Бас тақырып

Бірегей институттың биік белесі

Қарағандыдағы “Достық” үйінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Отырысқа ҚХА кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың басшылары, ҚХА жастар қанатының өкілдері, медиаторлар мен азаматтық қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді талқылауды, этносаралық келісімді нығайту және ҚХА-ның алдағы XXXIV сессиясына дайындық барысын пысықтауды көздеді.

Кеңейтілген отырысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөз сөйлеп ашты. Аймақ басшысы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен ел халқының бірлігін нығайтудағы шешуші рөл атқаратын бірегей институт ретіндегі маңыздылығын айрықша атап көрсетті.

Қарағанды облысы ҚХА Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Виталий Хмелевский ҚХА-ның 30 жылдығына орай атқарылған жұмыстар туралы баяндап, өңірдің этномәдени бірлестіктерінің қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы және мерейтойлық іс-шаралар шеңберінде іске асырылған маңызды жобалар туралы әңгімеледі.

Одан бөлек, Кеңес отырысының аясында қайырымдылық және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ҚХА «Жомарт жан» қоғамдық құрылымының мүшесі Рамиз Ширинов баяндама жасап, алдағы республикалық меценаттар форумы туралы ақпарат беріп, мұқтаждарды қолдау саласындағы жаңа бастамалар туралы мәлімдеді.

Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Игорь Жабяк «Бірлік» депутаттық тобының ағымдағы қызметі туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ол «Бірлік» депутаттық тобының жұмысы және Ассамблея жобаларын заңнамалық қолдаудың маңыздылығы туралы айтты.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова республикалық деңгейдегі бастамаларды қоса алғанда, өңірдегі әйелдер мен аналардың қатысуымен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жоспарларымен бөлісті. Қоғам болып жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Жастар векторын «Ассамблея жастары» РҚБ өңірлік өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов таныстырып, ол Қарағанды қаласы көшелерінің бірінде ҚХА-ның 30 жылдығына арналған муралды салуды қоса алғанда, жас белсенділердің жобалары туралы баяндады.

«Умырзая» татар-башқұрт орталығының жетекшісі Рустам Бузяков көрнекті қазақстандық ғалым және мемлекет қайраткері Әлімхан Ермековке арналған алдағы конференция және ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жастар қанатының жұмысы туралы ақпарат берді.

Жалпы, әр спикер өз сөзінде Қарағанды облыс Қазақстан халқы Ассамблеясының жетістіктерін де айрықша атап өтті. Биыл тойланғалы отырған ҚХА 30 жылдық мерейтойы институттың биік белесі екені де айтылды.

Шара соңында Ассамблеяның 30 жылдығына арналған ҚХА мерейтойлық медальдарымен марапаттау рәсімі өтті.
Медальдарға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, этносаралық келісім мен қоғамдық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін өңірдің белсенділері мен қоғам белсенділері ие болды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button