Бірлескен өндіріс құрылады
Қарағанды облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары базасында чех сызбалары бойынша газ тарату станцияларына арналған жиынтықтарды өндіру жоспарлануда. «Картель 2005» ЖШС чех компанияларына қазақстандық серіктес болмақ. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Ынтымақтастық мәселелері облыстық кәсіпкерлер па латасының аймақтық кеңесі жанындағы Машина жасау комитетінің отырысында талқыланды. Жұмыс кездесуіне еліміздегі Чех Республикасы Елшілігінің экономикалық дипломаты Лубош Йоза, чехиялық өндірістік және консалтингтік компаниялардың басшылары қатысты.
- Бүгінгі таңда барлық техникалық құжаттама дайындалды. Қазір біз оны қазақстандық мазмұнға бейімдеуге кірісудеміз. Чех тарапы бізге сызбаларды, технологияларды, осы кезеңде шығара алмайтын қандай да бір жиынтықтарды ұсынады. Бұл қысым датчиктері, газ есептеуіштері. Сондай-ақ, мамандарды оқытуға көмектеседі, – деді «Картель 2005» ЖШС басшысы Геннадий Копьяк. Ынтымақтастық аясында шетелдік серіктес конструкторлық бюро ретінде әрекет етеді.
Қарағанды облысының аумағы арқылы Нұр-Сұлтан, Қа зақстанның орталық және солтүстік өңірлерін газдандыруға арналған 800 километрден астам «Сарыарқа» магистральды газ құбыры өтеді. Көгілдір отынға бес ірі қала мен аймақтың 100-ден астам ауыл көшеді.
Қызғалдақ АЙТЖАН.