Басты тақырып

Бірлік – қазақстандық модель ядросы

   Тәуелсіздіктің 26 жылдығы қарсаңында Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өтті.  Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен сессияда «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты ҚХА XXV сессиясында қойылған міндеттер негізінде облыс тарапынан атқарылған қызметтердің бағыттары қарастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында мемлекет басшысы өз идеялары негізінде Үкіметке, жергілікті әкімдерге, министрліктерге бағыт-бағыт бойынша маңызды міндеттер жүктеп, бизнес қауымдастық, шығармашылық және ғылым өкілдеріне   бағдарламалық мақалада айтылған жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға және барлық мүмкіндіктерін туған елді түлетуге жұм­сау­ға шақырды.

«Мен өз мақаламда ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық факторлардан бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», – деген болатын XXV сессия барысында Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да Елбасының тапсырмасына орай «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Жаңа гуманитарлық білім» жобаларын облысымызда жүзеге асыруға тікелей атсалысуда.

Бүгінгі таңда Ассамблея жұмысы этникалық мәселелерді шешіп қана қоймай, тұрақтылық пен дамуға қолдау көрсету мақсатында барлық қоғамдық күштерді нығайтуға, азаматтарды, азаматтық қоғам институттарын, ғылым мен мәдениетті тартуды басты жоспарына айналдырған. Атап айтар болса, «Достық үйі» базасында  Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктермен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 500-ден аса іс-шаралар өткізілді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен кезекті сессия жұмысында аталмыш жобалар бойынша атқарылған істердің барысы қарастырылып, жылға қорытынды жасалды.

Сессияның құрметті қонақтары – Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасы Елшілігінің үшінші хатшысы Адомас Давалга мырза және Литва Республикасынан арнайы келген делегаттар.

Сонымен қатар, облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясын Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Е.Аймағамбетов құттықтау сөзбен ашып, ассамблеяның маңызына тоқталды.

Ерқара Аймағамбетов, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің ядросы ретінде ролі мен мәртебесінің конституциялық және заңнамалық деңгейде артуы ұлттық саясаттың басты бағыттары мен құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қалыптастыруға мүмкіндік берді.

«Бірлігі бар елдің босағасы берік» дейді қазақ халқы. Ел бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтау, қол жеткізген стратегиялық табыстарды еселеу – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет.

Сондықтан облыстық Ассамблея мүшелері халықтың ынтымағы мен бірлігін одан әрі сақтауға және дамытуға өз үлестерін қосады  деп сенемін.

Сіздерге тәуелсіз Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолындағы еңбекте табыс пен сәттілік тілеймін.

Сессия жұмысы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, облыстық «Полония» этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Хмелевский «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Ереженің» негізінде этномәдени бірлестіктердің атынан облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Шара қонақтары және спикерлер пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясының соңында салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді. Қарағанды облысының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ерқара Аймағамбетов халықтың бірлігіне, мәдениетаралық диалогты дамытуға және қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалін «Шэмэш» еврей орталығының басшысы И.Кожановская және «LITUANICA» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Тварионас иеленді.

Елдегі Қоғамдық келісімді нығайтуға, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқаны үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасының профессоры, Қазақстандағы діни жағдайды зерттеу зертханасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Б.Кәріпбаев, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің директоры, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, филология ғылымдарының кандидаты С.Жумкина, Қали Байжанов атындағы «Мерей» ансамблінің солисі Л.Пропищан марапатталды.

Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасымен облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін және жеке еңбек үлесі үшін «100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің профессоры, жоғарғы санатты хирург Н.Абатов, «100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Р.Әлімханова, «100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, Қарағанды қаласының ІІБ Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Д.Алтаев, «100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, жаттықтырушы, «NOMAD MMA» аралас жекпе-жегі ұлттық стилінің негізін қалаушы С.Ан, «100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, кәсіпкер А.Тосқанбаев марапатталды.

Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі М.Жасқайратқа, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары А.Зәуірбековке, «Строй с нами» ЖШС директоры А.Цойға, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі К.Төлеухановаға табысталды.

Сессияның қорытындысы бойынша аймақтағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласында нақты тапсырмалар берілді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Суретті түсірген  Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button