Жаңалықтар

Бір өлең хақында

Біздің мақаламызға өзек болып отырған ұлы Абайдың поэзия­сы терең ойдың тебіренісінен ғылыми дәйектермен сабақтаса туған шығармалар болып табылады. Сындарлы сананың сүзгісінен өтіп, өмірге келген салиқалы өлеңдерінің бір парасын әбжад пен нумерология бағыты бойынша түсінік беруге талап жасадық.

Сурет автордан

Әуел басқысына келсек, ақынның алғашқы өлеңдерінің санатына «Әлифби» туындысы жатады. 1933 жылы жарыққа шыққан жинағында 1864 жылы жазылған деп көрсетіліпті (Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, 1 том – Алматы: ҚМКӘБ, 1957. – 267-б.). Бір байқалатын жайт – мұндай шығарманы өмірге әкелуіне медреседегі діни оқудың әсері болғандығы ақиқат. Тақырыбы – білім және тіл ғылымы. Идеясы – дыбыстардың астарын ашып, оқырманға ұсыну. Мақсаты – әріптердің танымдық деңгейін айқындау. Мағынасы өте терең және сан салалы. Туындыны тұтас күйінде алып, шағын ойдың аясында жалпы шолу арқылы түсіндіру мүмкін емес. Жинақтап қарастырғанның өзінде әр жолға жеке-жеке тоқталған жөн сияқты. Медресе оқуы шариғатпен сабақтастыра жүргізілетіндігі белгілі. Шариғат жолы ислам тұрғысынан болғандықтан, жазу үлгісі араб графикасы арқылы жүзеге асқан. Арабтың әліпбиінде 28 әріп таңбасы бар. Олар А дыбысынан басталып, И дыбысымен аяқталады, оңнан солға қарай жазылады. Енді әр жолға жеке-жеке тоқталып көрелік.

Аталмыш өлеңнің алғашқы жолы ақынның шығармалар жинағында «Әлиф дек ай йүзіңе ғибрат еттім» деп берілген. Өлең жолындағы екінші сөз түсініксіз. Біздің ойымызша, ол дек емес, деп болуы керек. Туындының араб графикасымен жазылғандығы ақиқат. Араб тілінде п деген дыбыс жоқ. Сондықтан, ол дыбысты б таңбасымен түсіруі мүмкін. Ол – ب ہ د – деб болып шығады. Б-ның астындағы нүктесі өішіріліп қалса, к деп те оқуға болады. Екінші нұсқа – тек – деп оқу. Араб графикасымен ол былай түседі: ت ہ ك . Егер жазу көмескіленіп т үстіндегі екі ноқат өшіріліп, т мен е-нің жалғасқан тұсы үзілсе, д – деп оқылады. Сонда, ол дек болып шығады. Бұл бастаушы жолдағы екпін түсетін сөздер – әлиф және ғибрат.

Ендігісі, Әлифтің сандық мәні – бір, дыбысы – А, Жаратушыны айқындайтын қасиетке ие. Ал, ғибрат сөзі үлгі, өнеге, сабақ деген мағынаны беретін араб сөзі (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Сонда жолдың мағыналық сипаты: «Аллаһ деп ай жүзіңнен тәлім алдым» болып шығады. Яғни, тәлімді, немесе, сабақты. «Әлифбиден» қазақи тілмен айтқанда «Әліппеден» алған болып тұр. Осы орайда Ы.Алтынсариннің:

Бір құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық! –
деген өлең жолдары ойға оралады, мазмұндық тұрғыда үндестік байқалады. Ғибрат сөзін араб тілінен алғандықтан, сол тілде жазсақ: ҒБРТ – төрт дыбыс арқылы кескінделеді. Әбжад бойынша сандық мәні: Ғ – 70, Б – 2, Р – 200, Т – 400. Қосындысын шығарсақ:
70 + 2 + 200 + 400 = 672 = 6 + 7 + 2 = 15 = 1 + 5 = 6.
