Бас тақырып

Бірінші қаңтардан бастап…

Келер жылдан бастап зейнеткерлердің зейнетақысы, еңбек адамының жалақысы және барлық әлеуметтік төлемдер өзгереді. Себебі, бірқатар төлемдерге негіз болатын айлық есептік көрсеткіш, ең төмен күнкөріс деңгейі өседі. Мәселен, айлық есептік көрсеткіш 7 пайызға, ең төменгі жалақы мөлшері 21 пайызға артпақ. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына қол қойды. Біз айтып отырған өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Ең төменгі жалақы – 85 мың

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтқан тапсырмасы келер жылдан бастап жүзеге асады. Елде жалақының ең төмен мөлшерi 85 мың теңге болып белгіленді. «Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбек­ақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік», деген еді Президент өз Жолдауында. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетінін де айтқан.

Былтырғы Жолдауында да Қасым-Жомарт Тоқаев елде ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі енгізілетінін айтып, аталған көрсеткішті 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеруді тапсырғаны баршаға аян.

Ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі бірқатар әлеуметтік төлемдердің де мөлшерін арттырады. Мәселен, еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7%-ға артуы тиіс. Бұл төлем биылғы жылғы 1 шілдеден бастап 14,5%-ға өскенін айта кету керек.

 

Айлық есептік көрсеткіш 7%-ға өседі

Айлық есептiк көрсеткiш заңнамаға сәйкес жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салықтар мен басқа да төлемдерге қолданылады. Оның мөлшері қазіргі 3 450 теңгеден 3 692 теңгеге өседі. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, жерлеуге арналған біржолғы төлем, көпбалалы отбасыларға арналған материалдық көмек мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты.

Сонымен қатар, аталған көрсеткіш бюджетке төленетін төлемдерге де негіз болады. Мәселен, айыппұлдар, мемлекеттік жарна, бірқатар салық мөлшері, тіпті, ақылы жолмен жүру де АЕК мөлшеріне байланысты. Жаңа жылдан бастап, олар да жаңа көрсеткішпен есептелетінін ескерген жөн.

 

Зейнетақы қанша болады?

Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс минимумы 43 407 теңге болып бекітілді. Қазір ол – 40 567 теңге. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс минимумына байланысты. Дегенмен, келер жылдан бастап, базалық зейнетақы мөлшері одан сәл де болса артық. Бұл Мемлекет басшысының базалық зейнетақы мөлшерін алдағы 5 жылда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54-тен 70%-ға, ал ең жоғары мөлшерін 100-ден 120%-ға дейін ұлғайту бойынша тапсырмасына сәйкес жүзеге асады. Биылғы жылдың басында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 54%-дан 60%-ға дейін өскенін айта кеткен орынды. Келер жылдан бастап, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 теңге болмақ.

Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек көлемін есептеуде әр аймақтың ең төменгі күнкөріс деңгейі негізге алынады. Сондықтан, оның көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы балаларға көмек АЕК түрінде беріледі. Ол жоғарыда айтылғандай, 7%-ға өседі.

Келер жылдан енгізілетін бұл өзгерістерге қосымша 119,5 млрд. теңге қарастырылған.

Жалпы, әлеуметтік салада биыл бірқатар бастамалар қолға алынғанын айту керек. Мәселен, биыл бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. 1 қарашадағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд. теңгеден астам сомаға төлем алды. Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек оны алатын отбасылардың балаларына ақшалай беріле бастағандықтан өткен айдағы дерек бойынша 6 млрд. теңгеге 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.

Түрлі инстанцияларға жүгінбей-ақ, проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді қарастыратын Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Цифр­лық карта мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Еңбек заңнамасын либеризация­лау және жұмысқа алудың жаңа фор­маларын дамыту мақсатында шіл­деден бастап, тиісті түзетулер енгі­зілді. Нәтижесінде бірлескен жұмысқа орналасу, икемді жұмыс кестесі, тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы және платформалық жұмыс түсінігі қалыптасты.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button