Бас тақырып

Бір шаңырақ астында…

Қарағанды топырағына тағдыр талайымен келіп, түтін түтетіп, ұрпақ өрбіткен, Қазақстанды туған жерім, отаным деп білетін 120 дан астам ұлт-ұлыстың өкілі бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ата-бабамыз өзегінен итермей, бауырына басқан отандастарымыз бүгінде өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дәріптеуде еш кемдік көріп отырған жоқ. Қазақстан халқы Ассамблея­сы бұл орайда басқа елде баламасы жоқ, бірегей институтқа айналғаны мәлім. Мұны өзіміз түгілі, өзге елдер де әлдеқашан мойындап қойған. Қазіргі елдегі татулық, бейбіт өмір, ынтымақ бастауында осы институт тұр. Әлем таныған Ассамблея Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін визит картасы. ҚХА мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Олардың құзыретіне ел азаматтарына қатысты қандай да бір кемсітушіліктерге жол бермеу, бейбітшілік пен келісімді нығайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету кіреді.

Сурет: stan.kz сайтынан

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі барлық этностардың мүдделерін нығайтуға ғана емес, сонымен қатар тілдерді оқытуды, медиация, қайырымдылық институтын дамытуға, сондай-ақ, елдің этномәдени бірлестіктерін аккредиттеуге бағытталған. Дәл осы институттың арқасында елімізде Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде этникалық немесе діни негізде саяси қақтығыстар тіркелген жоқ деп сеніммен айтуға болады.

Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қарағанды облыстық құрылымының этносаралық саланы талдау мен мониторинг жүргізу және медиация бөлімінің басшысы Айжан Дүйсекеева жұмыстары көзге көріне бермегенімен, ұлт­аралық келісімді нығайту жолында жасалып жатқан еңбектің көл-көсір екенін айтады.

Дауды шешудің кепілі ретіндегі медиатор жұмысы бүгінгі таңда өзекті. Кәсіби және қоғамдық медиаторлармен жұмыс жасайтын бөлімнің ұстанатын негізгі бағыты – этномедиация.

– Кез келген дау-жанжалды уақытылы шешпесе, болмашы дүниенің өзі мемлекеттік деңгейдегі үлкен қақтығысқа айналып кетуі мүмкін. Еліміз Тәуелсіздік алғалы ондай жағдайлар тіркелмесе, ол – Ассамблея жұмысының арқасы. Біз 25 кәсіби медиатормен жұмыс жасаймыз. Одан бөлек, қоғамдық медиаторларға бағыт-бағдар беретін де – осы бөлім. Жалпы, этномедиация бағытын ұстанамыз. Мәселен, өңіріміздегі әр ұлттың, этностың мәдениетін, салт-дәстүрін, ұстанымын зерттеп, біліп жүру – біздегі медиаторлардың міндеті. Олармен қарым-қатынаста қандай әдісті ұстану керектігі тағы бар. Сол арқылы алдын алу шараларын жүргіземіз, – дейді Айжан Аутайқызы.

Жалпы, қазақ халқының үлкенді сыйлауы – жазылмағанымен, орындалуы тиіс заң. Бұл – бүгінде қазақтың ғана емес, қазақпен біте қайнасып өмір сүрген өзге ұлт өкілдерінің де ұстанымына айналған. Айжан Аутайқызы медиаторларға сондай кезде Ассамблеяның «Ақсақалдар кеңесі» көмекке келетінін айтады. Ақыл-кеңесін беріп, тоқтамға шақыратын «Ақсақалдар кеңесімен» бірлесе жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.

Ассамблеяның «Аналар кеңесінің» жұмысына да ерекше тоқталу керек. Айжан Қиясова төрағалық ететін кеңес бүгінде өз жұмысын жаңа леппен бастаған. Ұлттық дәстүрді, мәдениетті және мемлекеттік тілмен қатар, ынтымақ пен бірлікті насихаттайтын кеңес құрамында әр ұлт өкілдерінен құралған ақ әжелермен қатар, кәсіпкер әйелдер де бар.

– Биыл «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» жобасын жалғастырамыз. Оның аясында балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, жоғары сынып оқушыларымен және университет студенттерімен кездесу ұйымдастырылады. Одан бөлек, түрлі байқаулар да ұйымдастырылады. Мәселен, «Анасы жақсы қандай-ды, қызы анасындай болғай-ды» атты конкурс арқылы салт-дәстүрді дәріптейміз, – дейді Айжан Қиясова.

Одан бөлек, «Аналар кеңесі» іскер әйелдермен кездесіп, неке және отбасы құндылықтары тақырыбында аналармен кездесетінін де айту керек.

Ассамблеяның облыстық құрылымында Кәсіпкерлер қауымдастығы да жұмыс жасайтынын айту керек. Түрлі шараларды, атап айтқанда спорттық шаралар, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру кезінде дәл осы қауымдастықтың атқарып отырған шаруасы ұшан-теңіз.

– Түрлі ұлт өкілдерінен құралған «Кәсіпкерлер қауымдастығы» кез келген жағдайда көмек қолын созуға әзір. Мәселен, еліміздегі су басқан аймақтарға көмек жіберу кезінде кәсіпкерлер белсенділік танытты. Жақсылық жасау – адамның ұлтына немесе ұлысына қарамайды. Одан бөлек, кәсіпкерлерге заң және қаржылық кеңес береміз, – дейді Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Ерсін Абдулманатов. Ассамблея аллеясының ашылуына бастама көтергенде де осы «Кәсіпкерлер қауымдастығы» екенін айту керек.

Облыстық Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық тобының жұмысына ерекше тоқталған абзал. Білікті ғалымдармен жасақталған кеңесті бірнеше жыл қатарынан медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Молотов-Лучанский басқарады. Үш доктар, 14 кандидат, 3 магистрдан тұратын кеңес бүгінге дейін талай жобаларды жүзеге асырғанын айту керек. Атап айтар болсақ, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бейбітшілік пен келісім жолымен» экспедициясы, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» конференциясы, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы тұрақты түрде өтеді.

Одан бөлек, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету мақсатында «Қазақтану» дәрісі, «Елтану» тарихи-ағартушылық экспедициясы сияқты жобалар жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Ассамблея жұмысы мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту жолында жұмыс жасайтын, білікті журналист Әшімхан Жампейіс жетекшілік ететін «Журналистер клубына», патриотизмді насихаттап, жастардың бойында руханият, ынтымақ және дәстүрлерге құрметті тәрбиелейтін «Ассамблея жастары» бар екенін айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button