Алты саны таным мағынасын береді. Осы сөздің аясына екі түрлі мәселе жасырылған. Алғашқысы – Құран Кәрімді оқып білу. Құран 6 666 аяттан, яғни, 114 сүреден тұрады. Осы сандарды жинақтасақ:
6 + 6 + 6 + 6 = 24 = 2 + 4 = 6,
және:
1 + 1 + 4 = 6.
Ең үлкен, әрі биік таным Құранда екен. Өлең жолында ғибрат сөзі арқылы астарланған. Екіншісі – жалпы танымын, яғни, білімін арттыру. Бұл ойды ғибрат сөзінің алты саны арқылы берілген.
Екінші жол. «Би-Балай дәртіңа нисбәт еттім». Жолдың екпіні үш сөзге – Би, балай, нисбат – түсіп тұр. Би, яғни, Б дыбысының сандық мәні – 2, ол жаратылыс ұғымын береді. Бәлә сөзі – сынаққа алу (Б – 2, Л – 30) (Құдайбердіұлы Ш. Қазақ айнасы. – Алматы: Ғылым ордасы, 2014. – 104-б.), нисбат – бір нәрсеге қатысу, араласу арқылы шешімін табу (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.) мағынасын береді. (Н – 50, С – 60, Б – 2, Т – 400). Енді әрқайсысының жинағын есептеп көрелік. Бәлә сөзі:
2 + 30 = 32 = 3 + 2 = 5.
Нисбат сөзі:
50 + 60 + 2 + 400 = 512 = 5 + 1 + 2 = 8.
Бес саны сынақ өмірдің кезеңдері. Сегіз саны – ізденіс. Сонда жолдың мағынасы: «Сынақ өмірден өту үшін дұрыс жол іздедім» болып шығады.
Үшінші жол. «Ти – тілімнен шығарып түрлі әбиат». Екпін екі сөзде тұр. Бірінші, Ти, яғни, Т дыбысы, сандық мәні – 9. Ол жаратылыстың ең жоғарғы нүктесін, биігін көрсетеді. Екінші, әбиәт – биәт деген сөздің көпше түрі. Аудармасы өлеңнің арнау тектес жанры (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Әбжадтағы мәнін көрсетсек: А – 1, Б – 2, И – 10, А – 1, Т – 400. Қосындысы тоғыз санын шығарады.
1 + 2 + 10 + 1 + 400 = 414 = 4 + 1 + 4 = 9.
Тоғыз жоғары биіктікті аңғартады деген мағынамен өлең жолын байланыстырсақ: «Тілімнен өте мәнді де көркем сөздерді туғыз­сам» болып шығады.
Төртінші жол. «Си – сәнаи мәдхіңа хұрмәт еттім». Си, яғни С дыбысының сандық мәні – 500, түбірі – 5.
Бес саны сынақ өмірдің кезеңдерін сипаттайды. Сәнәи (сәнә) сөзінің аудармасы араб тілінен алғанда жыл деген мағынаны береді (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Әбжадтағы мәні: С – 60, Н – 50, Һ – 5. Жинақтасақ:
60 + 50 + 5 = 115 = 1 + 1 + 5 = 7.
Жеті – жаратылыстың ішкі жүйесі, құрылымы. Жыл сөзінің жеті санын көрсету себебі, жаратылыс жүйесінің бір тармағына жататындығы. Тірек сөз болып табылатын – мәдхіңа – мадақ, мақтау деген мағынаны береді (Құдайбердіұлы Ш. Қазақ айнасы. – Алматы: Ғылым ордасы, 2014. – 104-б.). Әбжадтың мәні: М – 40, Д – 4, А – 1, Х – 8. Қосындысын шығарайық:
40 + 4 + 1 + 8 = 53 = 5 + 3 = 8.
Сегіз саны іздену әрекетін бейнелейді. Сонда жолдың мағынасы: «Жыл сайын мадақтауымды іздену арқылы арттыра бердім» болып шығады.
Бесінші жол. «Жем – Жамалың қандай ақ рузи маған». Жем, яғни, Ж дыбысының әбжадтағы мәні – 3. Ол – қозғалыс, даму мағынасын береді. Жолдың мәні жамал және рузи сөздеріне негізделген.
Жамал – араб сөзі – қазақша аудармасы сұлулық, көркемдік мағынасын береді (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Әбжадтағы мәні: Ж – 3, М – 40, А – 1, Л – 30. Қосындысын шығарсаң:
3 + 40 + 1 + 30 = 74 = 7 + 4 = 11 = 1 + 1 = 2.
Екі – жаратылыс ұғымын береді. Рузи парсы сөзі, қазақша мағынасы – сыбаға несібе (Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 384-б.). Сандық мәні: Р – 200, У – 6, З – 7, И – 10. Жинақтасақ:
200 + 6 + 7 + 10 = 223 = 2 + 2 + 3 = 7.
Жеті – жаратылыс жүйесі. Екінің түсі аққа тән. Себебі, ақ – бардың көруге болатын нұсқасы, ал, қара – жоқтың не білгісіздіктің нышаны. Сонда, жамалың деген сөздің баламасы ақиқаттығың дегенмен мәндес. Оған жетіні тіркестірсек: «Жаратылыстағы ең ақ, анық екендігің маған мәлім» болып шығады.
Алтыншы жол. «ХА – Халаллық таппадым жаным сәнан». Х дыбысының сандық мәні – 8. Мағынасы үздіксіз іздену, талаптану, ұмтылу. Балгерлер құмалақ ашқанда тігінен сегіз түсетін болса, «сегіздің сергелдеңі» деп атайды. Ол жанталасқан ізденісті аңғартады. Ықпал түсіп тұрған сөз – халлалық. Халал сөзінің әбжадтық мәні Х – 8, Л – 30, А – 1, Л – 30. Барлығы:
8 + 30 + 1 + 30 = 69 = 15 = 6.
Алты – Құрандағы сүрелер жиынтығы, танымның ақиқатын аңғартады. Сонда, өлең жолының мағынасы «Қанша іздесем де, Құраннан артық еш нәрсе таппадым» болады.
Жетінші жол. «Хи-Халайық мен емес бәрі ынтызар». Х дыбысының мәні – 600, түбірі – 6. Құран Кәрімде 6 666 аят, 114 сүре бар. Бұл сандардың жиынтығы алтыны береді:
6 + 6 + 6 + 6 = 24 = 2 + 4 = 6.
сондай-ақ:
1 + 1 + 4 = 6.
Яғни, алты Құранның ақиқаттық танымы. Жолдың тірек сөзі – ынтызар. Әбжадтық мәні: Н – 50, Т – 400, З – 7, Р – 200, жинақтасақ:
50 + 400 + 7 + 200 = 657 = 6 + 5 + 7 = 18 = 1 + 8 = 9.
Тоғыз – жаратылыстағы ең жоғарғы биіктік. Сонда жолдың мағынасы: «Құран Кәрімді оқып-үйренуге барлығы ең жоғарғы деңгейде ынталы» дегенді аңдатып тұр.
Сегізінші жол. «Дәл – Дариға ғашық оты бермес аман». Д дыбысының мәні – 4. Мағынасы – бағыт-бағдар, тарап. Жолдың екпіні ғашық сөзінде, сандық мәні Ғ – 70, А – 1, Ш – 300, Қ – 100, қосындысы:
70 + 1 + 300 + 100 = 471 = 12 = 3.
