Жаңалықтар

Бірегей білім ордасы

Қарағанды жоғары политехникалық колледжі 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Аталған мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА мен колледждің ардагер ұстаздары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Бұл колледждің тарихы жалпы Қарағанды қаласының тарихы іспеттес. Бүгінде Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне 90 жыл толып отыр. Бұл – үлкен белес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтой маңызды жылдың өнегесі болмақ. Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров осы оқу орнынан түлеп ұшқан. Бұл оқу орнының білім саласына қосқан үлесі зор. Маман даярлауда, өңірдің өндірістік әл-ауқатын арттыруда ерен еңбек етіп келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Нүкенов.

Сондай-ақ, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын жеткізіп, 5 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Облыстық білім басқармасының басшысы Г.Қожахметова колледждің даму тарихына шолу жасап, кәсіби маман даярлаудағы колледж жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында колледждің оқытушыларын облыстық білім басқармасының атынан марапаттады. Атап айтқанда, оқытушылар Гүлнар Желтұрғызова мен Дина Тақшылықова «Білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ал, Маржан Қондызбаева, Александр Шилин, Дана Айбасоваға Құрмет грамотасы табыс етілді.

Абыз жасындағы оқу орнының тамыры тым тереңде. Аталмыш колледжден қаншама түлек қанат қақты. Бұл оқу орны ел экономикасын дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Елдің іргесін нығайтуда талай мамандарды даярлап, кәсіби шыңдарға жетелеуде ұлы ұстаздардың үлесі зор. Сол себепті 90 жылдық мерейтойға орай шараға қатысқан қонақтарға және ардагерлерге мерекелік медальдар табыс етілді.

Шара барысында Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру мен экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академияларының академигі, профессор, еңбек ардагері Николай Дридж, облыстық білім беруді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес төрайымы Маулида Жошина және Татьяна Кулагина, қазақстандық салалық білім және ғылыми зерттеулердің кәсіптік одағының, облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Татьяна Самойлюк сөз сөйлеп, колледж ұжымын мерейтойларымен құттықтады.

– Бұл оқу орны бүкіл Қазақстан бойынша кадр даярлаудың маңызды бөлігі саналады. Мен осы колледжді бітіріп, 1944 жылдан бастап жұмыс істедім. Одан бөлек шахтада қызмет еттім. Бұл кезеңдерде ұлы оқиғалар болды. Мен соның куәсі болдым. Кезінде орта білім беретін оқу орны бүгінде жоғары политехникалық колледжі атағына ие болды. Бұл мемлекеттің қайта қаржыландыруы есебінен жаңаша түрге енді. Әр кабинетінде менің сайраған ізім жатыр, – деп еске алды еңбек ардагері, профессор Н.Дридж.

Облыстық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Татьяна Самойлюк колледж директоры Жанар Рахимованы және колледж оқытушысы Бақытгүл Омарованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал, колледж оқытушылары Айдар Кантеев, Қанат Жалбыров, Қанат Қоржынбаев Алғыс хатпен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Колледж ұжымына 1 млн. теңге көлемінде сауықтыру орталығына жолдама берілді.

Сондай-ақ, колледж тарихында ізі қалған бұрынғы директор З.Рахимовтың замандастары аталған шараға қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова политехникалық колледж «Дуалды оқыту» жүйесі мен «Жас маман» бағдарламасын қолданысқа енгізуде тәжірибелік алаңға айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, облыстық оқу-әдістемелік орталығының атынан «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін» колледж оқытушылары Сая Шамғұлова, Гүлнара Тұңғышбаева және Алексей Шебалин марапатталды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button