Бірлік пен мейірім символы
Жыл сайын 1 наурызда Алғыс айту күнін атап өтеміз. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл – 30 жыл. Бұл күні бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп, қоғамдағы ынтымақ пен бірліктің мәнін санада тағы бір рет салмақтаймыз.

Алғыс айту күні – бұл аға буынға және елдің дамуына үлес қосқандардың барлығына алғыс айту мерекесі десек те, бірлік, жауапкершілік және өзара жанашырлықтың маңызын және бір еске салады. Мереке аясында әр адамға, оның еңбегі мен мәдениетіне құрметпен қарауға негізделген қазақстандық бірегейлік моделінің маңыздылығын түсіндіруге, насихаттауға тырысамыз. Өйткені, ұлттық бірегейлік пен бірлікті нығайту – мемлекет тұрақтылығының, өркендеуінің негізі.
Бұл күні бірлік пен ынтымақ зор мәнге ие. Себебі, біздің баршамызды біріктіретін жалпыұлттық құндылықтар. Кәсіби һәм азаматтық борышын адал атқаратын жандардың еңбегін бағалау – парыз. Өйткені, ол тарихи жадыны сақтауға және қоғамыды нығайтуға бағытталған қадам екені сөзсіз. Сондықтан да, қиындықтарға қарамастан кәсібіне және азаматтық жауапкершілігіне бекем азаматтарды құрметтейтініміз даусыз.
Этносаралық келісім мен тұрақтылықты тұғырлы етуге сүбелі үлес қосып, 30 жыл бойы өз миссиясын мүлтіксіз орындап келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы – назарда. Қазақстан халқы Ассамблеясы – көпмәдениеттіліктің символы ғана емес, сонымен бірге, әлеуметтік ынтымақтастықтың маңызды факторы. Ол бізге азаматтық қоғамды нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға көмектеседі, бейбітшілік пен келісім үшін жағдай жасауда маңызды рөл атқарып келеді.
Кеншілер астанасында Алғыс айту күні облыс әкімінің қатысуымен «Адамгершілік – асыл қасиет» облыстық форумы өтеді. Биылғы форум барысында «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» естелік тақтасы ашылады. Бұл Ассамблеяның қоғам дамуына қосқан орасан зор үлесін насихаттау мен құрметтеудің символына айналмақ. Мереке күні шаралар қоғам қайраткерлері, ҚХА өкілдері, жастардың қатысуымен Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасады.
Жалпы, облыс бойынша Алғыс айту күніне 100-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланған. Оның ішінде, концерттер, дөңгелек үстелдер, «Қайырымдылық керуені» жобасының акциялары, спорттық іс-шаралар, «Алғыс эстафетасы» челлендждері, флешмобтар және басқа да маңызды шаралар бар.
Алғыс айту күні қарсаңында «Алғыс айту эстафетасы» челленджі басталды. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында челленджді өткізу кезінде жұмысшы мамандарға назар аударамыз. Өйткені, олар біздің экономикамыздың негізін құрайды. Медицина мен білім беруден бастап, тәртіп пен өрт қауіпсіздігін қорғауға дейінгі әртүрлі салада тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл күні біз адалдық пен еңбекқорлықты дәріптей отырып, қоғамның дамуына үлес қосқан азаматтар мен азаматшаларға алғыс жаудырамыз.
Аға буынға, ата-аналарға, мұғалімдерге, тәлімгерлерге, жаттықтырушыларға, әріптестер мен көршілерге алғыс білдірудің де мағынасы тереңде. Алғыс айту – бұл сөздер жиынтығы емес, бір-бірімізге көрсететін ілтипат пен құрмет. Әлеуметтік желілерде жастар аға буынға, мұғалімдер мен тәлімгерлерге көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіретін, сондай-ақ, игі істер арқылы құрмет көрсететін бейнежазбалары бар челленджді іске қосылады.
Бүгінгі таңда жаһандану және әлемдік жылдам даму жағдайында бірегей болмысымызды, құндылықтарымызды және тарихымызды сақтау – міндет. Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдан бері бізге біртұтас, бір үйдің баласындай тату өмір сүріп, адал еңбек арқылы ел дамуына үлес қосуға көмектесіп келеді және ұрпаққа аманттау үшін осы дәстүрді, мұратты алдағы уақытта да көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.
Алғыс айту күні құтты болсын, құрметті Қарағанды облысының тұрғындары!
Бұл күн – өзара құрметіміздің, ынтымағымыз бен бірлігіміздің символы!
Нұрлан БИКЕНОВ,
Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы