Бірлескен жобаның бірегей нәтижесі
Облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту мақсатында ауқымды жалпы саптық таратылым өтті. Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі – өңіраралық ынтымақтастықтың күшеюі. Яғни, облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен қатар, Астана қаласы мен Ақмола облысынан келген тәртіп сақшылары да жұмыла жұмыс істеуде. Рейд барысын арнайы көлік экипажымен бірге жүріп, тікелей бақылап, құқық қорғау органдарының күнделікті қызметіне куә болдық.

800-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Өңіраралық ауқымды саптық таратылым ұйымдастырылғанға дейін облыстық полиция қызметкерлері өз күштерімен бірқатар профилактикалық рейдті жүзеге асырғанын айту керек. Үш күнге созылған бұл жұмыстар өңірдегі жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталды.
Рейд барысы облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тікелей бақылауында өтті.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың айтуынша, бұл шаралар да құқық бұзушылықтың алдын алу, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруды көздеді.
Жүргізілген кең көлемді профилактикалық жұмыстарға қарамастан, небәрі бір тәулік ішінде облыс аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 800-ден астам дерегі тіркелген. Оның ішінде, 70 жағдай – өрескел құқық бұзушылық.

– Рейд барысында мас күйінде көлік басқарған 3 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар, бұрын жүргізу құқығынан айырылған 2 азаматтың қайтадан рөлге отырғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, көлік әйнектерін заңсыз қараңғылау бойынша 22 дерек, жүргізу құқығы жоқ азаматтардың көлік басқаруының 8 фактісі және сақтандырусыз көлік жүргізудің 16 жағдайы тіркелді. Жалпы 34 автокөлік айыптұраққа қойылды, – деп атап өтті Бағдат Какимов.
Полиция қызметкерлері ерекше назар аударған бағыттардың бірі – бұрын мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың қайта құқық бұзуы. Өкінішке қарай, мұндай фактілер де баршылық.
– Көлікті мас күйінде басқару – аса қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекеттердің соңы ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Соған қарамастан, кейбір азаматтар заң талаптарын елемей отыр. Мәселен, 38 жастағы қала тұрғыны бұрын жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, тағы мас күйінде көлік басқарған. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Жалпы, үш күндік рейд нәтижесі өңірдегі жол қозғалысы мәдениетінің әлі де жетілдіруді қажет ететінін көрсетті. Полиция қызметкерлері заң бұзушылықтарды анықтай отырып, жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргізген.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Себебі, жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

Заң мен тәртіп – баршаға ортақ
Салтанатты жиын Тутұғыр алаңында гарнизон сапына жиналған жеке құрамның айбынды шеруімен басталды. Алдымен, Ту ұстаушы топ сап түзеп өтіп, кейін Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Бұл – тәртіп сақшыларының ел алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындай түскендей әсер қалдырды.
Кейін облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов жеке құрамның қызметке дайындығын тексеріп, олардың саптық әзірлігіне назар аударды. Қызметкерлердің тәртіп пен талапқа сай екеніне көз жеткізген ведомство басшысы нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бұл – өзара іс-қимылдың, тәжірибе алмасудың және күш біріктірудің жарқын көрінісі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу – күнделікті жұмысымыздың негізі. Сондықтан, патрульдеуді тиімді ұйымдастырып, жедел әрекет етуге әрдайым дайын болу қажет. Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстану – басты талап, – деді ол.
Жалпы саптық таратылымға патрульдік полиция батальоны мен полкі, Ұлттық ұлан жауынгерлері, учаскелік инспекторлар, жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері, елордадан келген арнайы батальон өкілдері, сондай-ақ, полицияның қоғамдық көмекшілері мен күзет агенттіктерінің қызметкерлері қатысты. Мұндай кең ауқымды күш біріктіру – өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.
Саптық таратылым аяқталғаннан кейін қала көшелерінде ауқымды рейдтік шаралар басталды. Біз мінген көліктегі экипаж құрамында аға инспектор, полиция капитаны Айбек Байбатыров, полиция капитаны Дулат Идирисов және аға лейтенант Рахат Ғазизұлы (СОБР) рейд жұмысын жүргізді.
Айбек Қайратұлы рейд барысында Қарағанды қаласында транзиттік тіркеу (уақытша) белгілерімен жүрген көліктердің саны көбейгенін байқаған.
– Осыған байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау күшейтілгенін орынды деп есептеймін. Басты міндетіміз – заң бұзушылықтың алдын алу. Әр жүргізуші жолда жүргенде өзінің және өзгенің де өміріне жауапты екенін түсінуі тиіс, – дейді ол.
Рейд барысында полиция қызметкерлері заманауи планшеттердің көмегімен көлік нөмірлерін тексеріп, дерекқор арқылы олардың заңдылығын анықтап отырды. Құжаттары талапқа сай келмеген көліктер бірден тоқтатылды.
Жауынгер-интернационалистер көшесінде 9873 AD нөмірлі «KIA K5» көлігі (Грузия тіркеуінде) тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің Қазақстан азаматы бола тұра, шетелдік тіркеудегі көлікті басқарғаны анықталды. Оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 590-бабы, 2-тармағына сәйкес, 43 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Егер айыппұл бір апта ішінде төленсе, 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Көлік айып тұрағына қойылды.
Жалпы біз бірге жүрген 2-3 сағат уақыт ішінде рейд барысында транзиттік тіркеу белгілерімен жүрген 10 шақты көлік анықталып, оның бірнешеуі айып тұрағына жіберілді. Кейбір жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырылып, заң талаптары түсіндірілді.
Сонымен қатар, қауіпсіздік белдігін тақпаған және техникалық байқаудан өтпеген «ВАЗ-21099» көлігі де тіркелді. Ал, қызыл түсті «BMW» көлігі тексеріс барысында ешқандай заң бұзушылық жасамағаны анықталып, жүргізушіге ауызша ескерту берілді. Одан бөлек, 9742 AY нөмірлі «BMW» көлігі айып тұрағына әкетіліп бара жатқанын байқадық.
Рейд кезінде Ресей азаматы басқарған қара «BMW» көлігі де тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде оның транзиттік тіркеу белгісімен жүруге заңды рұқсаты бары анықталып, жүргізуші өз жолын жалғастырды.
Тағы бір жағдайда 82 92 DU транзит нөмірлі көлік тоқтатылып, 810-бапқа сәйкес, 43 200 теңге айыппұл салынды. Бұл көлік те айып тұрағына қойылды.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, азаматтарға көмек көрсету бағытында да жедел әрекет етті. Мәселен, С.Ерубаев көшесіндегі «Азат» сауда үйі маңында мас күйінде құлап қалған ер адам туралы хабар түскен сәтте, полиция қызметкерлері жылдам жетіп, жедел жәрдем шақырды.
Айта кетейік, мұндай профилактикалық іс-шаралар бұған дейін Алматы қаласы, Алматы облысы, Қаскелең және Қапшағай қалаларында да өткізілген. 1-10 сәуір аралығында ұйымдастырылған рейдтердің негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, заңсыздықпен күресу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров мұндай шаралардың маңыздылығына айрықша тоқталып, мас күйінде көлік басқару – өте қауіпті құқық бұзушылық екенін айтты.
Қарағанды қаласының тұрғыны Ержан Сейітовтің айтуынша, мұндай бақылау шаралары тәртіп орнатуға ықпал ететінін айтады.
– Осындай рейдтердің жиі өткізілгені дұрыс деп ойлаймын. Себебі, кейбір жүргізушілер жол ережесін елемейді. Ал, полицияның тұрақты бақылауы болса, адамдар да тәртіпке үйренеді. Бұл – ең алдымен, өз қауіпсіздігіміз үшін қажет, – дейді ол.
Рейд барысында байқалған тағы бір жайт – кейбір жүргізушілердің заң талаптарын толық білмеуі. Алайда, мамандар мұны сылтау ретінде қабылдауға болмайтынын айтады. Әр азамат көлік тізгіндеген соң, заң талаптарын білуге міндетті.
Профилактикалық жұмыстар жүйелі
Облыста қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдағы тәртіпті арттыру бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл – полиция қызметінің күнделікті әрі басым бағыттарының бірі.
Басты ұстаным – қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың саналы көзқарасы мен жеке жауапкершілігін арттыру.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, негізгі міндеттердің қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықпен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек көрсету бар.
Мәселен, «Кеншілер Мәдениет сарайы» аялдамасы маңында патрульдеу барысында полиция қызметкерлері өзін жайсыз сезінген қыз баланы байқап, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізді.
Күнделікті нұсқамаларда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, жалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдалану және жолдағы өзге де қауіпті әрекеттер қатаң бақылауда.
Дерекке сүйенсек, рейд барысында Балқаш қаласында жалған тіркеу белгісімен жүрген «Nissan» автокөлігін басқару дерегі анықталып, тоқтатылған. 32 жастағы жүргізушіден қолдан жасалған пышақ тәркіленіп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек, «Volkswagen Passat» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі көлігіне қызыл және көк түсті жарық құрылғыларын заңсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды.
Жалпы, полиция қызметкерлері күн сайын шамамен 2000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Осы біз қатысқан күнгі бір тәуліктің өзінде мас күйінде көлік басқарған 2 жүргізуші, көлік жүргізу құқығынан айырылған 5 адам, жалған тіркеу белгілерін пайдаланудың 5 дерегі және қарсы жолаққа шығудың 7 фактісі анықталған.
Сөз соңы
Қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар дер кезінде тоқтатылып, олардың ауыр салдарының алдын алу қамтамасыз етілуде.
Басты талап өзгермейді. Заңды сақтау, құжаттардың дұрыстығы және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстану. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі қоғамдық тәртіп нығайып, тұрғындардың қауіпсіздігі арта түспек.



