Жаңалықтар

«Бір тал кессең, он тал ек»

21 сәуір – елімізде республикалық «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы басталады. Облыс тұрғындары өздері тұратын қала, аудан және ауылдарды жасылдандыру мақсатында ағаш отырғызу акциясына қатысады. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында өткен брифингте мәлім болды.
Дәстүрлі акцияға Қарағандылықтар белсенді қатысады. Жыл өткен сайын көшеттер саны да артып келеді. Айта кетсек, 2014 жылы облыста 20 мыңнан астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш, 2017 жылы 31 мыңнан астам көшет отырғызылды. Биыл облыс бойынша отырғызылатын көшеттер саны 18 мыңға жуық.
Соның ішінде, Қарағандыға 1798 ағаш отырғызылады. Көпшілігі Орталық мәдениет және демалыс саябағында, Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл саябағында, сондай-ақ, Ленин атындағы кинотеатр артындағы гүл бағында орналасады. Атап айтсақ, саябақтар мен гүл бақтары басқармасының қызметкерлері барлығы 680 қарағай, 300 жөке, 300 қайың және 518 үйеңкі отырғызуды жоспарлап отыр. Ең көп 1468 көшет – Орталық саябақтың батыс жағына егіледі. 300 көшет Тәуелсіздіктің 10 жылдығы саябағында, Ленин атындағы кинотеатр артындағы гүл бағында 30 көшет отырғызылады.
Руслан ТӨЛЕПБАЕВ,
Қарағанды облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
– Облыста мемлекеттік орман қоры бар. Оның жалпы ауданы 200 мың гектардан асады, жартысы орманмен жабылған. 2018 жылы 420 гектар аумақта көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл – 1 млн. астам дана.
Ағашты жаппай отырғызу өнеркәсіптік Теміртау, Балқаш қалаларында жүзеге асады. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде аудан орталықтарының айналасында орман екпелері басталды. Аумақтардың көлемі кіші болғанымен, бірте-бірте жасыл аймақтарды көбейтеміз.
Саябақтар және гүл бақтары басқармасының мамандары «отырғызған ағаштардың жерсінуі 95-100% құрайды» дейді. Тамыр жүйесі зақымданбас үшін ағаштарды топырағымен қосып салады екен. Ағаш жақсы жерсінуі үшін, оны отырғызған соң, үш жыл аралығында бапталады.
Мамандардың айтуынша, ағаштардың орташа бағасы – 100 теңге, ал қылқан жапырақты көшеттер 4-5 мың теңгеден сатылады.
Жалпы, облыс бойынша көшеттер 21 сәуірден отырғызыла бастайды. Қайың мен қарағайлардың соңғы топтамасы күзгі сенбіліктер кезінде, орталық саябақтың батыс бөлігіндегі абаттандыру жұмыстары аяқталған соң егіледі деп жоспарланған. Ал, еріктілерге ағашты қалай дұрыс өсіру керектігін мамандар үйретпек.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button