Д дыбысының таңбалануында да мән бар. Латын графикасындағы таңбасы – D. Бұл сурет сүңгуір қайықтың тұмсығы тәрізді, жаратылыстағы төрт тарап бойынша тоқтаусыз қозғалыс бағытын аңдатады. Егер алдындағы тұйықтап тұрған тік сызықты алып тастасақ, араб графикасындағы таңбасы шығады: د. Алғашқы қосынды – 471, оңай сан емес. 4 – бағыттар, 7 – жаратылыс жүйесі, 1 – Жаратушы: «Барлық бағыттар бойынша, жаратылыстың аясында, Жаратушыма». Екінші қосынды – 12: «Өмірім жеткенше жылдар бойына» (12 – жылдағы ай саны). Соңғы қосынды – 3. «Тоқтаусыз қозғалыс». Жолдың мәні: «Барлық тарап бойынша» болып шығады.
Тоғызыншы жол. «Зәл-Зәлиллік көрген соң сайрай бер тіл». З дыбысының сандық мәні – 700, түбірі – 7. Жолдағы екпін зәлиллік және тіл сөздеріне түсіп тұр. Зәлил сөзінің сандық мәні – З – 700, Л – 30, И – 10, Л – 30, жинақтасақ, 700 + 30 + 10 + 30 = 770 = 14 = 5. Бұл сөздің екі түрлі ұғымы бар. Алғашқысы – қорлық, екіншісі – бас ию, мойын ұсыну (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Тіл сөзінің түбір саны жеті екендігін айтқанбыз. Жол мағынасы «Сынақ өмірдің өткінші екенін көріп, мойындаған соң шамаң келгенше айтып қал» болып келеді.
Оныншы жол. «Ре – Риза қылмағыңды яр өзің біл». Р дыбысының сандық мәні – 200. Екпін түскен риза сөзінің әбжадтағы ұстанымы Р – 200, З – 800, А – 1, қоссақ:
200 + 800 + 1 = 1001 = 2.
Екі саны – жаратылыс, ал алдыңғы қосынды мың бір – Жаратушы жаратты, Жаратушыға қайтады, себебі, ол – жаратылыс дегенді аңдатып тұр. Яғни, «Сынақ өмірде Жаратушының ұсынған жолын ұстануың өзіңе байланысты» деген мағынаны сездіріп тұр.
Он бірінші жол. «Зи – Зәһәрдай күйдірді ғишқың қатты». З дыбысының мәні – 7. Мұндағы екпін зәһәрдай және ғишқың сөздерінде тұр. Зәһар – парсы сөзі мағынасы ұлы зат және қайғы-қасірет (Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 384-б.). Әбжадтағы сандық мәні: З – 7, Һ – 5, Р – 200. Қосындысы:
7 + 5 + 200 = 212 = 2 + 1 + 2 = 5.
Ғишқы сөзінің түбірі – ғашық, сандық мәні – үш, яғни, қозғалыс, немесе, маза таппау. Сонда, жолдың мағынасы: «Дұрыс жолдың қатты әсері маза таптырмады» болып шығады.
Он екінші жол. «Сын – Сәләмат қалмағым болды мүшкіл». С-ның сандық көрсеткіші – 60. Түбірі – 6. Екпін түскен сөз – сәләмат. Мағынасы – есендік, әбжад мәні – С – 60, Л – 30, М – 40, Т – 400, жинақтасақ:
60 + 30 + 40 + 400 = 530 = 8.
Сегіз саны – ізденіс. Сонда жолдың мағынасы: «Ақиқатты тану жолына ізденбей, жағдайым жақсы болмайды» дегенге саяды. Ақиқатты тану дегеніміз Құран Кәрімді оқып-үйрену болып табылады».
