Бірлігі бекем ел мықты
Арқа жұртшылығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» республикалық тақырыптық күнін Қарағандыдағы «Достық» үйінде атап өтті. Ақсақалдар жастармен кездесіп, өмірден түйгендерімен бөлісті. Ашық пікір алмасты.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Әдепбеков жүргізді.
Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі ұйымдастырған шараға жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, азаматтық қоғам институттары, ғалымдар, сарапшылар, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара қоғамда бейбітшілік, бірлік және келісім құндылықтары туралы түсінікті қалыптастыру, ақсақалдардың даналығы мен тағылымы арқылы қазақстандық қоғамдағы этносаралық келісім мен бірлікті нығайту мақсатын көздеді.
Тақырыптық күн аясында «Қазақстан халқы бейбітшілік пен бірлікте өмір сүруде» атты дәріс өтті. Дәрісті ақсақалдар, қоғам қайраткерлері және сарапшылар жүргізіп, олар бейбітшілік, бірлік және этносаралық келісім мәселелері бойынша баяндамалар мен талдамалық материалдарды ұсынды.
Алғашқы сөзді Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Айгерім Қайратқызы алып, жастардың уақытты үнемді пайдаланып, алдыңғы аға буынның үлгі-өнегесін бойға сіңіріп, заман ағымына сай дамып отыру қажет екенін ортаға салды.
Ал, жастар облыстық полиция департаментінің экстремизмға қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Аңсар Алькенов «Ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны және оның салдары үшін қылмыстық жауапкершілік» тақырыбы бойынша баяндама жасап, тұшымды ойларын ортаға салды.
Облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Серік Санаубаев мырза да өз ойын іркіп қалмай, жастардың заман талабына сай, кәсіппен айналысуы қажеттігін, байқуатты әрі бәсекеге қабілетті болуы керектігін баса айтты.
Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Думан Малаев, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Айжан Киясова да өз тәжірибесімен бөлісті.
«Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінен келген Гюлага Рзаев пен облыстық мәслихат депутаты, «Аманат» партиясы фракциясының мүшесі, кәсіпкер Игорь Жабяк жастардың сұрағына жауап беріп, белсенділік танытты.
Дәріс барысында этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары, бағыттары мен тетіктері, Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі этностар бірлігін нығайтудағы 30 жылдық рөлі, сондай-ақ қазақстандық қоғам үшін «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының маңызы да түсіндірілді.
Қазақстанда бейбітшілік пен келісім мәдениетінің қалыптасуына ықпал еткен тарихи алғышарттарға, ұлттық мәдениеттер мен тілдерді сақтау мен дамытуға бағытталған мемлекеттік шараларға, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметінің нәтижелері мен оның этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесіне айрықша назар аударылды.
Талқылаудың маңызды бөлігі – елдегі бірлікті сақтаудағы жастар бастамалары мен қоғамдық жобалардың ықпалы жайлы болды.
Шынында, ел ертеңі жастардың тәрбиесіне жіті көңіл бөлген. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлім мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»