Ресми

Бірегей жобаға білікті маман қажет

Анна Кенжебекова былтыр сәуірде Саран қаласының жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп жүгінеді. «Іздегенге – сұраған». Ондағылар KamaTyresKz шина шығаратын зауыт жұмысқа мамандар қабылдайтынын хабарлап, техникалық бақылау бөлімінің инженер-технологы болып жұмыс істеуге ұсыныс білдіреді. Келісуін келіскенімен, ол жұмысқа әлі үйрену де қажет еді. Өтініш жазылып, қол қойылған соң Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде үш апта бойы біліктілік арттырады…

– Маған маман ретінде Саран колледжінде білім алу жеткіліксіз болды. Әлі есімде, былтыр 18 мамырда Татарстан Республикасы Нижнекамск қаласына тағылымдамадан өту және оқыту, жаңа білім мен мүмкіндіктер алу үшін жұмыс істеп тұрған шина зауытына болашақ әріптестеріммен бірге бардым. Резеңкеден сапалы дөңгелек шинасын жасап шығару сіз ойлағандай оңай іс емес екен. Біз ол жерде шина өндірудің күрделі үдерісін меңгердік. Құжат дайындай білу де – заман талабы. Оқу барысында практикалық дағдыларға ие болдық. Сапар шеккен – бір ғанибет. Зауытта жұмыс істейтін адамдармен араласа жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтадық. Желтоқсан айынан бастап зауыттың толыққанды қызметкерімін. Бүгінде технологиялық нұсқаулықтарды әзірлеп, техникалық құжаттамамен жұмыс істеп жүрмін. Құрылғыларды іске қосу-реттеу жұмыстарына қатысамыз. Жақын болашақта бай ассортиментте сапалы өнім шығару үшін барымызды саламыз, – дейді Анна Николаевна.

Жаңа өндіріс нысаны алдымен отандық автоөнеркәсіп пен автокөлік иелерінің сұранысын өтеп, содан кейін экспортқа шығады. Қазір кәсіпорында жабдықтарды дайындау және білікті кадрларды оқыту қарқынды жүріп жатыр. Бос орындарға үміткерлерді де күтуде.

– Мамандарды даярлау келесі формат бойынша жүргізіледі, – деп түсіндіреді компания өкілі В.Дедов. – Үміткерлердің барлығы дерлік бастапқы кезеңде Саран жоғары техникалық колледжінің базасында оқытылады. Мамандыққа байланысты оқыту кезеңі үш аптадан бір жарым айға дейін созылуы да бек мүмкін. Осы кезеңде олар мамандар ретінде емес, көмекші жұмысшылар ретінде жалақы алады. Оқуы аяқталғаннан кейін біз оларды Татарстандағы Нижнекамскіге жібереміз. Онда олар өндірістік практикадан өтеді, емтихан тапсырады, біліктілігін растайды. Келем деушілерге есігіміз ашық!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button