ПоэзияТаным

Бірлік. Еркіндік. Елдік.

Осы күн – халқымыздың жан жүрегіне мәңгі жазылған ұлы белес, елдігіміздің алтын қазығы, тәуелсіз сана мен ұлттық руһтың қайта жаңғырған мерекесі.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Біздің Республика – ғасырлар бойғы күрес пен арманның жемісі. Тәуелсіздік ешкімнің тартуы емес, намысты ұлттың маңдай терімен келген бақ. Осы бақты бағалау – әр ұрпақтың қасиетті борышы.
Мен үшін Республика күні азат елдің ақыны ретінде ең ұлы күндердің бірі. Себебі, поэзияның да, өнердің де, ұлттың да өзегі – Еркіндік.
Бостан елде ғана ақынның дауысы биік, халқының сөзі айбарлы болады. Тарлан тарихқа жүгінген болсақ, халқымыздың басынан талай зұлмат өтті. Небір боздақ елдік үшін жанын қиды. Сол құрбандықтардың өтеуі – бүгінгі азат Қазақстан. Тар жолда атой салған арыстардың аруағына тағзым етіп, олардың руһына мәңгі бас иеміз. Қазақтың кең даласы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Осы далада азаттықтың жыры әлі талай ұрпақтың кеудесінде жаңғырады. Қазақтың жүрегінде – Республика руһы, халықтың кеудесінде – азаттықтың үні, ал қос қолында – болашақтың кілті! Сондықтан, осындай мәртебелі күн мереке ғана емес, мәңгілік жауапкершіліктің, ұлт алдындағы селкеусіз серттің күні!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, ақын

Басқа материалдар

Back to top button