Бірегей жоба басымдықтары
Teez маркетплейсін бүгін жүктеп, қалаған затыңызды тапсырыспен ертең-ақ алыңыз. Бұл да Ozon, Kaspi, Wildberries, Flip.lz және тағы да басқа интернет магазиндері секілді. Бірақ, олардан артықшылығы – жеткізуінде. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қолдауымен былтырғы жылдың соңында жаңа инфрақұрылым алаңы ашылған еді. Нәтижесінде, Қарағандыда 20 мың шаршы метр аумақта төрт бірдей үлкен нысан бой көтерді. Әзірге оның екеуі – қойма. Одан бөлек, фотостудия ғимараты да бар. Әр нысанның ауданы бес мың шаршы метрден. Төрт этажды ғимаратта бос кеңістік жоқ. Қойманың біреуінде түрлі ірілі-ұсақты тауар тұрса, екіншісінде тұрмыстық техникалар сақталған. Үшінші нысан мамырда, төртіншісі күзде іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, 2030 жылға қарай инфрақұрылым аумағын 120 мың шаршы метрге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Қазіргі таңда Қазақстанның 27 қаласында маркетплейстің 116 қабылдау нүктесі жұмыс істеп тұр. Оның 11-і – Қарағандыда. Ал, Астана, Алматы қаласында арнайы кеңселері ашылыпты. Маркетплейстің жұмысымен танысу үшін қоймаға арнайы барып қайттық. Толығырақ тарқатайық…
Жоба құны – 3 млрд теңге
Жалпы, маркетплейстің негізін қалаушы шетелдік кәсіпкер – Линар Хуснуллин. Бүгінде оның жобасы Ресей, Өзбекстан елінде қанатын кеңге жайған. Былтыр ұлттық жоба шеңберінде екі тарап келісімге келіп, 3 млрд теңгеге жуық қаржы құйыпты. Сәйкесінше, маркетплейстің үлкен қоймасы Қарағандыда бой көтерді. Бұл бастама тек өңірдің ғана емес, ел экономикасын дамытуға бағытталған бірегей жоба деп таныстырылды.
Teez маркетплейсін кез келген платформадан жүктей аласыз. Бүгінде бағдарламаны 600 мыңнан астам қазақстандық жүктеп үлгерген. Күніне 35 мыңға жуық қазақстандық елдің түкпір-түкпірінен тапсырыс беруде. Қосымшаның басқа бағдарламалардан ешқандай айырмашылығы жоқ. өзіңізге қажетті кез келген дүниені каталог арқылы таңдай аласыз.
– Teez – өңірдегі бірегей жоба. Логистикалық тұрғыдан Қарағанды Қазақстанның кіндігі десек те болады. Қай жағынан да қарасаңыз да тиімді. Жалпы меже бойынша елдегі қабылдау нүктелерінің санын 500-ге жеткізу. Бұл келешектің еншісінде. Бірақ, алдағы бірнеше жылда олардың санын 300-ге апару. Әрине, бізге ел тұрғындарының пікірі маңызды. Егер тұрғындар «Бізге қабылдау нүктесі керек» десе ашып береміз. Біздің басқа бәсекелестерімізден артықшылығымыз – бір күнде жеткізіп беруімізде, – деді қойма логистикасының директоры Антон Иванов.
Қарағандыдағы негізгі нысанда 350 адам жұмыс істейді. Ал, жалпы, маркетплейс командасында 800 адам бар. Жоспарға сәйкес ел аумағына маркетплейстің қабылдау нүктелерін ашып, тағы сегіз мың адамды жұмыспен қамту көзделген.
Қазіргі уақытта тапсырыстарды жеткізу қызметінде сегіз көлік бар. Жыл соңына дейін тағы 11 көлік жолға шығады деп күтілуде. Одан бөлек, келісімшарт арқылы серіктестер де тартылған. Серіктестер арқылы да алыс-жақын елдімекендерге тауар жеткізіледі. Сонымен қатар, Астана, Алматы қаласынан бөлек, Батыс Қазақстан өңіріне де әуе компаниялары арқылы жеткізіп беру қызметі бар. Әуе компаниялары арқылы барған тауарды жергілікті жердегі менеджерлер сату нүктелеріне жеткізеді.
