АймақБас тақырыпҚарағанды

Бір көшет, мың үміт

Уақыттың жаңа талаптарына сай ел болашағы үшін ең маңызды бағыттың бірі – қоршаған ортаны қор­ғау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алын­ған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде бүкіл елді қамтыған нағыз халықтық қозғалысқа айналды. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, табиғатты аялау – әр азаматтың боры­шы екенін дәлелдеген бұл акция биыл да ерекше серпін алды. Ал, Шахтинск қаласында ағаш егуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Қарағанды жасыл желекке бөленеді

Абай көшесіндегі саябақта 573 түп ағаш көшеті отырғызылды. Атап айтқанда, 53 түп қарағай, 100 түп жібек қарағаш, 250 түп ағаш тәрізді қараған, 170 түп бөртегүл жерсіндірілді. Бұл орын Абай көшесіндегі саябақ – қаланың танымал қоғамдық орындарының бірі.

Экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, коммуналдық қызметкерлер, еріктілер, эко-белсенділер мен қала тұрғындары белсенді қатысып, бірлесе еңбек етті. Топырақ дайындау, көшет отырғызу және аумақты тазалау жұмыстары ұйымшылдықпен атқарылды.

Агроном Сәкен Келдібаев шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Қаланы көгалдандыру – бір реттік акция емес. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді міндет. Әр отырғызылған көшет – болашаққа қосқан үлесіміз. Біз жайлы орта ғана емес, табиғатқа қамқорлық мәдениетін қалыптастырып жатырмыз», — деді ол.

Экоерікті Заңғар Серіков та өз ойын білдірді:

– Бүгінгі акция – қарапайым әре­кеттер үлкен өзгерістердің бас­тауы бола алатынын көрсетеді. Еріктілер үшін мұндай акцияларға қатысу – туған қаламызға қамқорлық, басқаларды да осыған ынталандырудың тамаша мүмкіндігі, – деді ол.

Сонымен қатар, Әлихан Бөкей­хан ауданы, Көгілдір тоғандар ша­ғын­ауданында «Таза Қазақстан» ак­циясы бойынша талдар егілді.

Бұл Қарқаралы мемлекеттік пар­кі мен «ЭкоОбраз» ұйымының ұй­ымдастыруымен өтті. Қарқаралыдан төрт түрлі ағаш алынған.

«Жасыл белдеу» қалыптасты

Шахтинск қаласында да «Таза Қазақстан» акциясы аясында эко­логиялық бастамалар қарқын ал­ды. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен «Жасыл белдеу» акциясы аясында Жеңістің 40 жылдығы көшесінің бойындағы аллеяға 300 түп көшет отырғызылды. Жалпы, өңір бойынша 1720 көшет отыр­ғызылған.
Шараға 60-тан астам адам қатысып, табиғатқа деген қамқорлықтарын іспен көрсетті. Әсіресе, кішкентай тұрғындар да белсенділік танытты. Толғанай есімді қыз өзінің алғашқы отырғызған ағашына «Үміт» деп ат қойып, оған күтім жасауға уәде берді. Бұл әсерлі сәт акцияның рухани маңызын одан сайын арттырды.
Ермағанбет Бөлекпаев өз қаласын жасылдандырып, көркейтуге деген ұмтылысы үшін тұрғындарға алғысын білдірді.

Сонымен қатар, сәуір айының басынан екі айлық сенбіліктер бастау алды. Бүгінге дейін 4 «Таза бейсенбі» мен 3 сенбілік өткізіліп, 6500-ден астам адам қатысып, 400 тонна қоқыс шығарылды. 300 гектар аумақ тазартылды.

Қала аумағындағы 166 ауланың 132-сі сенбілік аясында жинастырылды. Сонымен қатар, рұқсат етілмеген үйінділерді жойып, 7000 текше метр қоқыс шығару жоспарлануда.

– «Таза Қазақстан» акциясы қаламызды бірлескен күш-жігермен көркейтуге болатынын дәлелдеді. Тұрғындардың белсенділігі олардың жоғары экологиялық мәдениеті мен туған жерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетеді», деді Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Арман Саттыбаев.

Экологиялық мәдениет қалыптасып келеді

Қарағанды облысындағы ірі қалалардың бірі – Теміртауда да «Таза Қазақстан» аясында Металлургтер даңғылы бойындағы скверді абаттандыру және күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Мұнда тек жолдар жөнделіп, инфрақұрылым жаңартылып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жасыл желек аумақтар көбейтілуде.

Қарағанды индустриалдық университетінің аумағында да 30 түп қайың көшеті отырғызылды. Бұл бастама университет жастарының табиғатқа жанашырлықпен қарауға деген ынтасын арттырып, олардың экологиялық мәдениетін нығайтуға сеп болды.

Приозерск қаласының үлесі

Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы Приозерск қаласында да үлкен қолдауға ие болды. Сәуір айында қала тұрғындары 67 тоннадан астам қоқысты жинап шығарды.
Сенбілік барысында үй аулалары, әлеуметтік нысандар аумағы, көл жағажайы және қаланың кіреберісі тазартылып, саябақтар абаттандырылды.

Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжаһан Шәрбекова: «Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес, ол – азаматтардың экологиялық санасын арттыратын игі дәстүрге айналуы тиіс. Бүгінде бұл акция бүкіл халықтық қозғалысқа айналды», – дейді.

Алдағы уақытта Приозерск қаласында жас көшеттер отырғызу және жаңа экологиялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Жәлел ШАЛҚАР
Ержан ИМАШ
Нұрдос КӘРІМ
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Басқа материалдар

Back to top button