Бірлік пен келісім – береке қайнары
Елімізде өмір сүріп жатқан 130-дан астам этнос өкілінің бойларына ортақ Отанымыздың бағасыз құндылықтарын сіңіріп, гуманизмге баулуда қыруар жұмыс атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 25 жыл толып отыр. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен құрылып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі болған ұйым, бүгінде халықаралық тұрғыда толық мойындалды. Өйткені, елімізде тұрақтылықты, этносаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.
Сарыарқаның төрі, еліміздің индустриалдық жүрегі, ерекше рухани энергетикасы мен көне дәстүрлері бар ірі мәдени орталықтың бірі әрі бірегейі – Қарағанды облысы. Бүгінде аймақта 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүреді. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясында 49 этномәдени бірлестік, 216 Қоғамдық келісім кеңесі, Журналистер мен сарапшылар клубы, Аналар кеңесі, Жаңғыру жолы жастар қозғалысының өңірлік штабы, қалалар мен аудандарда облыстық қо ғамдық бірлестіктердің 4 филиалы және 23 бастамашыл тобы, 3 Достық үйі жұмыс істейді.
Ассамблея – облыс халқының жағдайынан хабардар болып, кез келген жағдайда қол ұшын беріп келеді. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» науқаны бір жылға созылып, ай сайын, қаңтарда – «Сарқыт», ақпанда – «Сыбаға», наурызда – «Шашу», сәуірде – «Асар», мамырда – «Қамқор», маусымда – «Тоқымқағар», шілдеде – «Ерулік беру», тамызда – «Жылу», қыркүйекте – «Көрімдік», қазанда – «Бата», қарашада – «Бес жақсы», желтоқсанда – «Кәде» деп аталып, қазақ ұлтының әдет-ғұрыптарымен ұштастырылған еді. Науқан аясында өткен жылдың басынан қазірге дейін 5300-ге жуық шара өткізіліп, аз қамтылған, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 20 млн. теңгеге жуық көлемде көмек көрсетілді. Мұндай шаралардың – өскелең ұрпақтың бойына жанашырлық, мейірімділік сияқты рухани құндылықтарды сіңірудегі маңызы зор.
2017 жылы Арқа журналистерінің басын қосқан Қарағанды облысы ҚХА Журналистер мен сарапшылар клубы құрылған-тын. Құрамында республикалық және өңірлік БАҚ-тың этнос аралық тақырыпта жазатын 22 журналист пен этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар бар. Олар этносаралық, конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және руханимәдени тұтастықты нығайту жолында еңбек етуде.
Төртінші билік ретінде БАҚ-тың мемлекеттік саясатты жүргізу маңыздылығына ерекше мән берген Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев та бұл саланың дамуына айрықша көңіл аударып келеді. Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ тапсырысымен тоқсан сайын «Достық аймағы» журналы жарық көреді. Форматы жағынан республикада әзірге жалғыз басылым. Оқырмандар тарапынан оң баға алып жүр. Ассамблеяның көп функционалды assembly.kz вебпорталынан аймақ жаңалықтары мен Ассамблея жұмысы туралы мағлұматпен танысуға болады.
Тағы бір маңызды құрылым – Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассам блеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы.
Бүгінгі күні «Жаңғыру жолы» штабы өңірдің жас тұрғындарын бейбітшілік пен келісім саясатына тартуға, ҚХА мақсатміндеттерін түсініп, картасын жасауға, этносаралық және конфессияаралық келісім ұғымдарының мән-мағынасын сіңіруге белсенді жұмыстар жүргізуде. Бұл жолда «Nur Otan» партиясының ҚОФ «Jas Otan» жастар қанаты қолдау көрсетеді.
Бірліктің арқасында облыстық ҚХА құрылымдарының жас көшбасшылар клубы құрылды және аймақтың жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесіп аймақтың бірнеше оқу орындарында «Жарасым» студенттік клубтары, Теміртау қаласында «Жаңғыру жолы» қалалық штабы, Достық үйі базасында «Bilim Ortalygy» зияткерлік аймағының ашылуы игі бастамалардың жалғасы болды.
Елдегі мәденитілдік ортаны одан әрі үйлестіріп, рухани ортақ құндылықтарды біріктіруге бағытталған «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала», «Бұқарекең жырлайды», «Даланың дара данасы», «Күлтегін жыры. Ұлы Дала дастаны», «Елтану», Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы байқау сияқты жобаларды да іске асыруда.
– ҚХАның «Қазақтану» мәдениағар тушылық жобасын іске асыруға бағытталған «Арқаның жыршылар мектебі», «Күй керуен» шертпе күй орталығына аймағымызға белгілі өнертанушылар, айтыскер азаматтар жетекшілік етеді. Аталған орталықтар мен бөлімдер облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктермен ұйымдастыратын шараларының барлығында атсалысады. «Масленица», «Мэрцишор», «Чакчак», «Сольналь», «Сабантуй», «Славян жазуы күні», «Шевченко оқулары», «Ртвели» мерекелері де баршамызға ортақ!, – деді облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Жанаев.
Достық үйі – азаматтық қоғам бастамаларының нағыз орталығына айналды. Атқарылған жұмыс ауқымды болса да, алда көп міндет күтіп тұр. Жылдың атаулы даталары ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің, кемеңгер Абайдың, Ұлы Жеңістің, Конституцияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойларына орай көптеген шараны өткізіп үлгерді. Қалғандары елдегі жағдайға байланысты онлайн түрде жалғасуда.
Жәлел ШАЛҚАР.