Қарағанды өңірі үздік үштік қатарында
Жаңа бағдарлама жаңа жаңалығымен келді. Бағдарламаны жүктеп алғандар мен тапсырыс берушілердің қатары көбейген. Қойма логистикасы директорының сөзіне сүйенсек, осы аптада сатылған тауардың көрсеткіші өткен аптамен салыстырғанда 10%-ға артқан. Осы айда мереке күндеріне қарамастан қоймадағы жеті мың тауар сатылған. Ал, желтоқсан айында бұдан екі есе көп тауар өтіпті. Әрі Карағанды облысы елімізде электронды сауда көлемі бойынша ІІІ орынға көтерілген.
– Аймақта электронды сауда айналымы қарқынды дамуда. 2023 жылдың қорытындысына сүйенсек, электронды сауда көлемі 302 млрд теңгеден асқан. Ал, 2024 жылы бұл көрсеткіш 42,5 млрд теңгеге өсті. Өңірде элктронды қызмет саласында көптеген ірі компаниялар жұмыс істеуде. Электронды сауданы сатуға және алуға барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылымның кеңінен қанат жаюына жергілікті атқарушы органдармен тиісті заң аясында мемлекеттік көмек көрсетілетін болады, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Абзал Рахымбаев.
Тауарды қалай сатамын?
Ендігі көкейде қалған бір сұрақ бар. Мен тауарымды қалай маркетплейсте сата аламын?
Мәселен, сіз кәсіпкерсіз делік. Кеңсе тауарларын немесе басқа да шаруашылыққа қажетті дүниелерді сатасыз. Тауарыңызды Қазақстанның басқа өңіріне немесе алыс-жақын қала мен ауданға сатылымға шығарып, табысыңызды арттырғаныңызды қалайсыз. Ал, басқа компаниялардың жеткізіп беру қызметіне немесе шартына көңіліңіз толмайды делік. Ал, Teez маркетплейсінде тауарыңызды саудалау біз ойлағаннан да жеңілірек екен. Бірақ, бір талап – тауардың сапасында.
Әуелі маркетплейс басшылығымен келісімшартқа отыруыңыз қажет. Содан кейін тауарыңыз сұрыпталады. Сіздің тараптан талап ететіні – сапалы тауар және тауардың сипаттамасы. Ал, тауардың сатылымға шығуы, тауарды суретке түсіру – маркетплейс мамандарының жауапкершілігіндегі іс. Қазіргі таңда қазақстандық 22 кәсіпкер осы интернет-бағдарлама арқылы арқылы тауарын сатуға қойған.
– Біз қазақстандық кәсіпкерлер не сатады, соны сатамыз. Қытайдан немесе басқа да алыс-жақын шет елдерден алдырмаймыз. Қоймада не бар, сол сатылымға шығады. Ал, тауарларды жеке кәсіпкерлер келісімшарт арқылы береді. Әр тауарды суретке түсіріп, мобильді қосымшаға өзіміз саламыз. Кәсіпкерлер тауарын жарнамалап, сыртын қаптап әуреленбейді. Тауарды бағдарламаға енгізіп, сатып алушының мекен жайына қаттап-шоттап апару – біздің міндет. Тіпті, Батыс Қазақстан өңіріне де ертең-ақ тапсырыс берген дүниеңізді апарып бере аламыз. Біздің басқалардан артықшылығымыз – осында, – деді Антон Иванов.
Фотостудия – маркетплейстің жүрегі
Маркетплейсте ең маңызды аймақ – фотостудия. Кәсіпкерден түскен тауар қоймаға түскен соң бірден осында жіберіледі. Яғни, мұндағы мамандар тауарды арнайы әзірленген фотоаймаққа қойып, белгілі стандартттарға сәйкес бағдарламаға енгізетін суретін түсіреді. Бағдарламаға да жүктейтін – осы мамандар.
