«Бір тал кессең, он тал ек»
Дәстүрге сай, жуырда облыс бойынша көктемгі екі айлық жарияланды. Ауланы абаттандырып, көшені көгалдандыру – кімнің де болсын басты міндеті. Сонымен…
Өткен сенбіде
Сәл жаңбыр себелегенімен, күннің көзін бұлт торлай алмаған. Облыс орталығындағы Жеңіс саябағындамыз. Мақсат – бір кісідей жұмылып, тал көшеттерін отырғызу.
Іс-шараға қатысушылар қатарында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ бастаған жергілікті билік өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық бірлестіктер мен Ардагерлер ұйымдарының өкілдері, жас буын мен бұқаралық ақпарат құралдары бар.
Саябақтың іші мұнтаздай таза. Қаулап өскен шыршалар көздің жауын алады. Осы сәтте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласы ойымызға орала берген. Ұлт Көшбасшысының, әсіресе, мына бір қанатты сөзі жан семіртеді – «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».
Реті келгенде, арамыздағы көнекөздердің сөзіне құлақ түрдік. Қаланың қарт тұрғындары халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақылын алға тартады.
Иә, тал егіп, көшет отырғызу – игілікті іс. Сенбіде сәті түскен осынау дәстүрді облыс басшысы Ерлан Жақанұлы бастап берді. Қолына күрек алып, көпшілікпен бірге көгалдандыру жұмысына кірісіп кетті.
Елдің де көңіл-күйі көтеріңкі. Жарасымды қалыпта жақсы істің басы қайырылғаны қандай ғажап?! Саябақтың алаңы бір сәтте-ақ сексен түп ағашпен толығып жатыр.
Ырымшыл елдің баласымыз ғой. Біз де екі түп шыршаны «Орталықтың» атынан егіп, редакцияны бетке алып бара жатырмыз…
Кеше
Кеше қарағай бүршік жарыпты. Қарағандыдағы орталық саябақта…
Бірден суретке түсіріп алдым. Редакторымыз Мәкең – Мағауия Сембайдың үнемі айтатыны бар. Журналист тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуі керек!
Саябақтағы бірнеше талды бақылап көрдім. Қарағай, қайың, шырша, шынар… Ботаник емеспін ғой. Танығаным – ағаштың осы түрлері ғана. Шыршалар, әрине, жап-жасыл. Қайың мен шынар әзірге бүршік жармаған сияқты.
Үйге асықтым. Көргенімді қағазға түсіріп, тасқа басу үшін…
Негізі, әлемде 4 триллион түп ағаш бар көрінеді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша. Ресейде – 642 млрд., Канада мен Бразилияда – 318 млрд., АҚШ-та – 228 млрд., Қытайда – 140 млрд. түп ағаш. Өкінішке орай, Қазақстанды бұл тізімдегі көшбасшылардың қатарынан байқай алмадық.
Алысқа ат шалдырмай-ақ қоялық. Біздің аулада қанша түп ағаш бар? Бірден есік алдына шықтым. Санадым. Айналдырған жиырма шақты тал екен. Көмір қышқыл газын бойына жинап, оттегін бөлетін осылар емес пе? Ал, ауаны ластаушы басты фактордың бірі – автокөліктер ғой. Ерінбей, темір тұлпарларды да түгендеп шықтым. Бір ғана біздің үйдің ауласында 80 темір тұлпар тізгіндеулі тұр.
Математикаңызды қоса беріңіз…
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.