«Бірге қанат қақтық»
Жуырда ҚР «Құрметті металлургі», Теміртау қаласының Құрметті азаматы, Елбасының серіктесі Қуаныш Омашұлы ОМАШЕВПЕН сұхбат жасаудың сәті түсті. Жиырма жыл көлемінде Президентімізбен етене араласқан, қатар жүрген азаматтың әңгімесінен сіздер де құлағдар болыңыздар.
– Қуаныш Омашұлы, әңгімемізді әріден бастайық. Құрыш құйып, болат балқытқан металлургия саласына қалай келдіңіз?
– Ағадырдағы он жылдық мектепті ойдағыдай аяқтаған кезім. Ол кезде нұсқау бойынша мектеп қабырғасынан түлеген жастарын жолдамамен әр қиырға жіберіп жататын заман. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, маған да жолдама бұйырды. Теміртауда зауыт салына бастады деген хабар біздің өлкеге де жетті. Жер-жерден, ел-елден ағылған жұмысшылардың да осы Теміртауға ат басын тірегенін біз де еститінбіз. Жалындап тұрған шағым ғой. Тепсе темір үзетін жігітпін. Ойланғам жоқ. Аттандым да кеттім. Қарағандыға келіп, 1961 жылы қазірге Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне оқуға қабылдандым. Ол заманда бұл білім ордасы институт болатын. Бірден Теміртауға жіберді. Күндіз жұмыс істеп, түн ауа сабақ оқимыз. Қазіргі дуальды білім беру жүйесі сол заманның өзінде болды. Жалпақ тілмен айтқанда – «Хрущев жүйесі» деп атайтынбыз. Жастар екі жыл күндіз оқыса, екі жыл түнде оқитын. Бұл бір жағынан қағаз кеміріп отырудан, жалығу мен іш пыстырудан арылтудың бірден-бір жолы еді. Соның арқасында теория мен тәжірибені қатар алып жүруге мүмкіндік пайда болды. Қазіргі жастар қызмет етпей жүріп-ақ оқудан қалып жатады. Мен таңғаламын. Біз от пен судың арасында қатар жүріп, білімді де шыңдадық, жұмысымызды да жасадық қой.
– Студенттік өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан екенсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен таныстығыңыз да сол кезде басталған болар?
– Дөп түстің. Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан тұрмақ, бүкіл Кеңес Одағы елдерінен мамандар келіп жатқан кез ғой. Үкімет дайын мамандармен қатар, біз секілді жас жеткіншектерді де оқытып, кадр дайындығын қолға алған. Елбасымыз да сол кезде еліміздің оңтүстік өңірінен қанат қаққан жас қыранның бірі болды. 1962 жылы осы институттың қабырғасында, бір факультетке, бір топқа түстік. Әлгінде айтқанымдай, оқи жүріп, еңбек еттік. Президентімізбен Теміртауда екі жыл қатар қызмет жасай жүріп, тәлім алдық. Жалындаған жастығымызды қатар өткердік. Сөйтіп, 1967 жылы бір ұядан, бір шаңырақтан қанат қақтық. Кейін үш жыл көлемінде тағы бірге оқыдық.
– Шыңдалған шебер маман етіп дайындаған студенттік өміріңізді артқа тастап, еңбек еткен жылдарыңызға тоқталайық. Оқу бітірісімен бірден Теміртауға тарттыңыз ба?
