Спорт

Бірінші лигада бәсеке күшейді

Қазақстан бірінші лига ойындарының қарымта кездесу матчы басталып кетті. Бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» клубы елордалық «SD Family» командасына қарсы қарымта кездесу өткізді. Нәтижесінде, жерлестер сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Сурет клубтың баспасөз қызметінен

Алғашқы кездесуде кеншілер өз алаңында қарсыластарын 4:1 есебімен жеңген болатын. Бұл жолы сырт алаңда ойнаса да, елордалықтардан басым түсті. Бірақ, екінші ойын қиынға соқты. Олай дейтініміз, елордалықтар қарсыластарының ойынын әбден түсініп, соған қарсы ойын тактикасын құрса керек. Одан бөлек, елордалықтардың өз алаңында ойнауы да – үлкен күш. Алаң иелері қорғаныста сауатты ойнап, өрескел қателікке жол бермеді. Әрі қақпашы Евгений Ситдиков та өз міндетін керемет атқарды.

Ал, жерлестер әдеттегідей. Ойын басталысымен қарсыластарға шабуылды төпелетті. Қос қапталдан ойластырған шабуыл нәтижесіз аяқталып жатты. Тіпті, бірінші таймның соңына дейін допты қарсыластарға бермеді. Бірақ, қанша жерден басымдыққа ие бола тұрғанымен, таблодағы есепті өзгерте алмады. Өкінішке қарай, 30-шы минутта Аңсар Алтынхан, Диас Қалыбаев, Сұлтан Шымырхан төрешіден ескерту, яғни, «сары» қағаз алып қалды.

Екінші айналымда ойын қыза түсті. «Шахтер» бапкері Александр Кузнецов 74-ші минутта ойыншы алмастырып, командаға күш қосты. Алғашқы айналымда «сары» қағаз иеленген шабуылшы Сұлтан Шымырханның орнына 18 жастағы Мансұр Ділмұратты ойынға қосады. Одан бөлек, ескертуі бар Аңсар Алтынхан алаңдағы орнын 20 жастағы Максим Холодқа босатып береді. Нәтижесінде, 68-ші минутта 11 метрлік айып добынан Арман Нүсіп есеп ашады.

77-ші минутта Арман дубль авторы атанып, командасына жеңіс сыйлайды. Бірақ, бұл жолы салған Арманның голы жанкүйерлер қауымын тәнті етті. Оң қапталдан ойысып, бес бірдей қорғаныста жүрген ойыншыны қапы қалдырып керемет гол салды. Үлкен жылдамдықпен келе жатқан допты қақпашы Евгений де қайтара алмады. Арманның осы бір салған голы жанкүйерлер арасында кеңінен тарап та үлгерді. Осылайша жерлестер Бірінші лига ойынының екінші айналымын, яғни, XIV турын жеңіспен тәмамдады.

Қазіргі таңда турнирлік кестенің көш басында – ақтаулық «Каспий» клубы. Қазір бұл клубтың еншісінде – 34 ұпай. Қысқасын айтсақ, Премьер-Лига ойындарының бір жолдамасы – «Осы клубта» дей берсек те болады. Ал, екінші жолдама үшін тартыс қыза түсті. Жерлестер 29 ұпаймен турнир кестесінде ІІ орынға көтерілді. Одан кейінгі сатыда өскемендік «Алтай» клубы. Ол клубтың да еншісінде – 29 ұпай. Одан бөлек, 27 ұпаймен үзеңгілесіп келе жатқан павлодарлық клубты да естен шығармаған жөн. Олардың қоржынында 27 ұпай.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button