«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды»
Белгілі қаламгер, публицист Қалиакпар Әбілдиннің туғанына – 90 жыл
Асқар таудай, арқа сүйер әкеміз Қалиакпар Көшекұлы өзінің бар саналы ғұмырын журналистикаға арнаған жазушы, ақын, публицист, еліне, халқына сыйлы, құрметті азамат еді.

Биыл туғанына 90 жыл толуына орай туған жерінде біраз іс-шара жүргізіліп, еске алу кештері өтті. Аудандағы өзі тұрған көшеде суретімен баннер орнатылды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, ұрпақтары үшін аталарына деген жүректеріне мақтаныш сезімін ұялататын тәрбиесі мол, үлгі болатын іс-шара.
Әкеміз өзі әкеден жалғыз болды да, бар махаббатын, сүйіспеншілігін өзінен туған сегіз баласына арнады. Бірақ, қанша жақсы көрсе де, сыртқа білдірмейтін. Іштей сүйіп, сыртынан тәрбие беретін.
«Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегендей, көзімізді ашып, әріп танығалы көретініміз әкеміз іс-сапармен қай жаққа барса да, міндетті түрде кітап ала келетіні. Әрдайым жазу үстіндегі бейнесі әлі көз алдымызда. Біздің бала кезімізден көркем әдебиетке құштар болуымыз, сүйіспеншілікпен қарауымыз әкеміздің қанымен берілген болса керек. Соңында қалдырған құнды мұрасы – оқуға, білімге деген ынтамыз. Біздер «Оқыған, зиялы, кітапсүйер болсын» деген асыл арманының бастауына өзі үлгі болған екен.
Әкемнің жүрегі өте мейірімге толы еді. Кемеңгер, шыншыл, үлкенге де, кішіге де елпілдеген ақкөңіл мінезі бар еді. Бірақ, ашуланса, найзағайдай шатыр-шұтыр болатын. Ол кісі ашуланғанда көзіне көрінбеуге тырысатынбыз. Дегенмен, жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше дегендей, қолма-қол басылушы еді. Одан кейін әрқайсымыздың атымызды атап, еркелетіп, асты-үстімізге түсіп, «Ренжіп қалмадыңдар ма?» дегендей, бәйек болып жататын.
«Басыңды кесіп алса да, өтірік айтпаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар, досыңа адал бол» деген қағидалары осы күнге дейін өзімізбен қатар келе жатыр.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әкемізден алған тәрбиемізді өз балаларымызға беруге тырысып келеміз. Анашыммен 60 жылға жуық өмір сүріп, бір-біріне шәй деспей, махаббаттарын сақтай білген өмірлері де біз үшін үлкен мақтаныш.
Кімге болса да, әкенің орны бөлек. Біз үшін әкеміз қай жағынан алсақ та, ерекше қайталанбас дара тұлға. Шындықтың, адалдықтың символы ретінде, артындағы ұрпағына өзінің өлең-жырларымен, нақыл сөздерімен, жазбаларымен өшпес, теңдесі жоқ рухани азық қалдырып кеткен ардақты адам. Әке, ата, жар, еліне, халқына қадірлі азамат ретінде жадымызда сақталады. Біз – балалары, ұрпақтары осындай әкеден туған ұрпақ екенімізді мақтан тұтамыз. Әкеміздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Жарқын бейнеңіз мәңгі есімізде дей отыра, соңында қалған ұрпақтарына ұзақ, бақытты ғұмыр берсін деп тілейміз.
Әбіл ӘБІЛДИН,
Қарағанды облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары