АймақПриозерск

Бірлігі бекем елдің тірлігі көркем

Ұлтаралық татулығы айшықталып тұратын еліміз – бүгінде әлем алдында үлкен беделге ие. Ауызбіршілік пен түсіністік үстемдік құрған жерде татулық тұрақтайды. Қазақстанда қалыптасқан халықтар достығы – мемлекетіміздің басты жетістігі. Бұл туралы Приозерск қаласындағы «Исток» славян халықтарының этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Попченко ерекше атап өтті.

Суреттерді түсірген автор

– Мемлекет басшысы жұдырықтай жұмылсақ, алынбайтын қамал болмайтынын, қиындық та артта қалатынын үнемі айтып және бір-бірімізге жанашыр болуға, бауырластықты нығайтуға әрдайым үндеп келеді. Сондай-ақ, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болу керектігін айтып, жарқын жолға бастады. Қазақ жеріне жер аударылып келген туыстарымызбен бір үзім нанын бөлісіп, төрінен орын берген қазақтай бауырмал, дархан, жомарт ел жоқ. Тар заманда тағдыры талқыға түсіп, Қазақстанға қоныс тепкен көп ұлыстың кешегі және бүгінгі буыны қазақ еліне шексіз риза. Қазір елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс мекен ететіні мәлім. Солардың барлығына қазақ елі бірдей қарап, мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін сақтауға лайықты жағдай жасап отыр. Әр этностың этномәдени орталықтары өңірлерде тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Біздің «Исток» славян халықтарының этномәдени қоғамдық бірлестігі де, елдегі салиқалы саясаттың жемісін көріп келеді, – дейді Светлана Попченко.

Бүгінде «Исток» этномәдени славян орталығының алға қойған мақсат-міндеттері көп. Соның бірі – ел ішіндегі ынтымақтастықты, Қазақстан халқының береке-бірлігін, этносаралық татулығы мен дос­тығын нығайтуға барынша үлес қосу. Олар этносаралық қатынасқа сызат түсірмей мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға белсене атсалысуда. Орталық құрамында жастар тобы да жұмыс істейді. Сонымен бірге, бірлестік жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерді өткізуді де күн тәртібінен қалдырған емес. Қайырымдылық көрсетуде де біршама істерге ұйытқы болуда. Ынтымаққа үндейтін игі істерін үнемі басты орынға шығаратын көрінеді. Тіпті, балаларға көңілді демалыс ұйымдастырып және «Еркетай» шағын орталығының тәрбиеленушілеріне арналған «Тұ­мар» қуыршақ жасау бойынша шеберлік сабағын өткізген.

– Біз жыл сайын халық тарихымен таныстыруға бағытталған жұмыстар атқарып келеміз. Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында үйірмелер аштық. Сондай-ақ, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты сыныптан тыс іс-шара өткізіп тұрамыз. Нақты айтқанда, орталық тіл мен мәдениетті дамытуды, этносаралық келісімді сақтау мен жастарды толеранттылық рухында тәрбиелеуді негізгі міндеті санайды, – дейді Светлана Попченко.

Айта кетейік, шағын шаһарда мәдени орталықтар ұлттық салт-дәстүрлердiң, тiлдердiң, мәдениеттiң сақталуына, этносаралық қатынастарды үйлестiруге, рухани мәдени байланыстарды дамытуға өзiндiк үлестерiн қосуда. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының тiкелей басшылығымен, ұлттық мәдени орталықтардың қатысуымен жыл сайын көптеген мәдени шаралар атқарылуда.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button