Он үшінші жол. «Шин – Шикәрләб есіме түскен сайын». Ш дыбысының сандық мәні – 300, түбірі – 3. Жолдың екпіні шикарләб сөзінде. Ақынның шығармалар жинағында бұл сөздің парсынікі екенін айта келеді де, шикар – тәтті, ләп – ерін деп аударады. Аударманың дұрыс екендігі анық. Осы орайда біз екінші өзгеше нұсқаны ұсынғалы отырмыз. Яғни, шикарләб деген сөз шекерлеп, тәттілеп дегенді аңғартуы да мүмкін. Онда шикәрдің мәні – Ш – 300, И – 10, К – 20, А – 1, Р – 200, жинақтап, бір таңбалы санға келтіргенде:
300 + 10 + 20 + 1 + 200 = 531 = 9
болып шығады. Сонда жолдың мағынасы «Жетілудің ең жоғарғы биігінің тәтті дәмін татқан сайын» болады.
Он төртінші жол. «Сат – Сабырым қалмады мен не әйләйін». С-ның мәні – 90, түбірі – 9. Тұғыр сөз – сабыр. Сандық мәні: С – 90, А – 1, Б – 2, Р – 200, барлығы:
90 + 1 + 2 + 200 = 233 = 14 = 5.
Жолдың мағынасы «Биікке шығуға өмірім жетер емес».
Он бесінші жол. «Зат – Зайығ өмірім өтті менің бекер». З-ның мәні – 800, түбірі – 8. Бұл дыбыстың бір ерекшелігі, дыбыстағанда тілдің ұшы астыңғы және үстіңгі тістердің арасында қысылып тұрып айтылады. Сондықтан, кейбір сөздіктерде Д деп те келтіріледі. Бұл жолда екпін өмірге түсіп тұр. Өмір – ғұмырдың сандық мәні Ғ – 70, М – 40, Р – 200, қосқанда:
70 + 40 + 200 = 310 = 4.
Төрт дегеніміз бағыт-бағдар мақсатында ұмтылу. Ал, зайғ сөзінің мәні: З – 800, И – 10, Ғ – 70, мағынасы – құр, босқа, жинақтасақ:
800 + 10 + 70 = 880 = 16 = 7.
Жолдың мағынасы: «Сынақ өмірдегі барлық бағытым босқа өтіп барады».
Он алтыншы жол. «Тай – талаптан әйтеуір құр қалмайын». Т-ның сандық мәні – 9. Тірек сөз – талап, қазақша мағынасы – іздену, оқу, білім үйрену (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Әбжад бойынша сандық мәні: Т – 400, Х – 30, Б – 2. Жинақтайық:
9 + 30 + 2 = 41 = 4 + 1 = 5.
Бес – сынақ өмір кезеңдері, яғни, осы өмірдегі жақсылыққа жол салу. Жолдың мағынасы: «Мақсатқа жету үшін сынақ өмірде оқу, білім жолынан ауыспайын» дегенге келеді.
Он жетінші жол. «Зай – Залым көк қылыш боп жанға оқталды». З-ның мәні – 900. Түйін сөз – залым. Қазақша мағынасы – мейірімсіз, қысым көрсетуші (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Әбжадтағы сандық мәні: З – 900, А – 1, Л – 30, М – 40. Қосындысы:
900 + 1 + 30 + 40 = 971 = 9 + 7 + 1 = 17 = 1 + 7 = 8.
Сегіз саны – ізденіс. Сонда жол мағынасы: «Ізденістің қиындығы, ауыртпалығы жанымды қинады» болып келеді.
Он сегізінші жол. «Ғайін – Ғақлымды басымнан тартып алды». Ғ-ның мәні – 70, түбірі – 7. Тірек сөз – ғақл. Ғақылдың сандық мәні үш дыбыстан тұрады: Ғ – 70, Қ – 100, Л – 30. Қосындысын шығарсақ:
70 + 100 + 30 = 200 = 2 + 0 + 0 = 2.
Яғни, ғақыл (ақыл) да – жаратылыс. Сонда жолдың мағынасы: «Ақыл да жаратылыс болғандықтан шатасуға тап бола бердім» дегенге келеді.
