Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа ҚХА кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың басшылары, ҚХА жастар қанатының өкілдері, медиаторлар мен азаматтық қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді талқылауды, этносаралық келісімді нығайту және ҚХА-ның алдағы XXXIV сессиясына дайындық барысын пысықтауды көздеді.
Кеңейтілген отырысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзімен ашып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен ел халқының бірлігін нығайтудағы шешуші рөл атқаратын бірегей институт ретіндегі маңыздылығын айрықша атап көрсетті.
– Бұл – біздің алғашқы кездесуіміз емес. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының қорытындысын талқыладық және 2025 жылға арналған міндеттерді қарастырдық. 30 жыл ішінде Ассамблея мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін маңызды институт ретінде өзін дәлелдеді. Оның басты мақсаты – қазақстандық патриотизм негізінде қоғамдық келісімді қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, алдағы уақытта да бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала бермек. Және осы бағытта тек Ассамблея ғана емес, бүкіл азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс істеуі қажет.
Ассамблеяның жоғарғы органы – ел Президентінің өкімімен шақырылатын жыл сайынғы Сессиясы екенін білесіздер. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы қарсаңында өткізіліп отырған бүгінгі кездесу ерекше мән-мағынаға ие, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Қарағанды облысы ҚХА Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Хмелевский ҚХА-ның 30 жылдығына орай атқарылған жұмыстар туралы баяндап, өңірдің этномәдени бірлестіктерінің қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы және мерейтойлық іс-шаралар шеңберінде іске асырылған маңызды жобалар туралы әңгімеледі.
– ҚХА-ның қоғамдық құрылымдары мен облыстың этномәдени бірлестіктері нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарды белсенді жүргізуде. Атап айтсақ, ҚХА-ның мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында «Мәміле» қазақша сөйлесу клубы табысты жұмыс істеп тұр. Бұл клубқа келушілер саны жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері қазақ тілін үйренуде жетістікке жеткен түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын насихаттайтын 16 бейнежазба түсіріліп, барлығы 60-тан астам бейнежазба жасалды. Достық үйінің есігі жергілікті қауымға үнемі ашық. Мұнда кез келген форматтағы іс-шараларды өткізуге жағдай жасалған. Түрлі этностардың тілдерін оқытуға арналған 6 үйірме бар, оларға 2000-ға жуық адам қатысады, халықтық қолданбалы өнер үйірмелері бар. Этномәдени бірлестіктердің 5 шығармашылық тобына «халықтық» атақ берілді. Биыл «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 30 жылдығын, румындардың «Дакия» мәдени қоғамы 20 жылдығын атап өтуде, – деді Виталий Альбертович.
Одан бөлек, Кеңес отырысының аясында қайырымдылық және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚХА «Жомарт жан» қоғамдық құрылымының мүшесі Рамиз Ширинов баяндама жасап, алдағы республикалық меценаттар форумы туралы ақпарат беріп, мұқтаждарды қолдау саласындағы жаңа бастамалар туралы мәлімдеді.
Ал, облыстық мәслихатының депутаты Игорь Жабяк «Бірлік» депутаттық тобының ағымдағы қызметі туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ол «Бірлік» депутаттық тобының жұмысы және Ассамблея жобаларын заңнамалық қолдаудың маңыздылығы туралы айтты.
– Облыста ҚХА мерейтойы мен «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен «Адал азамат» жобасы жүзеге асуда. Аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан кеншілер, құтқарушылар, ұстаздар, мәдениет, медицина, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері марапатқа ие болуда. Еліміздің барлық аймағынан келген ақсақалдардың Қарағанды облысына сапары маңызды оқиға болды. Оның аясында тарихымызға деген терең мағына мен құрметке толы бірқатар айтулы оқиғалар өтті. Ол шаралар еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің қадірін арттыра түскендей. Облыстық мәслихаттың шешімімен құрылған «Бірлік» депутаттық тобы да түрлі саяси партиялардың, ҚХА және азаматтық қоғам өкілдерін біріктіріп, ұлтаралық келісім мен қоғамдық диалогты жүйелі қолдаудың жаңа алаңына айналды, – деп атап өтті Игорь Васильевич.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова республикалық деңгейдегі бастамаларды қоса алғанда, өңірдегі әйелдер мен аналардың қатысуымен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жоспарларымен бөлісті. Қоғам болып жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Аймақ басшысы Айжан Казимирқызының ұсынысын қолдап, қоғамдық орындарда отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмысын жандандыруды тапсырды.
Жастар векторын «Ассамблея жастары» РҚБ өңірлік өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов таныстырып, ол Қарағанды қаласы көшелерінің бірінде ҚХА-ның 30 жылдығына арналған мурал салуды қоса алғанда, жас белсенділердің жобалары туралы баяндады.
«Умырзая» татар-башқұрт орталығының жетекшісі Рустам Бузяков көрнекті қазақстандық ғалым және мемлекет қайраткері Әлімхан Ермековке арналған алдағы конференция және ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жастар қанатының жұмысы туралы ақпарат берді.
Жалпы, әр спикер өз сөзінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жетістіктерін де айрықша атап өтті. Биыл тойланғалы отырған ҚХА 30 жылдық мерейтойы институттың биік белесі екені де айтылды.
Аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы Қарағанды қаласының және барлық қала, аудан әкімдері мен мәслихаттарына ҚХА-ның алдағы XXXIV сессиясына дайындықты тағы бір пысықтауды мұқият тапсырды.
Шара соңында Ассамблеяның 30 жылдығына арналған ҚХА мерейтойлық медальдарымен марапаттау рәсімі өтті.
Медальға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, «Qarmet» акционерлік қоғамының бас директоры Вадим Басин, облыстық «Әнет баба» мешітінің бас имамы Естай Айтуғанұлы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова және басқа да бірқатар этномәдени бірлестіктер өкілдері, этносаралық келісім мен қоғамдық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін аймақтың қоғам белсенділері ие болды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