Бас тақырып

Бірлік мерекесі достықты дәріптеді

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қарағандыда ән мен би, достық пен татулыққа толы жарқын концертпен аталып өтті. Мәдени көптүрлілік пен ұлттар арасындағы ынтымақты арқау еткен кешке қала тұрғындары мен облыс қонақтары көптеп жиналды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бұл күннің ел үшін ерекше маңызын атап өтті.

– Бұл мереке – халқымыздың терең рухани және жасампаздық құндылықтарын бойына сіңірген қасиетті күн. Қарағанды облысы түрлі этностардың тату тіршілігі мен өзара құрметінің жарқын үлгісі. Біз – әртүрліміз, бірақ теңбіз. Біз бір-біріміздің дәстүрі мен мәдениетін құрметтей отырып, ортақ болашақты бірге құрып келеміз, – деді өңір басшысы.

Мерекелік сахнада этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдардың үздік өнер туындылары – ұлттық билер мен музыкалық қойылымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Саран қаласынан келген «Би алқабы» ансамблінің құрамында Қарағанды сахнасына алғаш қадам басқан студент Варвара Паласс үшін бұл күн ерекше әсерлі болды. Ол – Германиядан шыққан әйгілі биолог ғалым Петр Симон Палласстың ұрпағы. Қазақстанда туып-өскен бойжеткен еліміздің көпұлтты болмысы мен бейбіт тіршілігін мақтанышпен атап өтті.

– Біздің еліміз – түрлі этностардың бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан керемет мекені. Осындай үлкен шарада өнер көрсету – зор құрмет. Мұнда бейбіт аспан астында барлығымыз бір мақсатпен жиналдық. Өзге ұжымдардағы достарымыздың ұлттық киімдерін, өнерлерін қызыға тамашаладық, – дейді Варвара.

Мерекелік кешке қатысқан этноұжымдардың қатарында «Вайнах» ансамблінің нәзік құрамын бастап келген Суриана Джанаева да бар. Ол – ансамбльдің хореографы ғана емес, сондай-ақ,Қарағандыдағы чечен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаевтың қызы.

— Бұл жолы сахнаға бірнеше ай бойы дайындалған арнайы концерттік нөмірлерімізді алып келдік. Олардың қатарында «Девичий танец у родника», ерлер тобымен бірігіп орындаған «Свобода» композициясы және балаларға арналған би қойылымы бар, – дейді Суриана.

Көпшілік ықыласына бөленген бұл өнер туындылары – тек мәдени көрініс емес, ұлттық рух пен татулықтың жарасым тапқан көрінісі болды.

Мерекелік сахнада өнер көрсеткен «Ертегі ел» атты үлгілі хореографиялық ансамбль көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жаннұр Хамзин жетекшілік ететін бұл ұжымда бүгінде төрт жүзге жуық өнерпаз тәрбиеленуде. Соның ішінде жүзден астам жас биші бірлік мерекесіне орай ұйымдастырылған концертке арнайы келді. Ансамбль құрамында түрлі ұлт өкілдері өнер көрсетеді.

– Біз бір сахнада қазақ, орыс, украин және өзге де ұлттың балалары өнер көрсететін ұжымбыз. Сондықтан «достық» пен «бірлік» деген сөздің шынайы мағынасын жақсы түсінеміз, – дейді ұжым жетекшісі Жаннұр Хамзин.

Олар бұл жолы «Әлем халықтарының достығы» атты би қойылымын ұсынып, татар, армян және болгар билерін де сахна төріне алып шықты. Ал кішкентай қатысушылар халықтық би ұйымдастырып, кештің сәнін келтірді.

Сахнадағы әрбір қимыл, әр әуен – татулық пен түсіністіктің үніндей. Мерекелік шараға келгендер отбасымен келіп, түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін бірге тамашалады. Айта кетерлігі, көрермендердің арасында интернационалды отбасылар да көп болды – бұл бірліктің бүгінгі өмірмен біте қайнасқан айқын дәлелі іспетті.

Мерекелік алаңда көпшіліктің назарын аударған отбасылардың бірі – Сыздықовтар отбасы. Отағасы Ерболат – қазақ, ал жары Марина – кәріс ұлтынан. Олар бұл кешке отбасымен келген.

– Біздің отбасымызда әр ұлттың салт-дәстүрі қатар өмір сүреді. Біз оларды құрметтейміз, ұрпағымызға үйретеміз. Бір-бірімен үйлесіп, жарасым тапқаны біз үшін маңызды, – дейді Марина Сыздыкова.

Кеш бойы жалғасқан концерт пен көңілді серуен көпшіліктің есінде қалары анық. Бұл күн – Қазақстан халқының басты байлығы – бірліктің бейнесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Басқа материалдар

Back to top button