Жаңалықтар

Бірегей бағдарламаның берері мол

Қазақтың кең даласындай кең мүмкіндіктер ашып отырған «AI-Sana» бағдарламасы бүгінде тек технологиялық жоба емес, елдің зияткерлік келбетiн өзгертетін ұлттық қозғалысқа айналды. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан бұл мемлекеттік бағдарлама Қазақстанды жасанды интеллект саласында жаңа сапалық деңгейге шығаруды көздейді.

Сурет Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ баспасөз қызметінен

«AI-Sana» – жоғары білім мен ғылым жүйесіне жасанды интеллект технологияларын кешенді енгізуге бағытталған стратегиялық жоба. Бағдарламаның басты мақсаты – білім, ғылым және DeepTech стартаптары арқылы «AI Nation» – жасанды интеллектіні меңгерген жаңа буынды қалыптастыру. Министрліктің дерегінше, жоба аясында 2025 жылы еліміз бойынша 500 мыңға жуық білім алушы жасанды интеллект пен AI-менеджмент бойынша курстарды аяқтады. Бұл – цифрлық сауаттылықтың жаппай сипат алып келе жатқанын көрсететін, тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған көлемдегі бастама.

Осы ұлттық қозғалыстың алдыңғы легінде Бөкетов ұлттық зерттеу университеті тұр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен университет «AI-Sana» инновациялық жобасын іске асыратын еліміздегі 26 тірек жоғары оқу орнының бірі болып бекітілді. Бұл мәртебе – бір жағынан жауапкершілік, екінші жағынан, аймақтық университеттің елдік деңгейдегі цифрлық реформалардың драйверіне айналғанының айқын дәлелі.

Бөкетов университетінде «AI-Sana» бағдарламасы үш негізгі бағытта қарқынды дамып келеді: студенттердің ЖИ бойынша базалық құзыреттерін қалыптастыру; оқу үдерісіне ЖИ пәндері мен құралдарын енгізу; жасанды интеллект негізіндегі ғылыми зерттеулер мен стартаптарды қолдау.

2025 жылдың көктемінде Қарағанды университеті студенттері Huawei ICT Academy платформасында «Жасанды интеллектінің базалық мүмкіндіктері» курсын жаппай меңгерді. Нәтижесінде 13 577 студент, магистрант және докторант сертификат алды.

Қарағандыдағы дәстүрлі аудиториялық сабақтар бүгінде жаңа мазмұнға ие. Университет білім беру бағдарламаларын түбегейлі жаңартып, «Жасанды интеллект», «Жасанды интеллект негіздері», «Жасанды интеллект және нейрондық желілер», «Педагогтің кәсіби қызметіндегі жасанды интеллект» сияқты жаңа пәндерді іске қосты. Бұл пәндер тек ІТ-мамандарға ғана емес, болашақ мұғалімдерге, филологтарға, экономистерге, журналистерге, яғни түрлі сала өкілдеріне арналған.

Сонымен бірге, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге арналып жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша жаппай ашық онлайн-курс (MOOC) әзірленуде. Бұл қадам жасанды интеллектіні аз ғана техниктердің емес, кез келген мамандық иесінің «жұмыс құралына» айналдыруға бағытталған.

«AI-Sana» Бөкетов университетіндегі ғылыми күн тәртібін түбегейлі жаңартты. 2025-2026 оқу жылында жасанды интеллектіге арналған 27 магистрлік диссертацияның тақырыптары бекітілді. Олардың қатарында:
– бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын ЖИ арқылы дамыту;

– информатика сабақтарында критикалық ойлауды ЖИ негізінде қалыптастыру;
– ағылшын тілін оқытуда нейрожелілерді қолдану;
– журналистикада жасанды интеллектінің көрінісі;

Үш докторлық диссертация VR/AR/MR технологияларын ЖИ-мен біріктіретін иммерсивті оқыту, жасанды интеллектіге негізделген адаптивті білім беру жүйесін жобалау және цифрлық ортада студенттердің зерттеушілік құзыретін қалыптастыру мәселелерін қамтиды. Яғни жасанды интеллект енді тек пән атауы емес, ғылыми ізденістің өзегіне айналып отыр.

Бүгінде университет қабырғасында екі маңызды ЖИ-стартап пісіп-жетіліп келеді. Біріншісі – AIGuide-KBU. Бұл жоба – Бөкетов университетінің цифрлық жүрегі болуға тиіс интеллектуалды көмекші. Ол студенттерге, оқытушыларға және қызметкерлерге оқу кестесінен бастап, оқу үлгеріміне, академиялық саясатқа және кампустағы іс-шараларға дейін барлық маңызды ақпаратты жекелендірілген форматта жеткізетін «бір терезе» қызметін атқарады.

Екіншісі – FinSight-AI, жеке қаржыны басқаруға арналған смарт-ассистент. Қаржылық сауаттылық деңгейі әлі де әркелкі болып тұрған қоғамда мұндай құрал жастарға бюджетті жоспарлауды, жинақ мәдениетін қалыптастыруды, тәуекелдерді бағалауды үйретеді. FinSight-AI күрделі қаржы терминдерін қарапайым тілмен түсіндіріп, студенттің өзі үшін түсінікті цифрлық «кеңесшіге» айналады.

Қарағанды университеті аудитория ішінде ғана емес, қоғамдық кеңістікте де жасанды интеллект туралы ашық диалог жүргізуге мүдделі. 2025 жылы жоғары оқу орнында «AI-Week» – Жасанды интеллект апталығы ұйымдастырылды. Апта аясында 3-4 курс студенттерінің ЖИ-құралдарын оқу мен кәсіби қызметте қолдануға дайындығын бағалауға арналған онлайн сауалнама, профессор-оқытушыларға арналған «интеллектуалды цифрлық көмекшілер» туралы тренинг және студенттерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану бойынша мастер-класс өтті.

Сонымен қатар, университет өкілдері Алматыдағы AlmatyFair.ai, Астанадағы Digital Bridge сияқты халықаралық форумдарға қатысып, әлемдік трендтермен танысып, өңірге қажетті ең тиімді тәжірибелерді сүзгіден өткізіп келеді. Бұл байланыстар ертеңгі күні Бөкетов университетінің стартаптары мен ғылыми әзірлемелеріне жаңа серіктестер мен нарықтар ашуы әбден мүмкін.

Жасанды интеллект дәуірінде ұтылатын да, ұтатын да – адам. Ал, ұтатындар қатарында болу үшін аймақ жастарының қолында нақты құрал мен сапалы білім болуы шарт. «AI-Sana» бағдарламасы, Бөкетов университетінің тәжірибесі соның нақты дәлелі: егер университет пен мемлекет, бизнес пен жас буын бір бағытта ойласа, кез келген өңір цифрлық жаңғырудың алдыңғы шебіне шыға алады.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ Басқарма Төрағасы-Ректоры,
заң ғылымдарының докторы,
профессор,
Ұлттық ғылым академиясының академигі

Басқа материалдар

Back to top button