Бас тақырып

Бірлік пен берекенің отыз жылы

Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту кү­ніне арналған «Адамгершілік – асыл қасиет» атты об­лыстық форумы өтті. Ша­раға облыстық ҚХА мү­шелері, этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, аза­маттық қоғам өкілдері қа­тысты. Сондай-ақ, облыс­тың қала және аудандарынан өкілдер онлайн қосылды.

Облыстың этномәдени бірлестіктері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған және Ассамблеяның қоғамды дамытуға қосқан үлесін көрсететін «Бірлікпен гүлденген Сарыарқа» атты көрме ұсынды. Көрме облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың барлық қалалары мен аудандарын аралап шығады.

Форум аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» ескерткіш тақтасының ашылу салтанаты өтті.
ҚХА өңірдегі төрағасы, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, өз атынан форумға қатысушыларды құттықтады.

– Біз алғашқылардың бірі болып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеуді бастадық. Ассамблея құрылған жылдарында біздің қоғамымыздың маңызды буынына айналды. Бұл өзара құрметке, ынтымақтас­тыққа және қолдауға толы жол болды. Сіздерді тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейтін, бірлігімізді бекемдейтін Алғыс айту күнімен құттықтаймын! – деген Ермағанбет Қабдулаұлы «Ақсақалдар кеңесі» республикалық форумының қоғамдық және азаматтық сектор тарапынан жоғары бағаланғанын атап өтіп, осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін тапсырды.

Форум аясында облыстық ҚХА белсенділері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» атты қайырымдылық акциясының бастау алғаны туралы жария етті. Оған облыс аудандары мен өңірлерінен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қосылды.

Қарағанды облысының корей этномәдени бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лилия Ким «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында Қарағанды құрылыс-техникалық колледжінің 4-курс студенті Мұхаметәлі Исайынға әлем чемпионатында өнер көрсету үшін демеушілік көмек көрсетілетінін хабарлады.

Балқаш қаласының Аналар кеңесінің төрағасы Альмира Мусина «Қайырымдылық керуені» акциясын толық қолдайтынын айтып, Балқаш қаласының Аналар кеңесінің өкілдері қаладағы перзентханаларды аралап, Алғыс айту күні туған балаларды құттықтайтынын жеткізді.

«Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігі трансплантацияланған науқастардың төрағасы Жәнібек Успанов донорларға адамдардың өмірін сақтауға қосқан баға жетпес үлестері үшін алғыс білдірді. Ал, донорлар мен донорлық органдарды алған адамдар өздерінің тарихтарымен бөлісті.

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев этномәдени бірлестіктердің барлық басшыларының атынан тарихтың әртүрлі кезеңдеріндегі қонақжайлылығы үшін қазақ халқына алғыс айтты.

Форум соңында этномәдени бірлестік өкілдері мен форумға қатысушылар қаланың орталық алаңында бас қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойды. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері осы күні дүниеге келген балаларды құттықтап, перзентханаларға барады.

Жалпы, Қарағанды өңірінде Ал­ғыс айту күніне арналған 100-ден астам іс-шара өткенін айту ке­рек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button