Бас тақырып

Бірлескен жұмыс берекеге бастайды

Халық мәселелерін шешуге көмектесіп, адамдар мен әкімдіктер арасында көпір болып жүрген мәслихаттың рөлі бүгінгі таңда өзгерген. Олардың екпінді жұмысының ықпалымен бүгінде қоғам белсенділігі артып, мәслихат депутаттары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жұртшылық пен билік арасын байланыстырып келеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, депутаттар еліміздің өзекті мәселелерін белсенді талқылап, елі дамуы үшін маңыз­ды бастамаларды ұсынып отырғанын атап өтті.

Суреттер akorda.kz сайтынан

Референдумнан кейінгі өзгерістер

Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтті. Бұл 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілуі нәтижесінде мүмкін болды. Яғни, Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейіп, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданды.

– Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған – 434 адам депутат атанды, – деді Мемлекет басшысы.

Реформадан кейін партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінгенін білеміз. Дәл осы шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді.

Президент бүгінде жас депутаттар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүргенін де айтты. Одан бөлек, билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. «Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біліктілікті арттыру – маңызды

Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталды. Оның алғашқысы – мәслихат депутаттарының бі­ліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру.

– Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан, оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Депутаттар қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академия­сын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс екенін айтып, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар екеніне тоқталды. Оның пікірінше, мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән берген жөн.

– Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Бұдан бөлек, Президент мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді іске асыруға жәрдемдесуге тиіс екенін де айтты. Мәселен, өткен жылы депутаттар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңеске қатысқан болатын. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл тәжірибе жалғасатынын айтты. Себебі, мәслихаттар өңірлерде реформалар жүргізуде ерекше рөл атқарады. Осы орайда өзекті мәселелерді шешуге бағытталған Amanat партиясының жобаларын атады.

– Партиялардың жалпыұлттық міндеттерді шешу ісіне жұмыла кірісетіні қуантады. Тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, алты мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан астам жаңа үй салынды. Жоспарланған 2680 үйдің 2620-сы пайдалануға берілді. Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партия­лар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту,– деді Президент.

Президент су тасқыны кезінде Amanat партиясының барлық мүшелері қорғаныс бөгеттерін тұрғызуға және азаматтарды эвакуациялауға қатысқанын, «Ауыл» партиясының бастамасымен тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттік құрылыс отрядтары жедел түрде құрылғанын айтты. Одан бөлек, су тасқынымен күресу үшін екі жүзден астам арнайы техника жөнелтуді ұйымдастырған «Ақжол» партиясына да ерекше тоқталды. Дәл осы қиын-қыстау кезеңде Respublica партиясының, ЖСДП, Қазақстан Халық партиясы да шетте қалмай, зардап шеккендерге қолдау көрсетті.

– Мұның бәрі мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі. Саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар осындай ұйымшылдықпен жұмыс істеуі тиіс деп санаймын. Сайып келгенде, біздің алдымызда ортақ мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және еліміздің өркендеуі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әкім шаруаға ширақ болуы керек

Форум барысында Мемлекет басшысы реформалар нәтижесінде әкімдер институты айтарлықтай өзгергеніне де тоқталды. Қазір ауыл әкімдері тікелей сайланады. Аз ғана уақытта ауыл әкімдерінің корпусы 90%-ға жаңартылды. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жүйесі де сынақтан өтті. Бұл өз кезегінде ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты.

– Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, батыл шешімдер қабылдағанда, қоғамдық сыннан қорықпауды және жауапкершіліктен қашпауды айтты. «Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң сақтау және оны ортақ мүдде үшін жүзеге асыру» екенін де баса айтты.

Ел ертеңі үшін…

Президент бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталып, оған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деп баға берді.

– АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Бірақ бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ, инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атом электр станциясын салуды жақтайтын халық штабының жұмысын атап өтіп, оның саяси партиялар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, сондай-ақ, ғалымдарды, сарапшыларды, өндірушілерді, кәсіпкерлерді біріктіргеніне тоқталды. Кез келген қиындыққа қарамастан, біз тек алға ұмтылуымыз керектігіне де баса мән берді. «Алдағы референдум Тәуелсіздіктің барлық жылдарындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болады және еліміздің одан әрі дамуына оң әсер етеді» деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау ортақ парызымыз екеніне назар аударып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамыту мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы болып қала беретінін жеткізді.

Сонымен қатар, Президент бақытты балалықтың негізі отбасы институты екеніне тоқталып, ата-аналарды тәрбие мәселесіне салғырт қарамауға шақырды.

– Әрине, заманауи технологиялар даму көкжиегін ашады, бірақ, сонымен бірге өмірімізге нақты қауіптер әкеледі. Танымал әлеуметтік медиа балаларды ғана емес, тіпті, ересектерді де нағыз зомбилерге айналдыра алады. Ата-аналар баланы тәрбиелеу жауапкершілігін мемлекет пен мектептерге жүктей алмайды. Ата-ананың міндеті – балаға цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйрету, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент елімізде жауапты ата-ана болу идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық науқанды өрістету қажет деп санайтынын да айтты.

Ал, Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелділіктен арылу үшін оларға ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау қажеттігіне тоқталды.

– Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек, – деді Президент.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button