Он тоғызыншы жол. «Ғайын – Ғармблік басыма түскеннен соң». Ғ-ның сандық мәні – 1000. Бұл дыбыстағы ең соңғы өлшем. Жол екпіні ғариб деген сөзде тұр. Сандық мәні – Ғ – 1000, Р – 200, И – 10, Б – 2, жинтығы:
1000 + 200 + 10 + 2 = 1212 = 6.
Осы жерде айта кететін мәселе, қазақ тілінде бұл сөздің мағынасы бейшара сөзімен мәндес болып келеді. Негізінде бұл араб сөзі аудармасы ерекше, айрықша, өзгермейтін, ғажап дегенге саяды. Анығында әбден дінге берілген, өзге нәрсеге назар аудармайтын, дүние байлығын қажет етпейтін адам (фанат). Жолдың мағынасы: «Дінді тану жолына түскендіктен» болып шығады.
Жиырмасыншы жол. «Фи – Файдаң тие ме деп жаза салды». Ф-ның мәні – 80, түбірі – 8. Тірек сөз – файда. Сандық мәні – Ф – 80, А – 1, И – 10, Д – 4 Һ – 5, жинақтасақ:
80 + 1 + 10 + 4 + 5 = 100 = 1 + 0 + 0 = 1.
Бір саны – Жаратушыны аңғартады. Сонда жолдың мағынасы: «Осы ізденісімді Жаратушыдан жарылқау тілеп жазып отырмын» болып шығады.
Жиырма бірінші жол. «Қаф – Қабыл болар ма екен жазған хатым». Қ-ның әбжадтық мәні – 100. Түбірі – 1. Тірек сөз – қабыл. Сандық мәні – Қ – 100, А – 1, Б – 2, Л – 30, жинақтағанда:
100 + 1 + 2 + 30 = 133 = 7.
Жолдың мағынасы: «Жаратушым жазғанымды мақұл көрер ме екен?»
Жиырма екінші жол. «Каф – Камил ақылың асыл затым». К-ның мәні – 20. Түбірі – 2. Тірек сөз – камил, сандық мәні К – 20, А – 1, М – 40, Л – 30. Жинақтасақ:
20 + 1 + 40 + 30 = 91 = 10 = 1.
Сөздің қазақша мағынасы – толық, кемел дегенге келеді. Жолдың мағынасы: «Жаратушының берген ақылы – баға жетпес байлығым» болып келеді.
Жиырма үшінші жол. «Ләм – Ләбіңнен ем қысаң мен дерттіге». Л-ның мәні – 30, түбірі – 3. Тірек сөз – ләбіңнен, сандық мәні – Л – 30, А – 1, Ф – 80, қосындысы:
30 + 1 + 80 = 111 = 3.
Мағынасы – таза, кіршіксіз дем, үн (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Нақтырақ айтқанда аят, сүрелерді оқып жүретін, жағымсыз сөздерді айтпайтын адамның демі. Жолдың мағынасы: «Дамуымды арттыру арқылы мақсатыма жеткізсең» дегенді аңдатады.
Жиырма төртінші жол. «Мен – Меһіріңнен қалмас ед бар апатым». Түбірі – 4. Тірек сөз – меһіріңнен. Меһрдің сандық мәні – М – 40, Һ – 5, Р – 200, жинағы:
40 + 5 + 200 = 245 = 11 = 2.
Жолдың мәні: «Ықыласыңнан жаратылыстағы барлық қиыншылығым жойылар еді».
Жиырма бесінші жол. «Нон – Нала қып, қайғыңмен күйдірдің көп». Дыбыстың әбжадтық саны – 50. Араб алфавитінде жиырма бесінші әріп, кәдімгі Н дыбысындай жасалып, үн береді. Жолдың тірек сөзі – нала. Сандық мәні: Н – 50, Л – 30, жинақтағанда:
50 + 30 = 80.
Түбірі – 8, жолдың мәні: «Танымсыз ізденістен сары уайымға салындым».
Жиырма алтыншы жол. «Уау – Уайлана ғыйшқың уайым жеп». Дыбыстың мәні: У – 6, араб алфавитіндегі жиырма алтыншы әріп, кәдімгі У тәрізді дыбысталады. Жолдың тірек сөзі – уайлана. Қазақша мағынасы – қайғы, қасірет (Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1969. – 264-б.). Сандық мәні: уәйл – У – 6, И – 10, Л – 30, жинақтағанда:
6 + 10 + 30 = 46 = 10 = 1.
Жолдың мәні: «Жаратушыға деген махаббатының беріктігінен уайымға түсу».
Жиырма жетінші жол. «Һи – Һеш пайдаң тимесе, өлді ойлаңыз». Дыбыстың мәні: әбжадтың мағынасы Һ – 5, араб алфавитінде жиырма жетінші әріп, көмекейден бүлкілдеу арқылы шығатын дыбыс. Тірек сөз: еш пайдаң. Файданың сандық мәні: Ф – 80, А – 1, И – 10, Д – 4, Һ – 5 (файдаһ), жинақтасақ:
80 + 1 + 10 + 4 + 5 = 100 = 1.
Һеш сөзі Һ – 5, Ш – 300, қосындысы сегіз – үздіксіз ізденіс. Жолдың мәні: «Жаратушы қаламаса, ізденісің бос әуре болады».
Соңғы жол. «Я – Ярым қалай болар жауап сөзің?». Дыбыстық мәні әбжад бойынша: И – 10, араб алфавитінде, жиырма сегізінші, соңғы әріп, кәдімгі И тәрізді дыбысталады. Тірек сөз: Ярым (жарым, досым), сандық мәні: И – 10, А – 1, Р – 200.
10 + 1 + 200 = 211 = 4
Хакімнің Мим деп айтылатын дыбысты Мен деп алып отырған себебі әбжадтық мағынасына байланысты. Мимнің сандық мәні – 40. Ол – адамның жаратылу мерзімі. Сонда мен деген адам деген сөздің сандық мәні арқылы танып, соны меңзеп тұр. Төрт саны бағыт, тарап ұғымын береді. Осы негізді басшылыққа алсақ, жолдың мағынасы: «Менің осы өлеңіме қай бағыт бойынша пікір айтасың?» болып шығады.
Аталған өлеңде Құран жазуын танып, оқуға қатысты арнайы белгілерді де назардан тыс қалдырмаған. Мәселен, «мәт-қасың» дегенде созылып оқылатын әлиф, иа, уау дыбыстарын аңғартып тұр, қабақтағы созылып жатқан қаспен байланыстырған. Өйткені, мәд белгісі созылып оқылатын дыбыстарды аңғартады. Немесе, «сенің – көзің» деп әріптің алдыңғы әріпке жалғасып тұратындығын көрсететін, дөңгеленіп белгіленетін таңбаны көз тәрізді болғандықтан соған сәйкестендіріп алған. Ал, үтір асты-үсті дегені де оқылуға қажетті таңбалар. Мәселен, б дыбысының үстіне сызықша қойылса бә деп, астына қойылса би деп, үстіне үтір қойылса бу деп оқылады. Өлеңнің тірегі – «Алладан басқа құдай жоқ» деген аятқа негізделген. Ақын өзінің Құран Кәрімдегі қолданылған жиырма сегіз әріпке деген ықыласын көрсете отырып, олардың мән-мағынасын айқындау жолына еңбек еткен. Негізінде, бұл өлеңнің мәні өте терең, сан салалы қырлары бар. Оны анықтау үшін жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдарды толық меңгеру қажет, сонда ғана сырын ашуға талаптануға болады. Туынды Абайдың туа біткен ерекше дарын иесі екендігін аңдатады.

Мұхаммадғали ӘБДУОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button