гимні жазылды», «Ауылдың Гимнін шырқады» немесе «Мектеп Гимнінің авторы» дегенді естіп қаламыз. Арасында «Облыстың Гербі», «Қаланың Гербі» деген сөздер де айтылып жатады. Гимнді – Әнұран, Гербті – Елтаңба десек, ауыл-ауылға, аудан, қалаға жеке Елтаңба, жеке Гимн қажет пе? Осы мәселе көптен бері көкейде жүрген. Десе де, түрлі көзқарас, сан алуан пікір бар. Бұл туралы сала мамандарының, айтары бар аға буын өкілдерінің не дейтіні қызықтырды бізді…
Халқымыздың шежірелі тарихынан сыр шертіп, бейбіт өмірге, бақ-береке мен достық қарым-қатынасқа деген ұмтылысының көрінісін айғақтайтын Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу, оның мән-мағынасын білу қаншалықты қажет болса, олардың атауын дұрыс қолдану керек екені сөзсіз.
Алдымен, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы заңына үңілдік. Онда Мемлекеттік Елтаңбадан басқа ұйымдардың немесе қоғамдық бірлестіктердің таңбасын «геральдикалық белгілер» деп атап көрсетіпті.
– Әуелде Гимн – Құдайды мадақтау ретінде пайда болған. Гректің сөзінен шыққан делінеді. Бұдан да өзге көзқарастар бар. Кейін патшаларды мадақтауға ұласыпты. Біз Әнұран дейміз. Шындап келгенде, мақтау, мадақтау, көтеріңкі көңіл-күймен орындау жағынан келгенде біздікі дұрыс. Гимн тек мемлекетте ғана болмайды. Қоғамдық бірлестіктерде, түрлі ұйымдарда, қаланың, мектептің, басқа бір шағын ұжымдардың өзінің гимні, әнұраны болуы мүмкін. Бұл ешқандай қарсылық туғызбауы тиіс. Ал, герб – белгі деген сөз. Біз оны Елтаңба дейміз. Қаланың, ауданның, елдімекеннің өз Гербі, таңбасы болуы мүмкін. Таңба – өзі бейнелейтін обьектінің нақты нышандарын көрсететін белгі. Яғни, Елтаңба арқылы өзге елдер бізді таниды. Мұны білген дұрыс. Әсіресе, жастар. Бұл туралы әлсін-әлсін жазылып, насихатталғаны жөн. Біздің ресми түрде бекітілген Мемлекеттік рәміздеріміз көркемдік шешімімен де, идеологиялық тұрғыдан да, мазмұны мен ақыл-ойдың көрсетілуі жағынан да заманалық талаптарға сай келеді деп ойлаймын, – деді заң ғылымдарының кандидаты, «Bolashaq» академиясының профессоры Болат Сыздық.
Пікір алуандығы болуы заңды. Ішкі істер саласының ардагері Сәлижан Садықов «Мектеп Гимні», «Қала Гимні» дегенмен келіспейтінін айтады.
– Гимн, Әнұран біреу ғана болуы тиіс, меніңше. Ол – мемлекеттің Әнұраны. Бітті. Біртұтас ел боламыз десек, мұндайдан арылғанымыз жөн. Ауданның, қаланың немесе ауылдың вальсі болсын. Мысалы, «Қарағанды вальсі», «Ақтоғай вальсі» және тағы басқа. Мектепке жеке гимн қажет емес деп ойлаймын. Мектеп оқушылары, мұғалімі, директоры бәрі түгел Мемлекеттік Әнұранды жатқа біліп, сабақты содан бастауы тиіс. Мектептің әні, мектептің маршы болса, жарайды. Бұған да тәртіп керек, – деп есептейді ішкі істер саласының ардагері Сәлижан Садықов.
Осы пікір ойымызды қозғап, білім ошақтарына бас сұқтық. Ондағы мақсатымыз – ұстаздардың көзқарасын білу.
– Иә, шынында, осындай сөздерді біз де естіп қаламыз. Әр мектептің өз тарихы, даму, қалыптасу тарихы бар. Сондықтан, әр мектептің немесе ұйымның өз тарихынан хабар беретін әндері болады. Ол ән ұйымның кейінгі жастары өзі оқитын немесе жұмыс істейтін орынның тарихын біліп, құрметтеп жүруі үшін жазылады. Жұмыла жұмыс істеп, бірлікпен алға басу үшін. Ал, мемлекеттің Әнұраны шырқалғанда Көк Туға қарап тұрып, оң қолды жүрек тұсына қойып, қосыла орындау – әрқайсымыздың міндетіміз. Біз әр оқу аптасын осылай бастаймыз. Бұл – байтақ Отанға, оны қорғап, бізге аманаттаған бабалар рухына деген құрмет, – деп ойымен бөлісті Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің директоры Айнұр Жаппарқұлова.
Бұған да қанағаттанбай, нақты рәміздерді зерттеумен айналысатын, осы сала мамандарының пікірін білгіміз келіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті жанындағы Геральдикалық зерттеулер орталығы республикалық мемлекеттік мекемесіне хабарластық. Аталған орталықтың бөлім басшысы Асылжан Бижановпен тілдесудің сәті түсті.
– Елтаңба әр елде біреу болады. Біздің елімізде де солай. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. «Облыстық Елтаңба», «Қаланың Гербі» деген жоқ. Ол – қате. Оларды «өңірлік рәміз», «аудандық рәміз», «қалалық рәміз» деп атауға болады. Бұдан бөлек, «Өңірлік нышан» деген де нұсқа бар. Аймақтық, аудандық, қалалық белгілерге байланысты осы екі нұсқаны пайдалану керек. Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда да бұл туралы айтылған. Ал, «Мемлекеттік Елтаңба», «Мемлекеттік Герб», «Мемлекеттік Гимн», «Мемлекеттік Әнұран» деп пайлануға шектеу жоқ. Бірақ, Мемлекеттік рәміздер туралы заңда «Елтаңба, Гимн» деп бекітілгенін ұмытпаған жөн. Қаланың, ауданның, ауылдың немесе мектептің Гимні деп атау туралы түрлі көзқарас жүр. Әзірге бұған шектеу жоқ. Бұл мәселе талқыланып, бекітілмеген соң нақты пікір айту қиын. Бастысы еліміздің әр азаматы Мемлекеттік Гимнді жатқа біліп, жүрегінде сақтап, ел дамуына үлес қосса құба-құп, – деп атап өтті Асылжан Бижанов.
Осылайша, түрлі пікір тыңдадық. Елеп-екшеп біраз жәйтқа қанық болдық. Бұған дейін де туралы аузы дуалы зиялы қауым өкілдерінің де «Әнұран мен Елтаңба – біреу, яғни, Мемлекеттік ғана болуы керек!» дегенін талай естіген едік. Көкейде жүрген дүниеге аз да болса, көңіл бөлдік. Қалғаны алдағы уақыт еншісінде…
Ал, Сіз ше, қалай ойлайсыз?
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»