– Біздің жұмыстың жауапкершілігі жоғары. Тауарды қаз-қалпында сатып алушыға ұсыну дегеніңіз, сіз ойлағандай оңай емес. Суретті әрлемей әрі сапалы түсіру қажет. Бізде шынайылық бірінші орында. Тауардың мінездемесін біз жазбаймыз. Оны жазуға біздің құқығымыз жоқ. Кәсіпкер келісімшарт бойынша бізге тапсырған тауарларының мінездемесін өзі жазып қалдырады. Фотографтар тауарды түсіріп болған соң компьтерде отырған мамандарға жолдайды. Олар тауар суреті мен мінездемесін сұрыптап, бағдарламаға енгізеді, – деді фотостудия жетекшісі Кенесары Десеков.
Жұмыскерлер екі ауысыммен істейді. Әр ауысымда жеті фотографтан. Фотостудияда арнай суретке түсіретін 30 алаң бар. Одан бөлек, суреттерді өңдейтін ретушер мамандары үшін де 30 компьютер столы қойылған. Суретін түсіретін тауарларды қабылдап, сұрыптайтын маман да бар.
Автоматтандырылған дүние басыңызды ауыртпайды
Teez маркетплейсі арқылы келген тапсырыс автоматты түрде іріктеліп, қойма қызметкерлерінің қолындағы арнайы құрылғыға түседі. Ал, қойма қызметкерлері қоймадан тауарларды тауып, арнайы штрихкод жапсырады. Әрі қарай сұрыптаушы мамандарға жолдайды. Аз уақыт болса да, осы жұмысты мүдірмей істеп жүргеніне қойма қызметкері Бекзат Бикен бригадасымен тәулігіне мыңнан астам тауар жинайды екен.
– Бағдарламаның бір артықшылығы – басқа өңірлерге жеткізілетін тауарлар бірінші қатарға шығады. Оны біз емес, бағдарлама өзі сұрыптайды. Шарт бойынша алысқа баратын тауарлар қоймадан шығарылады. Әрқайсысымыздың қолымызда арнайы құрылғы бар. Құрылғыға автоматты түрде тапсырыс түсіп, әрқайсымызға бөлінеді. Ал, біз бірден қоймадан тауып, компьютердегі мамандарға апарып береміз. Жұмыстың ешқандай қиындығы жоқ. Қоймададағы сөрелер рет санымен. Әрі әр тауар штрихкодталған. Басып қалсаңыз, қайда тұрғаны көрсетіледі, – деді Бекзат Бикен
Қойма қызметкерлерінің қолындағы құрылғыға тауардың қай бағытқа жеткізілетіні көрсетілмейді. Тек, тауардың аты, тұрған орыны мен коды шығады.
Компьютер алдында отырған мамандарға тауар жеткен соң баратын аймағына қарай сұрыпталады. Қолындағы арнайы құрылғы арқылы штрихталған тауарды түртіп кеп, аймағын анықтайды. Сәйкесінше, тауарларды орап, бағыт бойынша бір сөреге жинайды. Орау аймағында қызмет көрсетушілердің бірі – Таир Улмесеков. Бұл жігіттің де осында жұмысқа тұрғанына көп бола қоймаған.
– Тауар бағытын анықтап алған соң бірден орауға кірісеміз. Осындайда ептілігің сыналады екен. Қолымыздағы құрылғы қойма қызметкерлерінікінен бөлек. Бәрі автоматтандырылған. Тауардың бүтіндігіне көз жеткізіп барып орау қажет. Әрі тауардың бүлініп қалмауына көз жеткізіп барып, сөреге қоямыз. Сөредегі дайын тұрған тауарларды жүк көліктері тиеп алып кететін аймаққа келесі қызметкерлер жеткізіп береді, – деді Таир Улмесеков.
Түйін
Электронды сауда – елімізде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл – цифрлық экономиканы дамытуға, ірі компаниялар мен шағын орта бизнес үшін жаңа мүмкіндік. Ал, дәл осындай жоба Қарағандыда жүзеге асуы біз үшін жетістік деп түйдік…
Ербол ЕРБОЛАТ,
Оrtalyq.кz