– Иә, бірден Теміртауға ат басын бұрдым. Елбасымен жолымыз бұл жерде де тоғысты. Үш жыл көлемінде бір комбинатта тер төктік. Өмірдің суығын да, ыстығын да қатар көрдік. Жұмыс жасай жүріп, жас болған соң, комсомол жұмысы, жастар жұмысы сынды қоғамдық жұмыстардан да қол үзбедік. Алыпсыншы жылдары басталған таныстығымыз, білістігіміз, өндіріс саласындағы қызметтестігіміз өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін жалғасты. Ойлап отырсам, 18-20 жылдай өміріміз қатар өріліпті. Бірақ, қызметінің өскеніне, тағдырлы-талайлы ғұмыр кешкеніне қарамастан, баяғы ерік-жігері, күш-қуаты әлі бойында. Алашты алға жетелеймін деп, басын бәйгеге тіккен нар тұлға ғой. Оны – өмір шыңдады. Отқа да суға да салды. Алайда, металлург мамандарына сай қайсарлық қай сын сағатта болмасын, сенім мен жігер беріп отырды. Болаттай берік, темірдей төзімді болмасаң, 17 миллион халық тұрмақ, 17 адамды басқару оңай емес. Бұл қасиет Елбасымызға әкесінің қанымен, анасының сүтімен дарыған.
– Қоғамдық жұмыстардан қол үзбегендеріңізді айтып қалдыңыз. Елбасымыз Теміртаудағы қалалық комитетте қызмет етіп жүрген кезінде түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып, өнерпаздардың басын қосып, ауыл-ауылдарды аралатып, концерттік бағдарлама әзірлеткенін де естіген едік.
– Елбасымызға тән ең бір асыл қасиет – ұйымдастырушылық қабілеті дер едім. Өзгеге тоқтамаса да, сөзге тоқтаған халықпыз ғой. 1989 жылғы Қарағандыдағы шахтерлер ереуілін де жақсы білесің. Ашынған жұмыскерлердің ашуын басу оңай емес. Өзге басшыны місе тұтпаған шахтерлер, Президентіміздің сөзін тыңдап барып тарқасты. Бұл бір. Енді Теміртаудағы қызметіне тоқталсақ, ұйымдастырушылық қабілеті сол кездің өзінде айрықша менмұндалап тұрды. Болашақта үлкен қызмет атқаратынын ішіміз сезетін. Институтта оқып жүргенде ғылым докторы бола ма деп ойладық. Нақты ғылымдардың тізгінін ұстай ма деп болжадық. Тіпті, философ бола ма деп жорамалдағандар да болды. Техника саласындағы жоғары оқу орнында оқығасын, не физик, не болмаса химия саласын тізгіндер дедік. Бірақ, Елбасымыз одан да биік тұғырға көтерілді. Біз өзі бір факультеттен, бір топтан он алты бала түлеп ұштық. Соның төртеуі ғылым докторы атанды. Бесеуі түрлі мекемеде басшылық етті. Өз басым 30 жыл көлемінде Теміртаудағы комбинатта басшылық жасадым. Жәй комбинат емес, Одақ бойынша маңызы бар комбинат. Көрсеткіштер бойынша да бірінші орыннан төмендеп көрген емеспіз.
– «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейді. Соншама қым-қуат қарбаласты, ауыр жұмысты атқара жүріп, жар сүйіп, шаңырақ көтеру де оңай шаруа емес. Сіздің тойыңызды да осы Елбасымыз басқарған деп естіп едік…
– Той жасау керек болғасын, туысқандар келер, тойымды ағаларым атқарар деп топшыладық. Қарағандыдағы Бейбітшілік даңғылы бойындағы диетасханаға ақ дастарқан жайдық. Бұл – 1967 жыл. Айтқандай, әкемнің інісі келіп, тойды салтанатты түрде ашып берді. Ол уақтытта қазіргідей кәсіби асаба, той бағдарламасы деген дүниелер қалыптаспаған шақ қой. Бәрі аяқ астынан болды. Содан, бір мезгілде тізгінді Нұрсұлтан Әбішұлы алды. Әнші, биші, оркестр ұжымын да ерте келген екен. Қарасам, өзіміздің курстар, өзге факультеттердің жігіттері. Арасында Саша Дроздов деген азамат бар. Елбасымыздың тағы бір қыры – көне әндерді, тіпті, көп әншілер біле бермейтін әндерді білуі. Домбырада да шебер ойнайды. Күні бүгінге дейін аралас-құраластығымыз үзілген емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Рауан ҚАБИДОЛДИН.